Атырау, 28 қараша 15:47
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

«Фармацевтер де медицина қызметкерлері»

2 258 просмотра

Image 0«Фарм Ассоциация» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Омарғали ТҮСІПҚАЛИЕВ (суретте) редакциямызға келіп, екі мәселені алға тарты. Оның бірі - Атырауда жоғары білімді фармацевт-провизорлардың тапшылығы болса, екіншісі – осы сала мамандары еңбегінің еш еленбеуі.

Түсіпқалиевтің айтуынша, биыл көктемде облыстық денсаулық сақтау басқармасына медицина қызметкерлерінің күні қарсаңында көпжылдық өтілі бар фармацевт-провизорлар Қанзи БАЙМҰХАНОВА мен Гүлжан МҰХИДЕНОВАНЫ «Еңбек ардагері» атағына, Айша ПІРІМҚҰЛОВА мен Дина ӘБДІРАХМАНОВАНЫ «Денсаулық сақтау саласының үздігі» атағына ұсынған. Алайда, оларға бас тартылған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының сол кездегі басшысы мұны фармацевтер денсаулық сақтау жүйесіне қарамайды және олар жеке кәсіпкерлер екенімен түсіндірген. Ал, Түсіпқалиев мемлекеттік марапаттарға ұсынылатын маман мемлекеттік мекемеде жұмыс істеуі міндетті емес екенін айтады.

- Денсаулық сақтау жүйесінде фармацевтерді елемеу, ескермеу деген нәрсе әуелден бар, - дейді Түсіпқалиев. – Соңғы жиырма шақты жылдан бері фармацевтер бірде-бір жапырақ қағаз - мақтау грамотасын алмаған. Мысал келтіре аламын, жергілікті медициналық мекемелердің бірінің мерейтойын атап өтіп жатқан кезде барлық медицина қызметкерлері марапатталды. Бірақ, сонда жұмыс істейтін фармацевтердің бірде-біреуінің аты аталған жоқ. Сол кезде мен шыдамай, мінберге шығып, оларды өзім құттықтадым. Аттарын дауыстап, ортаға шақырып, өз қалтамнан ақша шығарып, ақшалай марапаттадым. Өйткені олар да медицина қызметкерлері, олар да Медиктер күнінде жылы лебіз күтеді.

Түсіпқалиевтің айтуынша, бүгінде облыста өз дәріханаларын ашып алған 300-дің үстінде фармацевт бар. Солардың 50 шақтысы бүгінде қоғамдық бірлестікке мүше. Бірлестік былтыр 21 сәуірде құрылған. Мақсаты – фармацевтика саласында еңбек етіп жатқан жеке тұлғалар мен заңды тұлғаларға құқықтық көмек көрсету және ардагерлерді қолдау, бес жыл сайын білімін жетілдіру курстарын өткізу секілді түрлі іс-шаралар ұйымдастыру.

Түсіпқалиевтің келесі көтерген мәселесі – жоғары фармацевтикалық білімі бар провизорлардың тапшылығы болатын. Ол кезінде Атырау медицина колледжінде фармацевтика бөлімінің ашылуына септігін тигізгенін айтып өтті. Оның пікірінше, облыста орта білімді фармацевтер жеткілікті, енді жоғары білімді мамандарды – провизорларды даярлауымыз керек:

- Атырауда қазір фармацевтика зауыты салынып жатыр. Онда 50 түрлі дәрі-дәрмек шығарылатын болады. Ал, ол үшін мамандар қажет. Оларды өзіміз даярлауымыз керек.

Жақында Түсіпқалиев осы тақырыпта АМУ ректорымен сөйлескен болатын. Университетте провизорларды даярлайтын факультетті ашу жоспары қаралуда.

- Провизорлардың тапшылығы тағы бір мәселені туындатып отыр. Бүгінде облыста дәріхана меңгерушілерінің барлығы да орта білімді фармацевтер. Ал егер, олар аккредитациядан өтсе, дәріханаларын жауып тастайды. Себебі, лицензия талабы бойынша дәріхана меңгерушілері тек провизорлар бола алады.

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген автор

18 маусым 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.