«Горе от ума» – «Қазақстанның Коммунистік Халық партиясы» облыстық филиалында осындай тақырыппен пікірсайыс өтті. Онда жоғарғы және орта білім проблемалары талқыланып, өткен ҰБТ-ға ерекше көңіл аударылды.
Кездесуге облыстық білім беру басқармасы мен қалалық білім бөлімінің, облыстық ҰБТ орталығы филиалының өкілдері, мектеп қызметкерлері шақырылды. Жоғарғы буын педагогтары тестілеуге қарсы пікір білдірді. Басты дәйек – ықшам жауаптардың санаулы нұсқалары түлектерге өз қабілеттерін толықтай ашуға мүмкіндік бермейді, оларды өз ойларын тұжырымдау қажеттілігінен айырады. Тестілеу кезінде түлек дұрыс жауапты білмей, әлдебір нұсқаны шамамен белгілей салатын кездейсоқтық элементі ықтимал. Партиялықтар да осы пікірде.
– Біз емтиханның бұрынғы жүйесін қайтару керек деп есептейміз. Сондықтан елбасына ҰБТ-ны жою туралы ұсыныспен шықтық. Біздің хатымыздың тағы бір маңызды тармағы оқулықтарды шығаруға байланысты. Қазір оларды түрлі редакцияда бірнеше баспа басып шығарады да, үнемі шатысу туындайды. Баспа біреу болуға тиіс, - дейді ҚКХП жергілікті филиалының жетекшісі Ерболат ДӘУЛЕТҚАЗИЕВ.
Ал Ұлттық тестілеу орталығының №30 филиалының жетекшісі Айнагүл ДҮЙСЕКЕНОВА бүгінде ҰБТ-ны ең оңтайлы нұсқа деп есептейді. Біріншіден, заманауи түлектерге үнемі күйзеліске түсіп, бірнеше емтихан тапсырудың қажеті жоқ. Екіншіден, талапкерлер басқа қалаларға түсу емтиханын тапсыруға бармайды. Бұл уақытты, қаржыны және түлектер мен олардың отбасыларының жүйке талшықтарын үнемдейді.
Тайманов атындағы мектеп түлегі Ақмарал ӘБЕНОВА орыс тілі нәтижелерін алып тастағаннан соң бар болғаны 50 балл жинап, жоғарғы оқу орны туралы арманымен әрі кеткенде бір жылға қоштасқан.
– Өте ренішті. Мен қатты дайындалып едім, тіпті 2008 жылдан бергі ескі сұрақтарды жаттап алдым. Бірақ ҰБТ-да маған жаңа сұрақтар келді. Ал сынама тестілеуде 100-ден астам балл жинаған едім. Бізге ата-анамыз оқыған ескі сызба бойынша емтихан тапсырған жақсы еді. Ертемен тұрып, тексеруден өту – мұның бәрі үлкен күйзеліс, - дейді Ақмарал.
– Бірақ бұрын да талапкерлер осындай жағдаймен бетпе-бет келді ғой. Ерте тұратын, ал емтихандар ұзағырақ болатын. Өйткені балалар бір-бірден жауап беретін. Оның үстіне, емтихандар бірнешеу болды: мектепте бітіру емтихандары, содан соң жоғарғы оқу орындарына түсу сынағының бірнеше кезеңдерінен өтетін.
– Бірақ, емтиханға дайындалған кезде түлектер өздері оқыған сұрақтардың біреуі келетінін білетін еді ғой. Ал қазір ондай кепілдік жоқ. Жыл сайын жаңа сұрақтар пайда болады.
Ақмарал кеңес дәуірінде де бірден жоғарғы оқу орындарына түсе алмағандар болғанын білмейді. Оның үстіне, жоғарғы білім алуға ниет білдірушілер пайызы бүгінгідей жоғары болмады. Көпшілігі сегіз жылдықтан кейін техникумдарға немесе кәсіби техникалық училищелерге кететін. Арнаулы орта білім алып, жақсы мамандар атанып, лайықты еңбекақы алатын. Тек соңғы жиырма жылда ата-аналардың барлығы қалай еткенде де балаларына жоғарғы білім беру парызымыз деп есептей бастады. Мейлі ол бүкіл сессия бойына сергелдеңге салынса да, оқытушыларын көрмесе де, төрт жыл оқып, университет немесе институтты бітіргеннен кейін даяшы немесе жүргізуші болып жұмыс істесе де. Есесіне елмен бірдей.
Ендеше неліктен қазіргі түлектер тиесілі баллды жинауға міндетті деп есептейміз? Оның үстіне, осы ойға балаларды да сендіреміз. Әрине, ҰБТ-дан өте алмаған соң олар өздерін жолы болмаған бейбақпыз деп сезінеді. Өздерінен әлдеқайда жолы болғыш сыныптастарымен мектеп бітіру кешінде кездесу олар үшін өте ауыр болады. Ал кеңес дәуіріндегі түлектердің қоштасу кешінде алдағы өмірлері үмітке толы болатын.
Кешегі оқушылар ҰБТ-ға өздерін мұғалімдер де, психологтар да дайындағанын әңгімеледі. Ал ҰБТ-дан кейін, Ақмаралдың айтуынша, психолог емтиханнан құлаған балалармен тіпті сөйлеспепті де. Алайда оларға дәл осы сәтте психологиялық көмек өте қажет еді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА