Астана. 6 қаңтар. ҚазТАГ – Қазақстан сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады.
«Қазақстан Таяу Шығыстағы болып жатқан үдерістерді жіті назарда ұстап және алаңдаушылықпен бақылауда.
Әлемдік қауымдастықтың жауапты мүшесі ретінде Қазақстан өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қатер төнген кезде және терроризмге қарсы жаһандық күресті ұлғайту қажеттігі жағдайында Сауд Арабиясы Корольдігі мен Иран Ислам Республикасының арасындағы қарым-қатынастардың шиеленісе түсуіне алаңдаушылық білдіреді», - делінген ведомствоның сәрсенбі күні таратқан хабарында.
Хабарда атап көрсетілгендей, «біз осы өңірдегі бізге достық қатынастағы бауырлас мемлекеттер – Сауд Арабиясы және Иранның басшылығын, сондай-ақ басқа да мемлекеттерді конфессияаралық шиеленістің әрі қарай өршіп кетпеуі үшін, келісімді қамтамасыз ету мен дипломатиялық қатынастарды қайта қалпына келтіру үшін саяси диалогты орнатуға және елдер арасында келіссөздер жүргізуге шақырамыз. Біз барлық тартылған тараптарды қауіпті деңгейден өтпеуге шақырамыз», - делінген.
Шетелдік дипломатиялық өкілдіктерге шабуыл жасауға жол берілмеуі тиіс, ал аккредиттеу елдері Вена конвенциясына сәйкес олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті.
Осыған орай, Қазақстан қалыптасқан ахуалды шешудің бір ғана дұрыс жолы ретінде саяси шешім мен диалогты жақтайды.
Еске салсақ, Сауд Арабиясы 3 қаңтарда Иранмен дипломатиялық қарым-қатынасты үзді. Олар ирандық елшілерді 48 сағатта елден кетуін талап етті. Мұндай шешімді корольдық Теһран тұрғындары көшедегі наразылық акциясы барысында Сауд Арабиясының елшілігін өртеп жіберген соң қабылдады. Наразылық танытушылар Теһрандағы елшілік ғимараты мен Мешхедтегі консулдыққа басып кірді.
Адамдардың наразылық акцияға шығуына Сауд Арабиясында терроризм үшін күдіктелген 47 адамды дарға асу себеп болды. Олардың арасында шейіттік уағыздаушы шейх Нимр аль-Нимр де бар болатын. 2014 жылы қазан айында ол өлім жазасына кесілген. Сот оны қауіпсіздік күштеріне қарулы қарсылық танытты және ел ісіне шетелдіктердің араласуын қолдады деп айыптады.
БҰҰ жанындағы Сауд Арабиясының тұрақты өкілі Абдалла Аль-Муаллими Иранмен қарым-қатынас тек Теһран «басқа елдердің, оның ішінде Сауд Арабиясының ішкі істеріне араласуын» доғарса ғана қалпына келеді деп мәлім етті.
Сондай-ақ Иранмен дипломатиялық қарым-қатынастың үзілетінін Бахрейн мен Судан да мәлім етті. Ал Біріккен Араб Әмірлігі ИИР-мен дипломатиялық қарым-қатынастың «іс бойынша сенім жүктелген» деңгейіне дейін төмендейтінін мәлім етті. Кешегі сейсенбіде Ирандағы өз елшісін Кувейт те кері шақырып алды.
Сауд Арабиясы өздерінің дипломатиялық миссиясына жасалған шабуылдан соң Иранмен арадағы дипломатиялық қарым-қатынасты үзетіндігін және екі ел арасындағы сауда-саттық пен әуе қатынасының тоқтайтындығын мәлім етті.
БҰҰ қауіпсіздік кеңесі де елшілікке шабуыл жасалуына наразылық танытып, Теһранды ел аумағындағы елшіліктерді қорғауды дұрыс ұйымдастыруға шақырды.
Сауд Арабиясы – Таяу Шығыстағы ең басты сунниттік держава, ал Иран болса шейіттік режимде. Эр-Рияд пен Теһран Сирия мен Иемендегі шиеленісте қарама-қарсы топтарды қолдап отыр.
Дереккөз: ҚазТАГ