Соңғы кездері қала көшелерінде жалға берілетін, сатылатын коммерциялық ғимараттар мен сауда алаңдарының жарнамасын жиі кездестіреміз. Ал, олардың бағалары құдды дағдарыс жоқ секілді аспандап тұр.
Осы жылдың 13 шілдесінде Атырау облыстық кәсіпкерлер Палатасына қаладағы сауда-ойын-сауық орталықтарының біріндегі бутиктерді жалға алып отырған 30-ға жуық кәсіпкердің атынан ұжымдық арыз жолданған болатын. Олар онда 2012 жылдың басынан бастап ай сайын төлейтін жалдау ақысы мен коммуналдық төлемдерден бөлек ай сайын төлейтін қосымша төлемдердің енгізілгенін айтады. Бұл - эксплуатациялық төлем, жарнамалық аударым, ортақ пайдаланатын орындарды жарықтандыру ақысы. Жалға алушылар осы төлемдерді негізсіз деп санайтындықтан оларды алып тастауды сұрап, жалдау ақысын қайта-қайта өсірмей, жылына бір рет және 10 пайыздан асырмауды сұраған болатын. Олардың айтуынша, қазір сауда-ойын-сауық орталығына келушілер саны азайып, сатып алушылар белсенділігі төмендеген және мұндай жағдайда саудадан ешқандай пайда жоқ.
Осы арыз бойынша Атырау облыстық кәсіпкерлер Палатасы сауда-ойын-сауық орталығының әкімшілігімен және жалға алушы кәсіпкерлермен үш жақты кездесу өткізіп, нәтижесінде кешен әкімшілігі арызданушылардың талабымен ішінара келісіп, мәселені қарастыруға уәде берген.
Алайда, арызға қол қойғандардың бірімен жақында сөйлескенімізде ештеңе өзгермегенін білдік:
- Бәрі бұрынғыша, сауда жоқ. Жалдау ақысының өзін қазір әрең жеткізіп төлеп отырмыз. Мұның қай уақытқа дейін созылатынын білмейміз.
Оның айтуынша, бүгінде сөз болып отырған бутиктердің 1 шаршы метрі 5000 теңгеден 12 000 теңгеге дейінгі аралықта. Бір бутик, кем дегенде, 50 шаршы метр болса, ай сайынғы жалдау ақысы 250 000 теңгеден 600 000 теңгеге дейін барады деген сөз.
Осы секілді жағдай жалғыз бұл сауда-ойын-сауық орталығында емес. Мәселен, кафе-мейрамханалардың иелері оның орналасқан жері мен шаршы алаңына қарай жалдау ақысын белгілейді. Орташа есеппен алсақ, айына 300 000 теңгеден 1 000 000 теңгеге дейін. Оған нысанның коммуналдық төлемін қосыңыз. Келушілер аз болғандықтан кафелерді жалға алушы кәсіпкерлер де қазір қиын жағдайды бастан кешіп отыр.
- Рас, бізде Атырауда мұндай проблема бар. Әсіресе, Атырауда жалдау ақысының бағасы басқа өңірлермен салыстырғанда өте қымбат, - дейді Атырау облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының директоры Нина ТЕМІРБАЕВА: - Қалада билбордтар мен жарнамалар толып тұр. Жалдау ақысының қымбаттылығынан жылдар бойы бос тұрған ғимараттар мен орынжайлар бар. Көптеген жалға берушілер қазір қиын уақыт туып отырғанын түсінбейді, халық ақшасын үнемдеуге көшті, сұраныс азайды. Біз жалға берушілерден жалдау ақысының неліктен қымбат екенін сұрасақ, олар мұны бәрі де қымбаттап жатқандығымен байланыстырады.
Сондай-ақ, Н.Темірбаева бірқатар кәсіпкерлердің жалға берушілерден келесі жылы жалдау ақысы өседі деген хабарламаларды қолдарына алып жатқанын айтты. Оның пікірінше, жалға беруші кәсіпкерлер қалада барлық жағдайы жасалған, балалар ойын алаңы мен сауықтыру орталығы бар, әжетханасы таза, тамақтану орны бар сауда үйлерінің кемшіндігін пайдаланып, бағаны көтеріп отыр.
- Мұндай жағдай «Тамаша» сауда-ойын-сауық орталығында жасалған, есесіне онда «Атырау» сауда-ойын-сауық орталығындағы секілді жалдау ақысы өте қымбат. Одан кейінгі орындарда «Насиха» пассажы және тағы бірнеше сауда үйлері тұр. Ең арзан жалдау ақысы «Дина» және «Көктем» базарларында. Бұны нысандар басшылары арасында жүргізілген сауалнама нәтижелеріне сүйеніп айтып отырмыз. Бізде жеке бизнесті ешкім реттемейді, оның қажеті де жоқ. Рас, саудамен айналысатын кәсіпкерлер өз психологиясын өзгерту керек. Көпшілігі 2 000 теңгеге сатып алып келген тауарды 4 000 теңге емес, 5 000-6 000 теңге деп белгілеп сатады. Егер бағаны осылай белгілесе, бизнес ұзақ өмір сүрмейді. Мен Атырауда тез шарықтап кеткен кәсіпкерлердің аз уақыттың ішінде құлдырап кеткен мысалдарын білемін. Ал жаймен дамып, бағаны сауатты белгілегендер қазір де тұрақты жұмыс істеп жатыр.
Айнұр САПАРОВА