Атырау, 28 қараша 15:42
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

​«Біздің оқушылар ҰБТ-ға тек қаламмен кірді»

4 654 просмотра

Image 0Биылғы оқу жылы, дәлірек айтқанда, оның нәтижелері ережеге сай болды: қазақ-түрік лицейінің (ҚТЛ) түлектері тағы да бірнеше жыл қатарынан ҰБТ бойынша әдеттегідей жоғарғы көрсеткіштер көрсетті. Мұның құпиясы неде деген сұрақ қойған біз кенеттен осы жылдар ішінде осынау ерекше мектеп туралы әңгімелемегенімізді ұғындық. Оның директоры Исмаил ЭЛЬМА (суретте) еш ойланбастан қазақ тілінде сұхбат беруге келісті. Оның өз айтары бар екені сөзсіз еді.

«ҚР БІЛІМ БЕРУ МИНИСТРЛІГІНЕ БАҒЫНАМЫЗ»

- Атыраудағы ҚТЛ-ге қанша жыл болды? Сізден қанша түлек оқып шықты?

- 1993 жылы Привокзальныйда алғашқы, сол кезде түрік мектебі деп аталған білім ордасы ашылды. Ғимарат нашар, ескі болатын. Мұғалімдердің өздері жөндеу жүргізді. Бес жылдан кейін мектеп қазіргі орынға, Калинин атындағы бұрынғы мектепке көшті. Бұл лицейлер идеясы Түркияның қазір марқұм болған президенті Тұрғыт Өзалға тиесілі болатын. Ол жаңадан егемендік алған бауырлас қазақтарға көмектесуге үндеді. Қазақстан сол уақытта қиын кезеңде болатын, біз де біраз қиындық көрдік. Сондықтан бауырлас халыққа көмектесу табиғи құбылыс болатын. Осы жылдар ішінде 17 мәрте түлек ұшырдық, бұл - 800-дей оқушы.

- Ұлттық белгілері бойынша оқушыларыңыздың құрамы қандай? ҚТЛ-да қазақ тілін білу міндетті ме?

- 240 шәкірттің 17-сі қазақ емес: татарлар, 3 орыс баласы, 4 корей, тәжік, ирандық, түрік... бар. Қазақ тілін білу емтиханы тек өткен жылдан бастап енгізілді. Бұған дейін оқушылар тек логика мен математика бойынша түсу емтихандарын тапсырды. Сондықтан бүкіл қазақ емес оқушылардың барлығы дерлік қазақ тілін ҚТЛ қабырғасында оқып үйренді. ҚТЛ жүйесінің құрылымы мынадай - сабақтар түрлі тілде жүргізіледі: нақты ғылымдар - алгебра, геометрия, информатика, биология, физика, химия және ағылшын тілі пәндері ағылшын тілдерінде. Орыс тілі мен әдебиеті - тиісінше орыс тілінде. Түрік тілі бар, қалған барлық пәндер: география, дүниежүзі және Қазақстан тарихы, өзін өзі тану, қазақ тілі, дінтану және т.б. пәндер қазақ тілінде өткізіледі. Яғни, біз шын мәнісінде қазақ мектебіміз, бірақ біздің оқушылар осы тілдердің барлығын бірдей білуі керек.

- Сіздің мектеп жұмыс істеген жылдар бойына оның төңірегінде: ҚТЛ түрік әнұранын айтуға, намаз оқуға мәжбүрлейді, исламды таңады, түрікшіл насихат жүргізеді екен және т.б. деген қауесеттер айтылып жүр.

- Әнұраннан бастайық. Мен өзім Қазақстанға 1996 жылы келдім. Менің ниетім қандай екенін бір Алла, өзім, содан соң әріптестерім, шәкірттерім, олардың ата-аналары мен біздің серіктестеріміз - мемлекеттік органдар біледі. Иә, алғашқы жылдары сондай болды - мектептерімізде түрік әнұранын шырқады. Психология мынадай еді - біз көп жылдан бері елімізден жырақта жүрміз. Менің өзімнің, мәселен, үйімнен кеткеніме 19 жыл болды. Біз балалар түрік әнұранын айтса, несі жаман деп пайымдадық. Алғашқы жылдары әріптестерім солай пайымдады, бұл менің субъективті пікірім. Өйткені, ол кезде бұл мектеп түрік лицейі деп аталды. Бірақ ешқашан балалардың басын түрікшіл идеялармен толтыру туралы ой болған емес. Біз мұнымен айналысқан жоқпыз және бізге бұлай жасауға ешкім де бұйрық бермеді. Айта кетелік, бұл тұрғыда сыншылар да болған жоқ. Бұл да қазақ халқының айтулы қонақжайлығының, ниеттестігінің, өзгелерге деген құрметінің бір көрінісі деп ойлаймын. Бірақ осы жерде болған кезде біз мұның қазақстандықтарға ұнамауы мүмкін екенін сезіндік. Сіздің орындарыңызға өзімізді қойдық - өйткені, егер баламыз басқа елдің әнұранын шырқаса, бізге де ұнамас еді. 2000-жылдардың басында біз бұл тәжірибеден бас тарттық.

- Намазға қатысты ше?

- Иә, сондай сыбыстар жүрді. Мен мұны былай түсіндіре аламын: бастапқыда оқытушылар құрамының 80 пайызы Түркиядан келді (бүгінде 26 мұғалімнің тек 4-уі Түркия азаматы: директордың өзі, ағылшын тілінің екі мұғалімі және түрік тілінің бір мұғалімі - З.Б.). Айта кету керек, түріктердің 90 пайызы - намаз оқитын мұсылмандар. Түркияда қазақтарды да діндес бауырлар қатарына жатқызады. Өйткені, намаз - мұсылман үшін парыз. Мұғалімдер арасында намаз оқығандар және мұны жасыру қажет емес деп есептегендер болды. Өйткені, қазақтар, иә, біз мұсылманбыз дейді ғой. Қазақстанда болған алғашқы жылдары біз бұл сөздің төркінінде не жатқанын ұғына қоймадық. Өзін ислам дінін ұстанам деушілердің бәрі бірдей оның салт-жораларын орындау керек деп есептемейді екен. Осылайша, бастапқыда мұны мектеп шәкірттері, олардың ата-аналары байқай алатын еді. Бәлкім, шәкірттердің арасында ұстазға деген құрметті сезінген шәкірттер арасында дінге қосылғандар да болған шығар. Бірақ біздің мектеп бағдарламасында дінді, атап айтқанда, исламды тықпалаған ешбір пән болған емес. Біз де дарынды балаларға арналған барлық қазақстандық мектептер секілді бағдарламамен оқытамыз. Өйткені, біз тек ҚР білім беру министрлігіне бағынамыз.

«ЕРЕКШЕ ҚҰПИЯСЫ ЖОҚ»

Image 2Бұл ҚТЛ жеңімпаздарының түрлі құрлықтардан алып келген алуан түрлі медальдары қойылған фойедегі сөрелер. Оқушылар, әдетте, оларды мектебіне сыйға тартады.

- ҚТЛ қашан да өз шәкірттерімен даңққа бөленген еді. Жүздеген, болмаса, ондаған халықаралық олимпиада жеңістері солардың еншісінде. ҰБТ-да сіздің шәкірттеріңіз тұрақты түрде жоғарғы нәтижелер көрсетуде. Бұл ерекше оқыту әдістемесінің, оқу процесі тәсілдемесінің, балаларға деген қарым-қатынастың жемісі ме әлде түріктердің әлдебір құпиясы бар ма?

- Ерекше әдістеме, құпиясы жоқ, - деп қымсынды директор. - Біріншіден, біз өз жұмысымызды сүйеміз, балаларымыздың басына құюды ғана емес, олардың ішкі жан-дүниесіне сіңіре білуге талпынамыз.

Бізде шәкірттермен, олардың ата-аналарымен өте жақсы қарым-қатынас орнаған. Әрине, сапалы оқыту, кәсібилік, икемділік - бастысы бұл. Бірақ жеткізуге ынталану да маңызды. Біздің оқытушыларымыз сабақ кестесіне қарамастан білім беруге әзір. Өздерінің демалыс күндерін оп-оңай құрбандыққа шала салады. Мәселен, 2 маусымда шәкірттеріміз соңғы емтихандарын тапсырды, ал 3-інде бітіруші сынып оқушыларын ҰБТ-ға даярлық жұмыстары басталып кетті. Балалардың да, мұғалімдердің де ешқайсысы «каникул басталды, демалуға қақымыз бар» деп айтпады. Бәрі де бірдей жемісін көруге мүдделі. Олимпиадаға қатысты да солай. Басқалары демалып жатқанда балалар да, мұғалімдер де еш нұсқаусыз өздері дайындалады.

- Бәлкім, сіздер мұғалімдеріңізді жақсы ынталандыратын шығарсыздар?

- Олар жалақы, оған қоса егер оқушы олимпиадада жеңіске жетсе, сыйақы алады. Бірақ жалпы олардың табысы бүкіл қазақстандық мектеп мұғалімдерінің табысы деңгейін-де. Өйткені, олардың бәріне жергілікті бюджет ақша төлейді. ҚТЛ мектептері желісінің негізін салушы, Түркияда негізі қаланған халықаралық KATEV қоры жалақыны тек экспаттарға төлейді. Ал олар қазір мектебімізде төртеу ғана.

- Бүкіл қазақ-түрік лицейлері қазақстандық бюджет есебінен жұмыс істейді, дұрыс түсіндім бе?

- 31 мектептің 3-еуі жеке мектеп болып табылады, басқа қалғандары жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Бүкіл шығындар: ғимаратты ұстау, оқушыларды барлық қажетті нәрселермен қамтамасыз ету, қазақстандық персоналдардың еңбекақылары салық төлеушілер есебінен өтеледі. Оқушылардың ата-аналары бюджетке балалар тағамы үшін 20 пайызын ғана өтейді.

- Неліктен Атырауда қыздарға арналған аралас мектеп немесе жеке мектеп жоқ? Ол сұранысқа ие емес пе?

- Іс жүзінде ниет білдірушілер көп. Осы жақын арада ғана бейтаныс адамдар бізге мына хатты алып келді.

Исмаил бей өз үстелінің сөресінен хат салынған файлды шығарды. Онда он шақты адам қол қойған екен. Өтініште ата-аналар тобы KATEV қорына Атыраудан қыздар үшін ҚТЛ ашу туралы өтініштерін жолдауды өтініпті.

- Бұл мәселе көптен бері талқыға салынып келеді. Ол тек облыстық әкімдік деңгейінде шешілуі мүмкін.

- ҚТЛ кадрларды қалай таңдайды?

- KATEV қоры тілдер бөлімі мен нақты ғылымдар факультеттерінің талантты студенттері арасында семинарлар өткізеді. Оқу аяқталғаннан кейін бұл студенттер қазақ-түрік лицейлерінде жұмыс істеуге шақыртулар алады. Келер жылы қор жанынан кадрлардың біліктілігін арттыру жөніндегі академия ашылады.

- Бірақ негізгі іріктеу қазақстандық мектеп мұғалімдерінің арасында жүргізіледі ғой.

- Иә.

- Әдетте, көптеген кеңестік стандарттарды бойына сіңірген қазақстандық үлгідегі мектептердің мұғалімдері белгілі бір қалып жиынтығына және мұғалім мен оқушының рөлі туралы өте айқын түсінікке ие. Ықпал ету шарасы ретінде өктем болу - біздің орта мектептердегі норма. ҚТЛ-да, менің түсінуімше, балаларға айқайлауға жол берілмейді. Егер жаңа мұғалім бүкіл бойына сіңген, соның ішінде жағымсыз әдеттерін осында алып келсе, не істейсіздер?

- Әрине, мұндай проблемалар кездеседі, - деп сыпайы жымиды Исмаил. - Бірақ біздің мектепте жұмыс жасау барысында егер адамның мұндай әдеттері болса да, айналадағы ахуалдың әсерімен оның өзі одан бас тартады. Менің бағыма қарай, ҚТЛ-ға директор болған 9 жыл ішінде маған мұғалімдермен мұндай әңгіме жүргізуге тура келген емес. Егер мұғалім сіздің орныңызда (біз директор кабинетінде сөйлесіп отырмыз - З.Б.) болса, ол басқа мәселе бойынша келеді. Білім беру сапасын жақсартудың жаңа идеяларын ұсынады, оқыту деңгейін көтеру немесе өзінің әлдебір шаруалары жөнінде сөйлеседі. Кез келген оқушы да дәл солай маған келіп, кез келген тақырыпта сөйлесе алады. Бізде осы жерде жұмыс істеушілермен және оқушылардың бәрімен сенімді қарым-қатынас орнаған, біз мұны қатты бағалаймыз.

- Біздің білім беру органдарымен қарым-қатынас қалай?

- Әдеттегі лицейлермен қарым-қатынас қалай орнайды? Бізде де солай: жоспарлы тексерулер жүргізіледі, диалогты сақтауға тырысамыз. Білім беру басқармасы бізге жан-жақты қолдау көрсетіп отырады.

- Өткен қыста Атырауда ҚТЛ-дың Назарбаев Зияткерлік мектебімен қосылатындығы туралы сөз жүрді.

- Әрине, оны мемлекет, білім беру министрлігі шешеді. Егер олар осындай идеяны қолдайтын болса, біз бағынамыз. Бірақ менің пікірімше, бұл мүмкін емес. Сол кезде осы мәселенің бүкіл аспектілерін барлық қатысы бар ведомстволармен талқыға салған үкімет те осындай қорытындыға келді. Әзірге бұл мәселе боп қойылған жоқ.

«БӘРІ АҚШАМЕН ӨЛШЕНБЕЙДІ»

Image 1Эльманың айтуынша, Түркияда құрмет тұтатын адамның рухына арнап ауруханалар, көпірлер, мешіттер... салу қалыптасқан. Мектеп ауласындағы ауыз суы бар мына бұрқақ мұғалім Ясин Чалкымға арналған. 1994 жылы табиғатқа сейілге шыққан кезде ол суға батып бара жатқан оқушысын құтқарам деп өз өмірін қиыпты.

- Неліктен Түркияның қазіргі президенті Режеп Тайып ЭРДОҒАН ҚТЛ-ға қарсы болып отыр? Соңғы кездері ол, мәселен, Әзірбайжан мен Қазақстан президенттеріне едәуір қысым жасап жүр.

- Бұл саяси мәселе, шындығында менің оған кіріскім келмейді. Президент Эрдоғанның неліктен осылайша әрекет етіп отырғаны маған белгілі. Бірақ дұрыс түсініңіз - менің тарапымнан бұл мәселені талқылау орынсыз. Бұл менің президентім, менің елімнің президенті. Алайда Қазақстанда өмір сүрген 19 жылым қазақстандық билік кез келген шешімді қабылдай отырып бірінші кезекте өз елінің қолданысындағы заңдарды және белгілі бір құбылыстың мақсатқа сәйкестігін бетке ұстанатын болады деп ойлауға мән береді. Мәселен, ҚТЛ елдің заңдарын бұзатын жағдайда қалып, бірақ Түркия президенті бізге тиіспеуді өтінді делік. Сонда бұл билік шешіміне әсер ете ме? Олар өз заңнамалары мен көзқарастарына сәйкес шешім қабылдайды ғой.

- Жоғарыда сіз Қазақстанда түрік мектептерін ашу идеясына сіздің президент Тұрғыт Өзалдың қатысы бар екенін айтып өттіңіз. Ғаламторда мұны философ әрі ғалым Гулемнің еншісіне беріпті...

- Гулем үздік мектептер ашуды армандады, ол осы армандарын Түркиядағы ауқатты әрі құрметті жандармен бөлісті. Олар оған қолдау көрсеткен. Ол ең сапалы білім беру мекемелерінің желісін құрды. Ол құрған лицейлер - түрік халқы өте бағалайтын және құрметтейтін ең беделді оқу орындары. КСРО құлағаннан кейін президент Өзал Гулемге «Бауырлас елдерден ашсақ қалай?» деп ұсыныс жасаған. Бұл біздің бауырларымыз, бауырлар бір біріне қол ұшын береді ғой. «Қазақ бауырларымызбен құшақтасамыз ба?». «Жақсы», - депті Гулем.

Президент Өзал осылайша тәуелсіз Қазақстанға қолдау көрсеткісі келген. Ол мәдени, ғылыми байланысты жолға қойып, бауырлас елдердің достық одағын құрғысы келген. Білім ешқашан зиян әкелген емес. Білімді адам ең алдымен өз халқы туралы ойлайды. Бірақ басқа халықтармен достықтан бойын аулақ салмайды. Жер бетіндегі жамандықтың көпшілігі надандық пен жоқшылықтан орын алып жатыр, тек білім ғана одан құтқаруға қабілетті. Бұл жобаның мақсаты - мұсылман балалар немесе христиан балалар емес, көп тіл білетін, бейбітшілікті, достықты, жалпы адамзат құндылығын бағалауға қабілетті, диалог жасай алатын балалар болатын. Ол осы идеяны алғашқы кездесу кезінде президент Назарбаевқа жеткізіп, одан қолдау тапты.

- Түркия сонша бай болғандықтан бөгде мемлекеттің болашағына қаржы салып отыр ма? Сіз бұл сұрақты алғаш рет естіп отырмаған боларсыз.

- Түркияның өзінде бұл идеяны көпшілік қолдады. Алайда «Түркияда бәрін оқытып, сапалы білім беріп, бүкіл мәселені шешіп болғандай енді басқа елге неге араласасыңдар?!» дейтіндер де табылды. Біз экономика жағынан ең күшті ел емеспіз, бірақ бәрін ақшамен өлшеуге болмайды ғой. Бұл ниет, таза ұмтылыс. Иә, негізгі шығын баптары Қазақстанға жүктелді. Өйткені, тек алғашқы жылдары кадрлар түгелдей түрік елінен келген еді, оларды KATEV қоры қаржыландырды.

- Түркияда орыс тілді жазушы Борис Акуниннің «Әзәзіл» романын біле бермес деп ойлаймын. Ол жердегі сюжет мынадай. Дүние жүзіне үстемдік ету идеясы бойларын кернеген әлдебір шетелдік қайырымдылық жасаушылар кедей отбасылардан шыққан талантты балаларды немесе жетім балаларды оқытады. Олар өз заманының үздік білімін алады, содан кейін белді саясаткерлер мен ғалымдарға айналған соң өз елінің емес, өз меценаттарының мүддесіне қызмет етеді... Бұл хикая тұтқынға түскен христиандардан адал янычарлар тәрбиелеген Осман империясының тарихындағы нақты оқиғаларды еске салады. «Оқыту кезінде әрбір янычар Сұлтанға адалдық антын беріп, ол үшін өлуге дайын екендігін растайды. Әрбір янычар Сұлтаннан киіндіретін, ішіндіретін, қаруландыратын, сыйлық беріп, жалақы төлейтін өз әкесін, ал «оджактан» (жасақ) өз отбасын көруі тиіс болды» деп жазады тарихшылар. Сізге Осман империясының мұрагері ретінде Түркия осы дәстүрді жалғастырып жатқан жоқ па деген сұрақ қойылған шығар?

- Мен шынымен де мұндай қорқынышты атауы бар романды оқымаппын (бұл атаудың ұғымы көп, соның ішінде «жын-пері», «күнәға батқан періште» деген ұғымы да бар - З.Б.), - деді Исмаил бей. - Мен осы янычар корпусы туралы жорамалды естідім. Бұл мәліметтер - тура ақиқат емес, онда шындықтың үлесі бар, тек үлесі ғана. Бүкіл халықтың тарихты өзі үшін және өзіне сәйкесті етіп жазатынын білетін шығарсыз. Орыс-түрік соғысын алайық. Орыс тарихшылары бізді жаман деп, ал біздікілер орыстар жаман деп жазады... Түсінесіз бе, адам бір жыл, екі жыл бетперде киіп жүре алады, бірақ ширек ғасыр бойына емес. Біз бұл жерде 23 жыл тұрып келеміз. Біздің мақсатымыз - өз шәкірттерімізге, олардың ата-аналарына мәлім. Біздің ниетіміз таза.

…Мен бұл сұрақтың Исмаилға оңайға соқпағанын көрдім, әсіресе, ібілістің бір атын еске салған кезде директордың жүзі қызарып, түсінбеген түрде қабағы жиырылып кетті. Шынайы кешірім сұраймын. Көп жылдар бойғы әдетіме сай адамдарға жағымсыз, арандатушы сұрақтарды қоя салу оңай болатын. Алайда көпшілік талпынатын құрметті оқу орнының директорына лайықты бағасын беру керек. Біз онымен бірнеше сағат сөйлескен едік, бірақ ол бірде бір рет тікелей жауаптан қашуға әрекет жасамады. Менің субъективті пікірімше, түрік директорының координат жүйесін «таза ниет», «намыс», «ұят», «ел сенімі» деген сөздер құрайды... Сөйлегенде үнемі осы сөздер шығып отырады. Маған осы мектепке оқуға түсу үшін бір ата-ананың өте ірі сома төлеуге (немесе сыйлық жасауға - қалай түсіндірілуіне қарай) әзір болғаны белгілі. Оларды - ақшаны да, баланы да мектепке қабылдамаған. Алайда кейбір құрметті адамдардың өтініштерінен бас тартқаннан гөрі ақшадан бас тартқан оңайырақ.

«ЖІГІТТЕР, ТАЗА БОЛЫП КІРІҢДЕР!»

- Сіздерді жергілікті бюджет қаржыландырады. Сізге облыс әкімі қоңырау шалып, жақсы отбасынан шыққан баланы қабылдауды қолқалап өтінді делік.

- Бұл қиын мәселе. Әкім болмаса да, түрлі қоңыраулар көп. Атырауда бастықтардың қанша екенін өзіңіз білесіз ғой, - деп күлді Исмаил. Содан соң маған бір қағазды көрсетті. Онда үміткерлердің бірінің жақын арада өткен түсу емтиханының қорытындысы жазылған екен. Исмаил 58 деген цифрды көрсетті. Бұл - өту баллы. Көк сиямен бала жинаған нәтиже - 52 деген сан қоршалған. - Міне, сіз келердің алдында сондай бір адам қоңырау шалды. Балама көмектесіңізші, ол сізде оқуды сондай армандап еді дейді.

- Сіз мұндай жағдайда қалай жауап бересіз?

- Өту балын көріп тұрсыз ба деймін. Адам басын изейді. Балаңыздың қанша балл жинағанын көрдіңіз бе? – деймін. Кейбіреулер бірден түсінеді, көбі түсіне бермейді. Ренжиді, біреулер арқылы шығады... Егер біз бас тартпасақ, 23 жылда біз жылдан жылға өсіп келе жатқан жоғары көрсеткіші бар лицей болып қалмас едік. Мәселен, егер өткен жылы біздің шәкірттеріміздің ҰБТ бойынша орташа көрсеткіші 84,5 болса, биыл біз оны 103,3-ке жеткіздік. Біздің түлектер көрсетіп отырған ең төменгі балл - 71. Біздің балалар емтиханға тек қаламмен кірді, өзім тексердім.

- Білім беру министрінің биыл ҰБТ алдында тінту жүргізуге тыйым салғанын білесіз бе?

- ҰБТ болар алдында таңертең университетке барып, балаларды жинап, «Жігіттер, таза болып кіріңдер! Біздің лицей туралы әңгіме болмас үшін, біз ештеңеден ұялмауымыз үшін өзіміздің қолымыздан не келетінін, қане, көрсетейік!» деп өтініп, пакетті аштым. Бәрі ішіне телефондарын салды. Біреуі салмады, маған мұны балалар айтты. Мен оған қайтадан жақындадым: «Бар ма?». «Бар», - деді. Ойланып, ол да салды. Егер біз ықпалды адамдардың немесе достардың өтініштерін қабыл алсақ, мұндай нәтижеге қол жеткізбеген болар едік. Біз үшін мектептің абыройы, қазақ пен түрік халқына көрсетілген сенім маңызырақ. Біздің мақсатымыз - осы сенімді ақтау. Мен біздің ниетіміздің тазалығына күмән келтіретін адамдардың бар екенін білемін. Уақыт бәрін өз орнына қояр деп ойлаймын. Мен бұған сенемін, - деді директор жасыл үлпілдеген боз арша мен басқа шырша тұқымдас жасыл желекке толы мектептің ауласында серуендей жүріп. Оның үстіне директордың орынбасары Рүстем ХАСАНОВ сыбырлап: «Бұл ағаштардың барлығын Исмаил бос уақытында өзі отырғызған, мамандығы бойынша ол биолог...» деп қосып қойды. Мен тіптен абдырап қалып, директордың орынбасарына:

- Ол өз жұмысын сондай жақсы көре ме?.. – дедім.

Содан соң орысша айтқан ыңғайсыз сөздерім үшін өзімнің қысылғанымды әдеттегідей жасырып, басымды шайқадым (Исмаил Қазақстанда тек қазақ тілін үйренген).

Рүстем осынау жартылай сұрақ, жартылай таң қалған сөзіме жауап ретінде күліп жіберді. Шамасы, жерлестерінің оның әріптестеріне таңқалыс білдіруі үйреншікті болып кеткенге ұқсайды.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА



18 маусым 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.