ТШО-ға жұмыс жасайтын теміржолшылар қысқарады
«Теңізшевройл» мұнай бағасының төмендеуі тұрғысында шығындарды оңтайландыруда. Атап айтқанда, қысқартулар теміржол көлік қызметтерін көрсетуге маманданған ТШО-ның мердігер компаниясына - «Болат Жол» ЖШС-не қатысты болып отыр.
Биылғы жылдың наурызында «АЖ» ТШО-ға KPJV компаниясының Атырау филиалындағы (Қазақстан мұнай және газ институты, «Казгипронефтетранс» және шетелдік Worley Parsons Limited пен Fluor Limited альянсының біріккен кәсіпорны) жаппай қысқартулар туралы сауал жолдаған еді. Әңгіме Теңізде жұмыс жасап жатқан 150 адамды жоспарлы түрде жұмыстан босату туралы болатын.
Естеріңізге салсақ, бұл қысқартулар Келешек кеңею жобасын (ККЖ) жүзеге асыру қарқынының баяулауымен байланысты. Мұны шетелдік және отандық ТШО менеджерлері әлденеше рет растады.
Наурызда жолдаған сауалымызға жауап алмадық. Ал таяуда ТШО-мен келісімшарт бойынша жасалған жұмыс көлемінің қысқаруына байланысты басқа қазақстандық мердігер компания - «Болат Жол» ЖШС қызметкерлерінің де қысқартуға ұшырайтындығы белгілі болды.
Қайта жолданған суалымызға берілген жауапта ТШО-ның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджері Рзабек АРТЫҒАЛИЕВ KPJV комапниясындағы қысқартулар туралы ақпаратты растады. Сондай-ақ, «2015 жылы Теңізде жұмыс жасаған мердігер компанияның бірқатар қызметкерлері келісімшарт бойынша орындалған жұмыстар аяқталғандықтан жобадан кетті» деп хабарлап, осы тұрғыда «Болат Жол» ЖШС-ін атады. Оның айтуынша, қысқартулар шетелдік және қазақстандық мердігер мекемелердің қызметкерлеріне қатысты болған. Қысқартылғандардың көпшілігі шетелдіктер екен.
Егер ККЖ-на байланысты қызметкерлер үшін қысқартулар уақытша сипатта болса, «Болат Жол» ЖШС қызметкерлері үшін соңғы шешім.
«Болат Жол» ЖШС-нің кадрлар бөлімінің бастығы Тамара ЗАРЩИКОВАНЫҢ айтуынша, 46 қызметкерге қатысты қысқартудың бірінші кезеңі биылғы жылдың 1 тамызына тура келеді. Одан кейін екінші және үшінші кезеңдер жүреді.
- Барлығы қанша қызметкер қысқартылады?
- Мұның бәрі ТШО-ға байланысты. Біз сол жерден теміржол көлігімен өнімдерді экспорттаудың төмендеуіне және теміржол жүк тиеу терминалдарын жөндеуге байланысты локомотивте және жұмысшы персоналдарды өндірістік қажеттілік деңгейінде 2015 жылдың 1 тамызында басталуы тиіс жоспарлы қысқарту қарастырылғандығы жөнінде хабарлама алдық. Тиісінше, біз хабарламаны алдын ала, қысқартуға бір ай қалғанда тараттық.
Редакцияға хабарласқан «Болат Жол» ЖШС қызметкерлері айтқандай, жүк тиеу көлемінің төмендегенін олар өз көздерімен бақылап отыр:
- Күкірттің бәрін дерлік тасып шығарды, мұнайды толығымен тұрбаға айдайды (КТК құбырын меңзеп отыр – Л.С.), мұнай құятын эстакада мен цистерналар бос тұр. Кешікпей КТК кеңейеді деп күтілуде. Сондықтан тасиатын ештеңе қалмағандықтан адамдарды қысқартуда.
Естеріңізге салсақ, 2015 жылдың бірінші тоқсанының қорытындыларына тоқтала отырып, «Шеврон» корпорациясының атқарушы директоры Джон УОТСОН пайданың азаюын мұнай бағасының күрт төмендеуімен байланыстырып, ағымдағы баға жағдаятына бірқатар қадамдармен қатар шығындарды азайту жауап болады деп мәлімдеген еді.
Каспий тұрбақұбыры консорциумын кеңейту 2016 жылдың 31 желтоқсанына белгіленді. Жұмыс жасап тұрған 5 мұнай айдау станциясын жаңартып, қосалқы 10 мұнай айдау станциясын салу (2-уін ҚР-да, 8-ін – РФ-да), Новороссийск қаласының іргесінде мұнай сақтауға арналған 6 жаңа резервуарлар (әрқайсысы 100 мың текше метр көлемде) және КТК теңіз терминалынан үшінші жайма айлақ құрылғысын салу жобаланып отыр. Бұдан басқа, Қазақстан аумағында 88-шақырым учаскені үлкен диаметр тұрбаға ауыстыру жоспарланып отыр. Жобаға салынатын инвестицияның жалпы сомасы 5,4 млрд долларды құрайды.
КТК құбыры Қазақстанның батысындағы мұнай кенішін Новороссийскдегі теңіз терминалымен жалғайды. Оның ұзындығы 1511 шақырымды құрайды. КТК терминалында мұнайды экспортқа тиеу 2014 жылы 40 млн тоннаны құрады, бұл 2013 жылдың көрсеткіштерінен 22 пайызға жоғары.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА