АСТАНА. ҚазАқпарат - Жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартқаны үшін мемлекеттік бюджетке алымдар жиналады. Бұл туралы Парламент Сенатының жалпы отырысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті.
Министрдің айтуынша, заң жобасы ішкі еңбек нарығын қорғау, халықаралық міндеттемелерге сәйкес білікті шетелдік мамандардың еркін нарығын құру, этникалық қазақтардың тарихи отанына оралуын ынталандыру мақсатында көші-қон үдерісін ұтымды реттеуге бағытталады.
«Бұл ретте шетелдік жұмыс күшін тартуға қатысты ондай квота халықтың экономикалық белсенді санынан емес, экономика салалары бойынша қалыптасатын болады. Жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тарту үшін рұқсаттама беру идеологиясы түбегейлі қайта қаралды. Енді рұқсаттама берілгені үшін мемлекеттік бюджетке алымдар жиналады. Аталған алымның мөлшері жұмысшылар саны мен тартылатын салаға байланысты сараланады. Мәселен, тартылатын жұмысшылардың біліктілігі төмен болса, оның төленетін ақысы жоғары болады», деді министр Тамара Дүйсенова.
Оның айтуына қарағанда, Қазақстанға өз бетінше жұмысқа орналасуға келген шетелдік мамандар үш ай мерзім ішінде экономиканың басым салаларында қажет мамандар тізбесі бойынша біліктілігі сәйкестігіне анықтама негізінде өз мамандығымен жұмысқа орналасуына мүмкіндік алады. Бұл санаттағы жоғары білікті шетелдік мамандар аталған анықтаманы алу үшін оның білімін, іс тәжірибесін, жұмыс өтілін және өзге де біліктілігін бағалайтын балдық жүйеден өтеді.
«Ішкі корпоративтік ауыстыру үдерістерін шетелдік жұмыс күшін тартудағы жалпыға бірдей әлемдік стандарттарға, Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптарына және осыған байланысты Қазақстанның өзіне алған міндеттемелерге сәйкес жетілдіру көзделеді», деді министр Т. Дүйсенова.
Оның айтуынша, бұл өзгерістер 2017 жылдың 1 қаңтарынан іске қосылады.
Дереккөз: inform.kz