"Мұнайшы" ДСК алдындағы алаңда жәрмеңке өз жұмысын бастады. Кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қадырғали ТҰРҒАНОВ растағандай, ол 16 маусымда ашылыпты.
- Жәрмеңке бар болғаны екі апта жұмыс істемеді, бұл ауа райы жағдайына байланысты болды. Ұзаққа созылған нөсер салдарынан ТЖ жарияланып, бүкіл күш жауын салдарын жоюға жұмылдырылды. Жәрмеңке өткізетін жердегі жағдай талаптарға сй келмеді. Таяуда бұл мәселе облыстық әкімдік кеңесінде талқыланды. Кеңес барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ жәрмеңкеде тек жергілікті өндірушілердің тауарлары ғана сатылсын деген тапсырма берді.
- Жәрмеңкелер өткізу басталған уақыттан бері оған көршілес Астраханның саудагерлері қатысып жүр. Олар жіберілмей ме?
- Оларға біздің қалада сауда жасауға ешкім тыйым салмайды, супермаркеттерде, базарларда келісімшарттар жасай берсін. Алайда ауылшаруашылық жәрмеңкелерін өткізудің мақсаты - жергілікті өндірушілер өнімдерін сата алуында жатыр.
- Жәрмеңкеге қандай өндірушілер және қандай өніммен шығады?
- «Жеңіс» ЖШС, «Карат» ЖШС, «Первомайский» ЖШС, «Алмалы құс» ЖШС, «Заман-нан», «Аннушка» наубайханалары, шаруа қожалықтары… Олар сүт, ет өнімдерін, шұжық, кондитерлік, нан-бөлке өнімдерін, жұмыртқа, көкөністер өндіреді. Әкім орынбасарының тапсырмасы бойынша шатырлар тоңазытқыш жабдықтарымен қамтылуы тиіс.
Жалпы бұл талап 20 сәуірден бастап қолданысқа енген: жақында ғана Атырау облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті кәсіпкерлер үшін семинар өткізіп, онда осы талап ұсынылып, талқыға салынған болатын.
- Облыстық бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысы жаппай тамақтан уланудың алдын алу және туындауына жол бермеу мақсатында шығарылды, - дейді тағам нысандарын санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы Әлия БЕКЕШОВА. - Жыл басынан бері республикада тамақтан жаппай уланудың 5 жағдайы тіркелді. Олардың барлығы қоғамдық тамақтану нысандарымен байланысты. Улану себептері - дайындау технологиясы сақталмай, сай келмейтін жағдайда, сондай-ақ, медициналық тексеруден өтпеген тұлғалар әзірленген сапасыз тағамдар болып табылады.
Осы қаулыға сәйкес, сауда, қоғамдық тамақтану, тамақ өнеркәсібі нысандарында және базарларда 20 сәуірден бастап тез бұзылатын азық-түліктерді, соның ішінде дайын тамақтар мен салаттарды тоңазыту жабдықтарынсыз сатуға және сақтауға рұқсат берілмейді. Сонымен қатар, үйден әзірленген қалбырлы өнімді сатуға тыйым салынған. Бұл талаптар, әрине, тек базарларға ғана қатысты емес.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА