Үкіметтің нан бағасын нарықтың реттеуіне жіберу туралы шешімінен кейін енді наубайханашыларға ел қазынасынан қаржы қарастырылмайды.
Соңғы 1,5 жылда оларға 17 млрд теңге бөлінген екен. Мәселен, Петропавлдағы бір ғана нан комбинаты ай сайын 95 тонна ұнды арзандатылған бағамен алып келді. Бұл – қаржылық тұрғыдан есептегенде 1 млн 300 мың теңгенің субсидиясы. Әрине, мемлекеттің мұндай қолдауы нан бағасын тұрақты ұстап тұруға кепілдік бергенімен, кәсіптің бұл түрінің өз бетімен дамуына кедергі келтіруде. Бескөл ауылының тұрғыны Зәуреш Жаутаева жұмысқа жастайынан араласты. Кезінде кеңшарда трактор тізгіндеп, мал шаруашылығын дамытты. Еңбектің наны тәтті екенін содан біледі. Сондықтан да әлі күнге дейін нан илеп, майдың иісін шығарады.
Зәуреш Жаутаева, Бескөл ауылының тұрғыны:
- «Наннан асқан ас жоқ» дейді. «Нан болса, ән болады» деген. Нанды пісіріп алайық. Бүгінде сауда сөрелерінде нанның түр-түрі бар. Тұрғындар көбіне-көп әлеуметтік нанды тұтынады. 47-49 теңге маңайындағы ас атасын Петропавл қаласында 11 наубайхана пісіреді. Бүгінгі таңда наубайханалар мемлекет есебінен келісі 50 теңгенің ұнын алады. Сондықтан әлеуметтік нанның бағасы да барлығына бірдей бекітілді. Бұл өндірушілер арасындағы бәсекелестікті жоғалтты. Пайдадан шығын көбейді.
Ілияс Мұрадов, нан-тоқаш комбинаты директорының орынбасары:
- Нанның шығындары: көлік, ашытқы, тұз, май. Жұмысшылардың айлығы 2009 жылдан бастап қандай болған, бүгінгі күнге дейін осындай. Ендігі жылдан бастап Үкімет оларды қаржыландырмайды. Есесіне аз қамтылған адамдардың жәрдемақысы артады. Ал нан бағасын нарық реттейді. Тұтынушы қашан да қолжетімді әрі сапалы өнімді таңдайтыны анық. Оған кәсіпкерлер де тәуелді. Бұл – сауда заңы.
Дереккөз: 24.kz