Сайтымызда «Әкімдіктің екі құпиясы-2: Заңдастыру операциясы» атты материал жарыққа шыққан соң келесі күні («АЖ», 30.04.2015 күнгі №18) Салтанат сарайының басқарушы компаниясы осы нысаннан бас тартты.
«БІЗ МҰНДАЙ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСҚА ЛАЙЫҚ ЕМЕСПІЗ»
Біздің мәліметіміз бойынша, 30 сәуірде Атырау облыстық қаржы басқармасына жалға беру келісімшартын бұзу ниеті және тендер қорытындысын жарамсыз деп тану туралы «Hotel Service Home» ЖШС директоры Н. ТІЛЕГЕНОВАНЫҢ қолы қойылған хат келіп түскен. Сондай-ақ, жеңімпаз ЖШС «Салтанат сарайы» кешеніне қызмет көрсету бойынша барлық ағымдағы шығындарды төлеу жөніндегі міндетті өзінен алып тастайтындығын хабарлаған. Ақпаратты қайта тексеріп шығу үшін біз қаржы басқармасына осы мәтіннің көшірмесін ұсыну өтінішімен шықтық.
Басқарма басшысы Б. ЖЫЛҚЫБАЕВ осындай хат бар екенін растады, алайда «қызметтік пайдалану» деген желеумен оның көшірмесін беруден бас тартты. Алты апта бойы сауал алмасулардан кейін редакция осы мәтінді ақыры алды. Оны азғана қысқартулармен жариялап отырмыз.
«“Ақ Жайық" газетінде жарияланған «Әкімдіктің екі құпиясы-2: Заңдастыру операциясы» мақаласында ешқандай ресми расталмаған сюжет жазылған. Мұндай мақалалар әлденеше рет жарияланып отыр. Соның нәтижесінде бұл мәселе үлкен қоғамдық резонанс тудырды. Жағымсыз пікірлер айтылған комментарийлер отбасыма, сондай-ақ, күйеуім ЖҰБАНОВ Әділ Орынбасарұлының қызметіне келеңсіз әсер етуде. Оның компаниясы “БатысАльянсСтрой" ЖШС осынау қырсық шалған нысанды салушы болатын. Бұл нысанның 2014 жылдың қыркүйегінде тапсырылғанын, осы сәттен бастап тендер өткізілгенге дейін, сондай-ақ, 06.03.2015 күнгі №4 жалға алу келісімшарты жасалғанға дейін бүкіл Салтанат сарайын ұстау шығындарын біздің отбасымыздың өзі көтергенін атап өткім келеді. Сол кезде тапсырыс беруші – құрылыс басқармасы, ал, қазір сіздің басқарма баланс ұстаушы ретінде ешқандай шығындарды көтерген жоқ. Яғни, нысанды тендер өткізгенше ұстау үшін бюджеттен бірде-бір теңге бөлінбеді. Осыған қарамастан сіз мемлекеттік мекеменің өкілі ретінде осы мақаланы теріске шығару жөнінде ешқандай шара алмадыңыз. Қайталап айтамын, онда менің отбасымның отбасылық бизнесі мен жеке басқа қатысты жала жабылған. Бұдан басқа, мен де, күйеуім де бизнесте жүрген сәттен бастап, ал, бұл 11 жылдан астам уақыт, бірде-бір рет әкімшілік, азаматтық және қылмыстық жауапкершілікке тартылған емеспіз. Сондай-ақ, алаяқтыққа, бюджет қаржыларын қымқыруға және түрлі қаржылық қулық-сұмдыққа қатысты істерге қатысымыз болған емес.
Менің компаниям мен күйеуімнің компаниясының негізгі принципі заңға бағынышты болу, адал болу, әділ болу. Бұған мемлекеттік марапаттар мен қоғамдық ұйымдардың хаттары дәлел болады. Қазақстанның, облыс пен қаланың дамуына қосқан үлесі үшін күйеуім әлденеше рет марапатқа лайық деп табылған. Бұдан басқа, біз аз қамтылған отбасыларға қолдан келгенше көмек көрсетуге, қайырымдылық акцияларын өткізуге және т.б. шараларға белсенді түрде қатысып отырамыз.
Жоғарыда баяндалғандардың негізінде біз өзімізге қатысты осындай жағымсыз қарым-қатынасқа лайық емеспіз деп есептеймін. Соның нәтижесінде жұртшылықта Жұбановтар отбасы осы нысан есебінен байып, сән-салтанатпен өмір сүріп жүр екен деген пікір қалыптасты. Өз отбасымды жаңсақ қалыптасқан қоғамдық пікірден арашалау үшін біз Салтанат сарайын жалға алу жөніндегі қызметімізді тоқтатып, шын мәнінде отбасымызға табыс әкелетін бұрынғы құрылған компанияларымызбен айналысуды ұйғардық. Осыған байланысты жалға алу туралы келісімшарттың 18-тармағының 5-бөліміне сәйкес, 2015 жылғы 1 маусымнан бастап осы келісімшартты бұзатындығымыз туралы және көрсетілген мерзімнен бастап осы нысанды ұстау және күзету жөніндегі мойнымызға алған міндеттемелерді өзімізден алып тастайтындығымызды ресми түрде хабарлаймыз».
ТАНЫС ХИКАЯ
Бір сөзбен айтқанда, «Hotel Service Home» ЖШС ренжіп қалыпты. Оған негіз жоқ емес. Осы хатқа сүйенсек, миллиондаған шығындарды көтеріп, әрі ұнамсыз комментарийлерді естуге қандай бизнесмен әзір? Бұған – ресми түрде аяқтаған жобаны ұстау шығындарын көтерудің қажеті қанша деген сұрақ туындайды. Оған: ал егер тапсырыс беруші қабылдамаса не істейді?! деген қарсы сұрақ туады. Салған ғимаратын тапсыруға қатысты жағымсыз хикая біздің құрылыс салушылардың әрқайсысына болмаса да, көпшілігіне таныс. Әдетте тапсырыс беруші жарты жылдап қабылдау құжатын дайындағанша, содан соң оларды ресімдегенше әрбір мердігер өзі салған құрылысты ұстау шығындарын көтереді. Одан кейін әлдебір қателіктер табылып, бәрі қайтадан басталады... Бұл біздің өңіріміздегі мемлекет пен бизнес арасындағы жаппай болмаса да, кең тараған тәжірибе. Егер тіпті мердігер құрылыс аяқталған соң Сарай кілтін әкеліп, оны тапсырыс берушіге табыстаған болса, ал сол күні нысан тоналса, әкімдік сотқа жауапкер ретінде бармас та еді...
Өйткені, құжат бойынша нысан «менікі де, сенікі де емес, бұл - олардікі». Әсірелеп отыр деп ойлайсыздар ма? Бергей Рысқалиевтың ҰҚҚ ісі бойынша өткен көптеген нысандар – мылқау куәгерлер секілді. Сотта берілген жауаптарға сәйкес, олардың кейбірі 90 пайызға дейін әзір болған, бірақ мердігерлер қашып кеткен, күзет алынып тасталған. Сот аяқталар кезде тапсырыс алушыда қабылдайтын ештеңе болмаған. Алайда нысандарға дер кезінде күзет қойылса, оларды әлі де бюджет үшін сақтауға болатын еді. Бірақ мемлекеттік басқару механизмдері бізде сондай, оларға белгілі бір құрылыс салу үшін жасалған бірінші әрекетті сол күйі қалдыра салып, қайтадан ақша бөлу қолайлырақ.
ТҰТҚАСЫЗ ШАБАДАН
Жергілікті бюджетте, шынымен де, осынау капиталды қажет ететін кешенді ұстап тұруға қаржы қарастырылмағанын Жылқыбаев қаңтарда хабарлаған болатын. Ал, нысан өткен жылдың қыркүйегінде тапсырылып, тек биылғы жылдың наурызында ресми түрде жалға алуға берілді. Мен құрылыс компаниясын жалға алдым делік. Ол маған аулама қазандық орнатып берді. Ол жарықты, газды «жейді», ал мен жарты жыл бойына оған құжаттарды ресімдеп, мердігерге төлеу үшін түбіртегін жолдаймын. Мұны көз алдыма елестете алмаймын. Ал ол шенеуніктердің қолдарынан келіп тұр. Естеріңізге салсам, бұл туралы жарияланғаннан кейін бірден облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ те комментарий беріп, «форум аяқталғаннан кейін біз осы ғимаратта бірнеше шаралар өткіздік», деп, сосын «әзірге жалға беру процедурасы толықтай аяқталған жоқ. Бүкіл шығындарды оны салған мердігер компания көтерді» деген еді.
Қазақстанша бизнес-серіктестіктің ерекшелігін ешкім және ешқашан түсіне алмайтын секілді.
Ал «бас тартылған» сарайды басқаруға жаңа тендер өткізу уақыты, қаржы басқармасының мәліметі бойынша, әлі белгісіз.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА