Атырау, 28 қараша 15:58
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Заңдастыру: ақша бойынша әзірге ештеңе жоқ

3 031 просмотра

Image 0Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті мүлік пен капиталды заңдастыру барысы жөнінде брифинг өткізді.

Атырау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы бастығының орынбасары Айгүл РЗАҒҰЛОВА мен Ұлттық банк облыстық филиалының директоры Қозыбақ ҚҰЛБАРАҚОВ баяндама жасады.

ЖӘНЕ РЕСЕЙДЕГІ ПӘТЕР

Бұл Қазақстанда өткізіліп жатқан заңдастырудың үшінші толқыны. Біріншісі 2001 жылы, екіншісі 2006-2008 жылдары болды. Қазіргісі 2014 жылдың 1 қыркүйегінде басталды және 2015 жылдың аяғына дейін жоспарланып отыр. Алайда, алдын ала айтар болсақ, бұл мерзім 2016 жылдың аяғына дейін ұзартылуы мүмкін.

Жергілікті жерлерде заңдастыру рәсімі үшін әкімдіктер мен мемлекеттік кірістер басқармалары жанынан құрылған арнайы комиссиялар жұмыс істейді.

Акцияға ел аумағындағы және одан тысқары жерлерде орналасқан жылжымайтын мүлік пен капитал ілігеді. Заңдастырудың бұл легі тек жеке тұлғаларға – ҚР азаматтарына, оралмандар мен елімізде мекендеу құжаты бар тұлғаларға қатысты. Жер телімдері мен автомобильдер заңдастыруға жатпайды. Заңдастырғаны үшін алым екі жағдайда алынады: ақшалай қаржыны заңдастырған кезде – экономикаға инвестициялаусыз екінші деңгейлі банктердегі арнайы есепшоттан мерзімінен бұрын (5 жылға дейін) алған жағдайда, сондай-ақ, ҚР аумағынан тысқары жердегі мүлікті заңдастыру кезінде (мемлекеттік бюджетке ақшалай соманың 10 пайызы және мүлік құнының 10 пайызы аударылады).

Заңдастыру рәсімі кезінде алынған ақпараттың құпиялылығына ҚР заңы кепіл болады.

А.Рзағұлованың айтуынша, заңдастыру рәсімі аяқталғаннан кейін кірістерді жаппай декларациялау жұмыстары жүргізіледі.

- Егер жеке тұлға өзінің «көлеңкелі» жинақтарын заңдастыру мерзімі аяқталғанға дейін заңдастырып үлгерсе, онда декларациялау кезінде оған осы жинақтардың түсу көзі мен механизмі туралы сұрақтар қойылмайды, - деді ол.

2015 жылдың 15 маусымында облыс бойынша мүлікті заңдастыруға 648 өтініш түскен (оның 329-ы тұрғын нысандар бойынша). Оның ішінде 5454,6 млрд теңгеге заңдастырылды, 42 өтініш ұсынылған құжаттар толық болмағандықтан кері қайтарылды. ҚР аумағынан тысқары жердегі мүліктерге келер болсақ, бар болғаны бір нысан – РФ-ғы құны 5,1 млн теңге болатын пәтер заңдастырылды.

БІЗ АЗБЫЗ!

Қ.Құлбарақовтың айтуынша, Атырау облысында акция болған уақыт ішінде ақшалай қаржыны заңдастыруға бірде-бір өтініш түспеген. Мұның себебі қандай?

- Ақшаны заңдастыру кезінде өтініш беруші кез келген екінші деңгейлі банктен арнайы есепшот ашуы тиіс. Келісімшарт шарттары бойынша депозит есепшотына келіп түскен заңдастырылған қаржылар 5 жыл бойына жатуы тиіс. Қаржыны мерзімінен бұрын түсіріп алған жағдайда салымшы 10 пайыз алым төлеуге тиіс болады. Заңдастырудың осы түрі бойынша негізінен Алматыда, Астанада белсенділік байқалады, әдетте есепшоттар сол жақтарда ашылады. Өңірлерге келер болсақ, Ақтөбеде бар болғаны 2 өтініш түссе, Маңғыстауда, мәселен, бірде-біреуі жоқ.

Айгүл Рзағұлова:

- Бәлкім, өзгерістер болған кезде, өтініштер түсе бастайтын шығар. Мәселе мынада, тұрғындар тарапынан белсенділікті арттыру үшін жеңілдетілген заңдастыру рәсімі жүріп жатыр. Қолданыстағы заңнамаға түзетулер жасалды, осыған байланысты заңдастыру мерзімін 2016 жылға дейін ұзарту жорамалданып отыр.

- Не өзгереді?

- Егер парламенттегілер түзетулерді қабылдаса, бәлкім, ақшалай қаржыларды заңдастыру кезінде ҚР аумағындағы екінші деңгейлі банктердің банктік есепшоттарына аударылатын алым мөлшерлемесі алынып тасталуы мүмкін. Яғни, сол жағдайда клиент заңдастырылған ақшаларды 10 пайыздық алымсыз есепшотқа салып, сол сәт кері ала беруіне болады.

Шетелдегі жылжымайтын мүлік қожайындары бойынша – түзетулер қабылданған жағдайда қаржы министрлігіне пәтерлерінің немесе үйлерінің бар екендігі туралы хабардар етсе жеткілікті. Қазір, өздеріңіз білесіздер, жергілікті департамент арқылы өтініш беріледі және мүлік құнының 10 пайызы мөлшерінде алым алынады.

Заңдастыруға қатысу белсенділігі жөнінде Атырау облысы – еліміз бойынша 9-орында тұр. Бірақ мемлекеттік кірістер департаментіндегілер атап өткендей, заңдастыру жеке тұлғалар үшін жүргізілуде. Сондықтан басқа өңірлермен салыстырғанда, Атырау облысы – еліміздегі халық ең аз орналасқан өңір екендігін ескеру керек.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Суретті түсірген автор

19 маусым 2015, 15:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.