Биыл қардың аз түсуі себепті Мұғалжар тауының сілемінен келетін тасқын су мардымсыз болуы мүмкін. Осыған байланысты Жылыой ауданына қарасты Қымыскөл көлі мен Құрсай өзегінің арнасы суға толмай қалатын түрі бар. Бұл – жылыойлық шаруалар үшін үлкен мәселе.
- Аз мөлшерде болса да, Мұғалжар жақтан «қызыл су» жүруде. Тау етегіндегі мұз енді ғана еріп жатыр, - дейді Жылыой аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртас ҚУАТБАЕВ. - Тау сілемінен аққан табиғи суды біз ғана емес, ақтөбеліктер де асыға күтіп отыр. Ақтөбенің Мұғалжар және Байғанин аудандарындағы Оймауыт, Жарқамыс, Дияр учаскелерінен кейін су біздегі Жем өзеніне келіп құйылады.
Демеушілердің көмегімен 20-ға тарта техника мен жұмыс күші жұмылып, «қызыл суды» «Қара-Арна» округінен бастап Жем, Қосшағыл округтері арқылы «Жаңа таң» өндірістік кооперативіне дейінгі 3 мың гектар шабындыққа жеткізу қарастырылуда.
Қамыскөл - Құлсарыдағы жалғыз көл. Осы көл жылына бір рет тасқын су арқасында толып отырады. Көлге су Бақашы бөгеті арқылы Құрсай өзегінен келіп құйылады.
- Құрсай өзегі Құлсары арқылы өтеді. Өзектің жалпы ұзындығы 30 шақырым шамасындай. Біз адамдарды жұмылдырып, өзекті тазартып, өсіп кеткен қамыстарды шабу жұмыстарын жүргізудеміз. Қамыскөл айналасын да тазарту жұмыстары жүрді, - дейді Құлсары қаласының әкімі Шәкір КЕЙКИН.
Ауданда су қорларын сақтау мәселесі өткір күйінде тұр. Бірнеше жыл бұрын голландық «Виттевеен+Бос» компаниясының гидротехнигі Роб Ван БУМЕН зерттеу жұмыстарын жүргізіп, су сақтайтын қойма салу жоспарын жасаған болатын, алайда жоба қымбат болғандықтан бас тартылды.
Ал, өткен жылдан бері ТШО-ның демеушілігімен 25 млн теңге бөлініп, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Бақашы, Құржем бойына шлюз салу, Құрсай өзегін тереңдету, кеңейту, абаттандыру, Қамыскөл көлін тазарту үшін қанша қаражат қажеттілігі осы зерттеу нәтижесінде анықталатын болады.
- Осы жоба жүзеге асса, табиғи су тапшылығы мәселесі жойылар еді, - дейді Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Жәрдемғали АХМЕТОВ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА