Индер ауданы Есбол ауылының тұрғыны Мақсот МҰХАМБЕТҚАЛИЕВ (суретте) Ұлы Отан соғысында хабарсыз кеткен атасының зиратын жетпіс жылдан кейін тапты.
Мұхамбетқали ЕРМАНОВ соғысқа Гурьев облысы, Новобогат ауданы, «Қызыл ту» колхозынан шақыртылған. Бүгінде оның сүйегі Ресейдің Орел қаласындағы бауырластар зиратында жерленген. Бұл туралы газеттердегі жарияланымдардан белгілі болған.
Индер аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Өтеп НҰРИЕВ Мұхамбетқалиевтің өтініші бойынша Орел облысы-ның губернаторы Вадим ПОТОМСКИЙГЕ Мұхамбетқали Ерманов жайлы ресми дерек ұсыну туралы хат жолдайды. Облыстың әскери комиссары С. СТАРКОВ Ермановтың 1941 жылдың қазанынан 1943 жылдың шілдесіне дейін жұмыс істеген Орел облысы аумағындағы қала түрмесінде орналасқан концлагерьде 1943 жылдың 20 наурызында қаза тапқандығы туралы жазған: «Концлагерьді неміс оккупанттары құрды. Бауырластар қабірінде аты-жөндері белгілі 2 066 әскери тұтқын жерленген. Бұл - түрмеге түскендер, аштықтан, жұқпалы аурулардан көз жұмғандар және атылып өлгендер».
Ал, Орел облысының мемлекеттік мұрағаты ұсынған мәлімет бойынша, әскери тұтқындар тізімі енген кітапта Мұхамбетқали Ермановтың аты-жөні қате жазылып кеткен екен: «Тұтқын Ермаков Мугашбет 1902 жылы туған, туған жері Гурьев облысы, Воганский ауданы, Қазыту. 1943 жылдың 20 наурызында өлді».
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Орел облысының мемлекеттік мұрағатынан:
«Мәлімет үшін хабарлаймыз, Орел қаласын неміс фашистерінің басқыншылары жаулап алу кезінде 1941 жылдың аяғы мен 1943 жылдың 5 тамызы аралығында қала түрмесінің аумағында әскери тұтқындар лагері (2-ші германдық танк әскерінің армиясы жиналатын №20 пункті) болған.
Орел концлагеріндегі әскери тұтқындардың тізімінде 11 000-нан астам адам тіркелген. Концлагерьде болған кеңес әскери тұтқындарының нақты саны туралы мәліметтер архивте жоқ. Орел концлагеріндегі сотталғандардың санатында азаматтық тұлғалар да болды. Орел қалалық түрмесінде неміс-фашистерінің басқыншылары мен сыбайластарының зұлымдықтарын анықтау және тергеу жөніндегі Орел облыстық комиссиясының мәліметі бойынша жаулап алу кезінде 5 000 әскери тұтқын мен азаматтық тұлға жерленген.
Лагерьде сотталғандарды ұстау жағдайлары кеңес азаматтарын саналы түрде қырып-жоюға бағытталған болатын. Жылытылмайтын, қараңғы және сыз тартқан 15-20 шаршы метр алаңды алып жатқан түрме камераларында 60-80 адамнан ұстаған. Аядай камерада өте тығыз орналасқандықтан тұтқындар тұрып және ешқандай төсемесіз цемент еденде отырып ұйықтаған. Ішетін және жуынатын судың және таза ауаның жоқтығы, өте мардымсыз тағам үлесі (тәулігіне 200 г қара нан, бір адамға екі рет 25 г шіріген соя, қарақұмық ұны немесе бұзылған ұн қосылған сылдыр судан тұратын сорпа беретін) жаппай өлім-жітімге әкеліп соқтырды. Арып ашыған, ауру жамаған әскери тұтқындарды карьерлерде тас өндіру, снаряд түсіру, қорғаныс ғимараттарының құрылысы және т.б. ауыр жұмыстарға жекті. Тәжірибеде жазалау түрі былай жүзеге асырылды: қыстың кезінде әскери тұтқындарды шешіндіріп, жиі соққыға жығып тұратын. Жұмыстарда әлсіреген әскери тұтқындарды атып тастайтын.
Сотталғандар «өлім блогы» деп атап кеткен түрме корпустарының бірінде гестаповшылар абақтылар жабдықтаған. Мұнда адамдарды азаптап, сейсенбі, жұма күндері 6-8 адамнан атып тастап отырған. Бірінші кезекте кеңестің адамдары, партизан және ұлты еврейлер атылған. Куәгерлер жендеттердің өз құрбандарын түрме ауласына шығарып, бет-жүздерін қабырғаға қаратып немесе жерге отырғызып, желкесінен оқ атқанын айтатын. Атылғандардың арасында лагерь түрмелерінің ауласында бейбіт тұрғындар да болды. Олардың ішінде 13-14 жасар балалар да бар еді. Өлтірілгендерді шешіндіріп, түрме қабырғаларының түбіне көміп отырды немесе канализация құдықтарына лақтыратын.
Орел қаласы фашист басқыншыларынан азат етілген соң бұрынғы қалалық түрменің (бүгінде №1 тергеу изоляторы) солтүстік-шығысындағы кеңес әскери тұтқындары мен бейбіт тұрғындар жаппай қырылған жерде фашизм құрбандарының Бауырластар зираты орналасқан.