Білім және ғылым министрлігі тарапынан оқушылардың арасында суицид оқиғаларының жиілеуі бұқаралық ақпарат құралдарындағы ҰБТ-ға қатысты елді дүрліктірер жаңалықтармен де байланысты деген мәлімдеме жасалған болатын. Біз үшін Орталық Азия Психоанализ институтының директоры, танымал психоаналитик Анна КУДИЯРОВАНЫҢ (суретте) бұл жөніндегі пікірін білу қызық болды.
- Онымен келісе алмаймын, - дейді А.Кудиярова. – Суицид теледидарлар, газеттер, журналдар болмаған кезде де болған. өмірде, отбасында бақытты адам қандай мақала немесе фильм көрсе де, ол өзіне ешқашан қол жұмсамайды.
Жасөспірімдер арасындағы суицидтің себебі – отбасындағы тыныштықтың және ата-ана мен баланың арасында түсіністіктің жоқтығынан. Ата-ананың жылуын сезінбеген бала «бұл өмірде мені түсінетін жан жоқ, мені ешкім жақсы көрмейді, бұлай өмір сүргенше өлгенім дұрыс» деген ойға келеді.
- Мектеп психологтарына тоқталсақ, олардың жұмысына көңіл толмаушылық басым...
- Мектеп психологтарына менің жаным ашиды. Оларға жағдай жасалмаған: жалақылары аз, қағазбастылық көп. Мектеп психологының кабинеті неше түрлі папкаларға толы. Кімнің қағазы толтырылған, сол жақсы маман болып есептеледі.
- Олардың жұмыс сапасын көтеру үшін не істеу керек?
- Біріншіден, бюрократизм мен қағазбастылықты жою керек. Екіншіден, жалақыны көтеру керек. Бұл өте қиын мамандық. Қараңыз, психологқа жасөспірімдер өз проблемаларымен келеді. Ол бәріне жаны ашиды, бәрімен бірге қосылып жылайды. Бүкіл күш-қуаты кетеді. Ертең оның өзі ауырып қалуы мүмкін ғой. Сондықтан бұл еңбек ақшалай жақсы бағалануы тиіс. Үшіншіден, психологтарға жалақыны мектеп емес, жергілікті әкімдік төлеуі тиіс. Себебі, жалақыны мектеп төлеп отырған соң, психолог директорға тәуелді болады. Өз практикамда кездескен бір мысалды айтайын. Шағын ауыл мектебінің психологы «11-сыныптың оқушы баласы суицид жайлы айтып жатыр, өзіңіз сұхбат жүргізіңізші» деп көмекке шақырды. Мен ол баламен сөйлестім, психологпен жүйелі түрде жұмыс істеу керек деп кеңес бердім. Бірақ, ол бала мектеп психологының алдына барудан үзілді-кесілді бас тартты. Кейін анықталғандай, ол бір рет онымен сөйлесіп, бар сырын айтқан. Ал кейін оның сөзі мектеп линейкасында айтылған. Мұны естігенде төбе шашым тік тұрды. Психотерапевтерде құпиялылықты сақтау (конфиденциальность) деген қасиетті ұғым бар. Бізге келген кісі не айтса да, оны құпия сақтаймыз. Мен әрине, бұл психологпен сөйлестім. Ол баламен сөйлескеннен кейін мектеп директоры өзін шақырып алып, баламен арадағы әңгіменің мазмұнын сұрағанын айтты. Сонда психолог мұндайды айтуға болмайтынын айтқанмен, мектеп директоры «айтпасаң, жұмыстан шығарып жіберемін» деп қорқытқан. Шағын ауылда жұмыс табу қиын болған соң әлгі әйел біздің кәсіби парыздарымыздың бірінен аттап, баланың сырын айта салған.
Міне, осындай жағдай. Сол себепті психологтар мектеп әкімшілігінен тәуелсіз болуы тиіс.
Айнұр САПАРОВА