Атырау, 28 қараша 15:48
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Қазақстанның Ұлттық қорының қаражаты 6-7 жылдан соң таусылуы мүмкін – БАҚ

4 419 просмотра

Алматы. 11 қаңтар. ҚазТАГ – Қазақстанның Ұлттық қорының қаражаты 6-7 жылдан соң таусылуы мүмкін деп хабарлады The Wall Street Journal.

«Мұнай бағасының арзандауы, кірістің азаюы және үкімет қор қаражатын жаратуы себепті Қазақстан Ұлттық қорындағы $64 млрд қаражат енді 6-7 жылдан соң таусылуы мүмкін, деп мәлім етті ҚР Ұлттық банк қызметкері The Wall Street Journal тілшісіне», - делінген мақалада.

Бұл ретте Ұлттық қор активтері 2014 жылдан бері 17%-ға қысқарғаны айтылады.

«2012 жылы құрылған Ұлттық банк бөлімшесі, Ұлттық инвестициялық корпорация төрағасы Берік Өтемұраттың айтуынша, Ұлттық қор активтері 2014 жылғы тамыздағы өзінің ең жоғарғы мәні $77 млрд-пен салыстырғанда қазір 17%-ға қысқарды. Үкімет жыл сайын $9,5 млрд жаратып келеді. Қазақстан саясаткерлері мен Ұлттық банк шығындарын қысқартып, салық жинауды арттырып, қор қаражатын кірістілігі жоғары, тікелей инвестициялар секілді активтерге салуы керек», - деп жазады басылым.

Бұл ретте Б. Өтемұрат үкімет назарын инвестициялық менеджментке аударуы керек екенін қадап айтты.

«Біз ұлттық қорды жеп жатырмыз. Біз жинақтаған ақшалар біз қазір капиталдай алатын жалғыз ақшалар. Мен, үкімет ұлттық қордың инвестициялық менеджментіне ерекше назар аударуы керек деп ойлаймын», - деді ол.

Хабарда айтылғандай, ХВҚ бірқатар мемлекеттерге мемлекеттік активтерді басқару жоспарын ойластыруды ұсынды.

«Қазақстан мен Сауд Арабиясы секілді мұнайға бай мемлекеттердегі триллиондаған доллар мемлекеттік жинақтар қауіп астында, себебі мұнайдан жоғары табыс тауып үйренген үкіметтер нақты ақша үшін күресуде. Халықаралық валюталық қор Азия, Африка, Латын Америкасы мен Таяу Шығыс елдеріне мемлекеттік бюджеттерін тұрақтандыру үшін мемлекеттік активтерді басқарудың және капитал тартудың жоспарын жақсылап ойластыруды ұсынады», - делінген жарияланымда.

Өз кезегінде ХВҚ қызметкері Майкл Папайоану осы жағдайда өте тез қимылдау керек екендігін атап өтті.

«Олар тез әрекет етулері керек. Егер қазіргі жағдай сақталса, мемлекеттік қор активтері тез сарқылады», - деді ол.

Бұл ретте мақалада Ұлттық қор кірісі соңғы 5 жылда 1,96% болғаны айтылады.

«Ұлттық инвестициялық корпорация мәліметтерінше, ұлттық қордың орташа жылдық кірісі соңғы 5 жылда 1,96% болып, Норвегия, Сингапур, Оңтүстік Корея сынды мемлекеттердің мемлекеттік қорларының кірісінің бар болғаны 1/5 бөлігін құрады. Қор өз қаражатының 86%-ын бондтарға инвестициялады, ал басқа елдердің мемлекеттік қорлары орташа алғанда 16%-ын инвестициялады», - делінген жарияланымда.

Б. Өтемұраттың айтуынша, мемлекеттік шығындарды жабу үшін жылына $5-6 млрд кіріс табу керек.

«Егер біз $100 млрд-тан жыл сайын $5 млрд немесе $6 млрд пайда табатын болсақ, ол үкіметтің жыл сайынғы шығындарының орнын толтырған болар еді. Біз кірісіміз туралы ақпаратты ашуымыз керек, біз қалай инвестициялап отырғанымыз туралы, оны кім басқарып отырғаны, біздің шығындарымыз қанша екендігі туралы мәліметтерді ашуымыз керек», - деді Б. Өтемұрат.

Оның айтуынша, Қазақстанның мұнай кеніштерінен түсетін кірісті бөлісу туралы мәліметтер жабық, ал қордың жеке сайты да жоқ. Ал ол кірістер Ұлттық қордың негізгі кіріс көзі.

Дереккөз: ҚазТАГ

11 қаңтар 2016, 12:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.