14 қарашада Малайзияның Лангкави аралында The World Triathlon Corporation ұйымдастырған үш сайыстан Ironman-2015 жарысы өтті. Оған қатысқан атыраулық 27 жастағы Дәулет ҚҰРМАНБАЕВ финалға шықты.
Дәулет – әлемге танымал аралас марафонды бағындырған Атыраудан шыққан бірінші, Қазақстан бойынша он бесінші Ironman.
Жарыс форматы жүзу, велосипед және жүгіру сияқты үш спорт түрінен жақсы дайындықты талап етеді. Әр кезеңге белгілі бір уақыт беріледі, егер спортшы осы уақытта үлгермесе, ойыннан шығарылады. Малайзияда атлеттер Андаман теңізінде 3,9 шақырым жүзіп, велосипедпен 180,2 шақырым жүріп, 42,2 шықырым адырлы жолмен жүгірді. Ал бұл жолдың бір жартысы, Дәулеттің айтуынша, тропикалық орманның арасынан өтіп, кейде марафон қатысушыларына жабайы маймылдар еріп отырған. Бір ерекшелігі, осының барлығын еш тоқтамастан, үзіліссіз бағындыру қажет. Осыған байланысты Ironman ең қиын біркүндік жарыс болып есептеледі.
Жарыста уақыт шектеулі: барлық кезеңдерден өту үшін қатысушыға 17 сағат уақыт беріледі. Дәулет 15 сағат 16 минутта аяқтаған, бұл уақыттың 20 минуты жарылған велосипед дөңгелегін ауыстыруға кеткен.
Дәулет осындай нәтиже көрсетуге не көмектескені туралы былай дейді:
- Мен бала кезімнен Жайықта жүзгенді жақсы көрдім. Әкем сүйікті өзеніміздің лайлы суынан күштеп шығарып алғанша, көгергенше жүздім. Ыстық қайтып, кеш түскен уақытта әкеммен бірге жағалауға барып, күннің батуын тамашалайтынмын. Жүгіріс атамнан қалған. Ол қыс кезінде де бір шолақ шалбармен жүгіре беретін (қысы-жазы жүгіргенді қалайтын Бақтығали аға туралы «АЖ» талай жазды – З.Б.). Біздің қаламыз үлкен емес, сондықтан да мен Атырауды велосипедпен аралауды ұнататынмын. Алдымен «школьниктен» бастадым, содан кейін белгілі неміс брендтерінің велосипедіне отырдым. Сонымен қатар, әкем екеуміз жыл сайын көне Сарайшық қаласына дейін өзіміздің «Тур де Махамбетімізді» жасайтын едік. Бұл жерге барып-келу 140-150 шақырым шамасында болады. Сол кезден бастап шыдамдылықты қажет ететін ұзақ жарыстарға деген құштарлығым оянды. Содан кейін мен Алматыға көштім. Әкем осы жерден велодүкен ашып, Қазақстан бойынша интернет арқылы велосипед сатты. Биыл мамыр айында «темір» қашықтықтың жартысын бағындыру үшін мен әдейі үйге келдім. Стройконтордан жаяу жүргіншілер көпіріне дейін 1,9 шақырым қашықтықты салқын суда жүзіп өттім. Содан кейін әкеммен бірге қала ішінде велосипедпен 90 шақырым жүріп, жағалаумен 21 шақырым жүгірдім.
Атырауда триатлонмен айналысуға жақсы мүмкіндіктер бар. Өзен, шосселік велосипедке ыңғайлы жақсы жолдар және жүгіру үшін жағалау бар.
Биыл мен велосипедпен Астанадан Қарағандыға дейін 225 шақырым жүрдім. Қатты жел болды. Алайда атыраулықтар үшін ыстық пен жел бейтаныс нәрсе емес.
Лангкави жарысы орташа ауа температурасы 32 градус болатын қатты ыстығы мен 95 % ылғалдылығынан әлемдік серияның ең қиын да беделді сайыстарының бірі болып саналады. Биыл марафонға 1000 адам қатысты, олардың ең үлкен 75 жаста. Ал финалға шыққандардың арасында ең кәрісі – 69 жасты болды!
Көпшілігі жарыстан қиындықтардан ғана емес, денсаулығына байланысты шығып қалып жатты, мысалы, кейбір қатысушыларды теңіз суында медуза шағып алып жатса, кейбірі велосипед және жүгіру кезеңдеріндегі жүктемелерге шыдай алмай, жедел жәрдем көлігімен кетіп жатты. Менің 25-29 жастар аралығындағы тобымнан үшеуі шығып қалды, қырық жастағылар арасынан 12-сі кетті. Менің ақтық сөреге дейін жетуіме Атыраудың ыстығы көмектесті-ау деймін, біз мұндай Цельций көрсеткіштеріне үйренгенбіз ғой. Алайда жүрегім соқты. Қатты шаршап, ауырлай бастағанда өзіме өзім жігер беріп, балалық шағымды еске түсірдім».
Дәулет өзін-өзі иландырудың таңғажайып әсерін сезініпті – оның намысқой әкесі, «шынайылығына» кешірім сұрап, баласының аяғының табан терісі сыпырылған бірнеше суретін жіберді. Ол осы аяқпен марафонның соңғы 30 шақырымын жүгіріп өткен.
- Ironman жарысының ұраны - Anything is Possible. Мен іштей өзгердім, өзімді тек спортта ғана емес, басқа да мақсаттарды бағындыратындай күшке ие болғандай сезінемін, - дейді атыраулық темір адам.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суреттерді Д.Құрманбаев ұсынды