- Мен бұрын шетелдік компанияда жұмыс істедім. Екі жыл бұрын жұмысқа кетіп бара жатқанда оқыста аяғым тайып кетіп құлап, арқамды ауыртып алдым. Жұмыста жүріп омыртқамның ауырғанын сезініп, жүре алмай қалдым. Осылайша, үш ай емделіп жаттым. Ресейден де қаралдым. Осы басымдағы жағдайымды компания басшылығына жеткіздім. «Фастфуд» жағына ауыстыруын сұрасам, басшы «Істесең істе, әйтпесе шық» деді. Ал «Доктор плюс» клиникасының дәрігерлері сол кезде маған жеңіл жұмысқа ауыстыру туралы қағаз жазып берген болатын. Мен әлі күнге дейін ем алу үстіндемін. Осы жағдайда қандай әрекет еткенім орынды?
Гүлнәр
Біз бұл сауалды заңгер Анар БАЛАПАНҒА жолдадық.
- Өндірістік жарақат – қызметкер еңбек міндеттерін орындау кезінде алған, оның еңбекке қабілеттілігін жоюға әкеп соққан денсаулығының зақымдануы. Сауал иесі жұмысқа апаратын автобусты күтіп алуға шыққан жолда жарақаттанғанын айтады. Бұл жағдайда жазатайым оқиға оның қызметтік міндеттерін орындаумен байланысты емес болғандықтан, өндірістік жарақат ретінде рәсімделмеуі мүмкін.
Бұл сауалға нақтырақ жауап беру үшін осы жазатайым оқиғаның жұмыс орнына дереу хабарланғанын, жұмыс берушінің актісімен құрылған комиссия тексеру жұмыстарын жүргізіп, тиісті қорытынды жасағанын, жазатайым оқиғаның есепке алынғаны және ол туралы акт толтырылғанын немесе жағдайдың басқаша болғанын білу маңызды.
Заңмен қорғалатын құқықтары бұзылған жағдайда азамат Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу Кодексінің 8-бабына сәйкес, заңды мүдделерін қорғау үшін белгіленген тәртіппен сотқа жүгіне алады. Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің талаптарына сәйкес, талап қоюдың жалпы мерзімі 3 жыл болып белгіленеді.
Осы Кодекстің 187-бабына сәйкес, азаматтардың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянның орнын толтыру туралы талаптарға талап қою мерзімі қолданылмайды.