Жергілікті супермаркеттердегі бағалар құбылып тұрады, алайда соңғы жарты жылда ерекше өзгерістер байқалған жоқ.
Баға төмендеуі бойынша – құстың сан еті жыл басында 460-530 теңгеден бүгінгі 450 теңгеге дейін түсті. «Айналайын» сүтінің бағасы бірнеше ай бойы құбылып тұрды: жыл басында ол түрлі сауда желілерінде 210 теңгеден 234 теңгеге дейін болды, содан соң 230-280 теңгеге дейін қымбаттады, қазір 182-240 теңгеге дейін арзандады.
Көкөністер мен алмалар бағасының көтерілуі – маусымдық құбылыс. Қазақстандық өндірушілер біздің нарыққа отандық өнімдерге қарағанда анағұрлым арзан ресейлік азық-түліктердің көптеп келіп жатқандығы туралы дабыл қақты. Атап айтқанда, қазақстандық құс өсірушілер қазақстандық нарыққа демпингтік баға бойынша ресейлік өндірушілерден құс етінің көп көлемде түсетіндігіне шағымданды. Ресейден әкелінетін сүт пен сүт өнімдері де арзандау.
Жергілікті супермаркеттердің маркетологтары мынадай үрдісті атап өтті – егер олар бұрын тауар алу үшін Ресейге барып, дүкен сөрелері мен фирма каталогтарындағы азық-түліктерді таңдайтын болса, енді ресейлік фирмалардың өздері «бас тарту мүмкін болмайтын ұсыныстармен» шығады екен. Осы орайда «Қазақстандық өнімді сатып ал» науқанының табысты бола қоймағаны әбден түсінікті.
Ал, бізде қазіргі қолданылып жатқан жаңа тәжірибенің бет алысы жаман емес - ұсақ саудагерлер Ресейге азық-түлік алуға өздері барып, содан соң тауарларын әлеуметтік желілер арқылы сататын болған.
Зульфия ИСКАЛИЕВА