Атырау, 28 қараша 15:49
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

​«Бүкіл үй жөндеуге қатысса, жақсы болмайды»

3 386 просмотра

Image 0«Бюджеттік жоспарлау және экономикалық мониторинг орталығы» қоғамдық қоры ТКШ саласындағы әлеуметтік аудит нәтижелерімен таныстырды. Бір қызығы, Атырау қаласындағы ПИК қауымдастығының басшысы әлеуметтік аудиттің мақсаттылығына, яғни, үйді күрделі жөндеу кезінде тұрғындарды белсенді тартуға үлкен күмән келтірді.

БАҒДАРЛАМАДАН СОҢ БАҒДАРЛАМА

Жоба Атырау қаласының дамуын талдау және мониторинг жасауды жобалайды. Атап айтқанда, терможаңғыртуды мысалға алады. Оның мәнісі, тұрғындардың үйге жүргізілген жөндеу сапасының мониторингісіне белсенді қатысуында жатыр. Біріншіден, бұл механизм, жоба әзірлеушілердің пікірінше, шағымдар мен ұсыныстарды жүйелеуге көмектеседі. Екіншіден, процестің ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етеді, тұрғындардың азаматтық жауапкершілігін арттырады.

Пилотты жоба Атырауда биылғы жылдың қаңтарында іске қосылды. ПИК төрағаларына аудит механизмін оқыту үшін танымал сарапшы Шолпан АЙТЕНОВА келді. Бүкіл ПИК, әрине, өз үйлеріне күрделі жөндеу жүргізуді қолдайды, өйткені, тұрғын үй қорының басым бөлігі өткен ғасырдың 60-80-ші жылдары салынған және жаңартуды қажет етеді. Атыраудың тұрғын үй қорында бүгінде көппәтерлі 922 үй бар. Бір үйді жөндеуге 30-38 млн теңге қажет. Ал, тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыруға 27 млрд теңгеден астам ақша керек.

Терможаңғыртудың бірінші бағдарламасы қабылданғаннан кейін бір жылға жетпей күшін жойды. Екіншісі 2014 жылға дейін қолданыста болды. Ал, содан кейін «2020 жылға дейін өңірлерді дамытудың кешенді бағдарламасы» қабылданған соң оның күші жойылды. «...кешенді бағдарламасының» ерекшелігі – тұрғын үйді жөндеу бойынша жұмыстардың тек екі түрі ғана қарастырылады: минималды және максималды. Минималды пакетке шатырды жылыту, подъезді, жертөлені жөндеу, ал максималды пакетке бұған қоса қасбет пен жеделсатыны жөндеу кіреді. Соңғы жылдары жасалған жұмыс тәжірибелері көрсетіп отырғандай, тұрғындарды екі нұсқалардың бірін ғана таңдауға мәжбүрлеген қатаң шектеу олардың көңілдерінен шықпайды. Олардың үйде нені жөндеу керектігін өздері таңдағылары келеді.

«АУДАНДАРҒА БАРУ КЕРЕК»

Облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Ақылбек БАЙШАХАНОВ (суретте) 2011-2014 жылдардағы терможаңғырту бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы әңгімеледі. Бастапқыда үйге күрделі жөндеу жүргізу үшін тұрғындардың 70 пайызының келісімі қажет болды, алдын ала келісімшарт жасалған жоқ. Нәтижесінде көпшілігі жөндеу үшін ақша төлеуден бас тартты, атап айтқанда, осы қайтарымды қаржыларға келер жылы бағдарламаны жалғастыру жоспарланды.

2011-2012 жылдары 45 үй, 2013 жылы – Алмагүлде 9 жеделсаты мен 3 үй, 2014 жылы 20 үй жөнделді, оның 2-уі тұрғындардың қайтарылатын қаржысына жасалды.

- Экономикалық дағдарысқа байланысты көптеген бағдарламалар қысқартылуда, терможаңғыртуға да аз қаржы бөлінуде. Сондықтан бізге қаржы қайтарымын жақсарту керек, - дейді А.Байшаханов. Оның пікірінше, тағы бір міндет - облыс аудандарында осы бағдарламаны ілгері жылжыту болып табылады. Ол жерде де тұрғын үй қоры күрделі жөндеуді қажет етеді, бірақ қалаға қарағанда ол жердегі тұрғындардың келісімін алу одан да қиын.

Көктемде «ZERTTEU RESEARCH INSTITUTE» қоғамдық қоры терможаңғыртуға қатысатын 5 үйдің 305 тұрғынына сауалнама жүргізді. Үйлер процестің түрлі кезеңдерінде болған – бірінде жұмыстарды енді ғана бастау жоспарланса, бірінде жұмыстар аяқталған. Тұрғындардың 90 пайызы егжей-тегжейлі болмаса да, бағдарлама туралы білген. 70 пайызы үйді күрделі жөндеуге келіскен. Бірақ жөндеуге жұмсалған қаржыны қайтару шарттары туралы сауал жүргізілгендердің 76 пайызы ғана білген.

- Тұрғындардың 61%-ы жұмыстың жүргізілуіне бақылау жасауы тиіс бастамашыл топты сайлауға қатыспады. Мердігер компания туралы тұрғындардың тек шамамен жартысы ғана біледі. Басым көпшілігі жұмыс кестесі туралы білмейді, - дейді «ZERTTEU RESEARCH INSTITUTE» өкілі Жәнібек ХАСАН. Жөндеу жұмыстарының сапасына тек 10 пайызы ғана риза болған, 36 пайызы риза емес, қалғандары жауап беруге қиналған. Сауал жүргізілгендер жөндеушілердің көбінесе тұрғындардың ескертулеріне құлақ аспайтындығына, соңдарынан құрылыс қоқыстарын қалдыратындығына шағымданыпты.

ШЕНЕУНІКТЕР МЕН ПРОКУРОРЛАР ТӨЛЕМЕЙДІ

- Бәлкім, мен ескі көзқараста шығармын, бірақ үйге жөндеу жүргізуге тарифке қатысты салмақты шешім қабылдаған кезде халыққа еркіндік беруге қарсымын. Монополистер жыл сайын өз тарифтерін көтереді, дүкендер күн сайын көтереді. Ал, біз 10 жыл бойы бір тарифпен отырмыз, өйткені, ол тұрғындар жиналысымен бекітілуі тиіс. Мұндай жағдайда біз бұл мәселеде ешқашан алға баса алмаймыз және үйді жақсы ұстап тұра алмаймыз, - деп өз көзқарасын білдірді Атыраудағы ПИК қауымдастығының төрағасы Гүлнәр САЛИХОВА.Терможаңғыртуға қатысты да дәл солай. Осы әлеуметтік аудитпен мұқият болу керек. Ертең мердігерді, кестені білмейміз деп әркім өз талабын қояды, біреуге подъездегі бояудың түсі ұнамайды, екіншісі бірінші қабаттан бесінші қабатқа дейін плита салуды талап ететін болады. Айналып келгенде, бүкіл үй жөндеу жұмысына қатысып, ол екі жылға созылып кетеді.

Оның айтуынша, ПИК-тің бүгінгі күні тұрғындардан пәтердің төлемақысын жинау үшін әсер ету тетігі жоқ екен. Атырауда 65 ПИК бар, оның 44-і қауымдастыққа кіреді. Осы 44 ПИК-тегі тұрғындардың жалпы қарызы 211 млн теңгені құрайды. Төрағалардың есептеулері бойынша, бұл қаржыға бес қабатты 8 үй салуға болады. Зейнеткерлер дер кезінде уақытылы төлеп тұрады. Төлемейтіндер қатары әртүрлі – олардың арасында, тіпті, әкімдіктің, прокуратураның қызметкерлері де, кәсіпкерлер де бар. Ертеңгі күні терможаңғырту тағы да бүгінгідей үйді ұстап тұрған зейнеткерлерге жүктеледі. Атырау қаласының ПИК қауымдастығы бүгінгі күні жасақталып жатқан тұрғын үй қатынастары туралы заңнамадағы өзгерістер жобасына өз ұсынысын енгізді. Біріншіден, терможаңғырту бойынша – келісімшартқа қол қоймаған тұлғалар АЖЭО қызметін есептеу аспабы бойынша емес, тұтыну нормасы бойынша төлейді. Екіншіден, борышкерлерді жалпы мүлікті пайдалану құқығынан шектеу, өрескел тілмен айтқанда, олардың жарықтарын қиып тастау керек. Қазіргі уақытта энергішілер осы өте ықпалды тетікті қолданып жүр. Нәтижесінде, біз электр мен жылу төлемі бойынша қарызы жоқ бірден-бір өңірміз.

КАССАНЫҢ ҚАСЫНДА

Нәтижесінде жиналғандар тұрғындарды ақпараттандыруды арттыру қажет деген тұжырымға келді. Әкімдіктер терможаңғырту бағдарламасының нәтижесін қала тұрғындарына түсінікті етіп жеткізуі тиіс. Бастамашыл топтардың мердігерді таңдауға қатысу мүмкіндіктері болуы тиіс. Жұмыс кестелерін мердігерлер үй тұрғындарымен келісіп алулары керек. ПИК қызметі анағұрлым ашық болуы тиіс. Тұрғындардың кооператив түсімдерімен және шығындарымен танысу мүмкіндігі болуы тиіс. Рас, ПИК-тің тоқсан сайын әр тұрғын алдында өз қызметі туралы есеп беру міндеті 2015 жылдан бастап заңмен бекітілген. Бұл норма ПИК қызметкерлеріне ұнамайды.

- Бұрын біз жылына бір рет есеп беруге тиіс едік, қазір жылына төрт рет әр пәтер иелерінің алдында есеп беретін болдық. Бірақ бұл ақылға қонбайды, өйткені, қосымша шығындар келтіреді. Есепті дайындап, теріп, басып шығарып, үйлерге тарату керек. Сондықтан біз есепті кассаға іліп қоюды ұйғардық, адамдар пайдалану шығындарын төлеуге келген кезде танысатын болады, - дейді Гүлнәр Салихова.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

18 маусым 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.