Атырау, 28 қараша 08:41
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

«Байлаулы» бағыттар

1 892 просмотра

Image 1Мұнай бағасының құлдырауы, сондай-ақ, Батыс елдері мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың нашарлауы Қазақстанның мұнай-газ саласының табысын төмендетуі мүмкін. Өзіндік құны жоғары (баррелі 100 доллар) Қашаған мұнайы төменгі бағамен сақталатын болса ешкімге керек болмайды. Теңіздегі Келешек кеңею жобасы кем дегенде екі жылға шегеріледі, ал Батыс Қазақстан облысынан Қарашығанақ газ-конденсаты кенішінің шикізатымен жұмыс істейтін газ өңдейтін өз зауытын салу жөніндегі Қазақстанның идеясы Ресейге ұнамайды.

«МИЛЛИАРД – БІР ЦЕНТ ТЕ КЕМ ЕМЕС!»

Өткен жылы қарашада «Теңізшевройлдың» құрылтайшылары ұсынған жаңартылған сметалар мен жұмыс кестесіне сәйкес, Ұңғыма ернеуі қысымын басқару жобасы/ ТШО-ның келешек кеңею жобасы (ҰҚБЖ/ККЖ) деп аталатын жоба екі есеге қымбаттап, ал оны жүзеге асыру мерзімі екі жылға кейінге шегерілген еді. Осылайша, егер 2014 жылдың сәуірінде оның құны 23,7 млрд долларды құраса, сол жылдың қарашасында 38,8 млрд долларға жетті. Атап айтқанда, ККЖ нысандарының құны 11 млрд-тан 14 млрд долларға, ҰҚБЖ нысандарының құны 10,4 млрд-тан 22,4 млрд долларға дейін өсті. ККЖ нысандарын пайдалануға беру мерзімдері 2019 жылдан 2021 жылға ауыстырылды. Жобаның күрт қымбаттауына қазақстандық тараптың риза еместігі айдан анық. Естеріңізге салсақ, қазақстандық «ҚМГ» компаниясы ТШО акциясының 20 пайыз акциясына ие, жобадағы біздің тараптың шығындары осы үлеске шамалас көбейген. Қалған акционерлер: «Шеврон» - 50%, «ЭксонМобил» – 25% және «ЛукАрко» – 5%.

Өзінің Атырауға келген соңғы сапарында ҚР энергетика министрі Владимир ШКОЛЬНИК қазіргі уақытта құнын азайту бағытына қарай ККЖ-ні оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Алайда қазақстандық тарапты бүгінде басқа нәрсе көп алаңдатады. «АЖ» ақпараты бойынша, «ҚазМұнайГаз» Теңізшевройлға жоба құрылысы кезеңінде ҚР бюджетіне ТШО-дан түсетін түсімдердің едәуір азаюына жол берілмейтіндігі туралы ескерту жасаған. Атап айтқанда, ТШО-ға ҰҚБЖ/ККЖ құрылысы кезінде «ҚазМұнайГаз» 1 млрд доллардан кем емес сомада дивидендтер алу үшін жобаны қаржыландыру шартын қайта қарау ұсынылды.

Бұрын «ҚМГ» ТШО-ға қаржыландыру көзі ретінде қарыз қаражаттарын (8-11 млрд доллар) пайдалануды ұсынған еді, тіпті қарыз мөлшері, қаржы көзі және қаржыландыру шарты белгіленген Меморанумға қол қойды.

Қаржыландыру туралы ақырғы шешімді ТШО 2015 жылдың аяғына дейін қабылдауды жоспарлап отыр.


ТШО РЕСЕЙДІ АЙНАЛАТЫН ЖОЛ ІЗДЕЙДІ

Image 0

Батыс пен Ресейдің қарым-қатынасы әрі қарай нашарлаған жағдайда санкциялық соғыс, болжамды түрде, Ресей аумағы арқылы қазақстандық мұнай мен газдың экспорттық легін тоқтатуға дейін ушығуы мүмкін. Теңіз мұнайын тасымалдаудың негізгі бағыты Ресей арқылы жүргізілген КТК мұнай құбыры және Одесса мен Таманьға теміржол бағыттары болып табылады. Соңғы жылдары ТШО-ның Азия-Тынық мұхиттары аймағын қоса алғанда, түрлі нарықтарды зерттеп, экспорттық жеткізілімдерді диверсификациялауға тырысып жүргендігі кездейсоқ емес. Өткен жылдың қарашасында қазақстандық «Панорама» басылымына ТШО бас директоры Тим МИЛЛЕР сұхбат беріп, компанияда Теңізшевройлға арналған антиресейлік санкциялардың ықтимал салдары туралы мәселелерді зерттеумен айналысып жатқан топ бар екендігін хабарлаған еді.

- Олар мұның немен аяқталуы мүмкін екенін және мұндай жағдайда біздің не істеу керектігімізді зерттеп шықты. Қазіргі уақытта бұл топ жұмысын жалғастыруда. Олар мониторинг жасайды. Тиісінше, санкцияның ықтимал салдарын жеңілдетудің баламалы шешімдерін жасаумен шұғылданады. Біз сұйытылған көмірсутек газын тасымалдауға қатысты тобымыз ұсынған кейбір жеңілдетілген шараларды енгіздік. Осы өнімді жеткізу бағытын өзгерттік. Бұл санкция салдарынан құтылуға көмектесті. Егер біз баламалы бағытқа ие болсақ, әрине, біз үшін жақсы, - деп мәлімдеді Миллер.

ТШО мұндай балама ретінде Қытай бағытын («ҚазТрансОйл» компаниясы Атырау-Кеңқияқ мұнай құбыры реверсін орындағаннан кейін) қарастыра ма деген журналистің сұрағына Миллер былай деп жауап берді:

- Иә. Біз осы бағыттың қауіпсіздігіне, сенімділігіне және коммерциялық жағына назар аударамыз. Және біз барлық ықтимал бағыттарды қарастыруды жалғастырамыз.

Ал 2013 жылы ТШО Оңтүстік бағыт деп аталатын - 2008 жылы қайта айдау тарифтерінің жоғары болуы салдарынан тоқтатылған Баку-Тбилиси-Жейхан (БТЖ) құбыры бойынша мұнай тасымалдауды жалғастырды.

Оңтүстік бағыт бойынша Теңіз мұнайы Қазақстаннан Ақтау айлағы арқылы Каспий теңізімен Баку айлағына, әрі қарай Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры бойымен Қара теңізбен Батуми айлағына немесе әрі қарай халықаралық нарыққа жекізілу үшін Жерорта теңізімен Жейхан айлағына экспортталады. ТШО мұнайды Ақтаудан Бакуға дейін тасымалдау үшін «Қазтеңізтрансфлот» компаниясына тиесілі «Ақтау» танкерін жалға алды.

Бір қызығы, үстіміздегі жылдың 23 ақпанында «Шеврон» компаниясының сайтында АҚШ пен ҚР теміржол тасымалдау талаптарына және ТШО қауіпсіздік ережелеріне сәйкес Теңіздегі теміржол жүйесін жаңғыртудың аяқталғаны туралы ақпарат пайда болды. Ақпаратқа сәйкес, теміржолдың жалпы ұзындығы 290 шақырымды құрайды, соның ішіне негізгі магистрал - 96 шақырым және кірме, тұйық жолдар - 194 шақырым. Егер Теңіз пайдаланыла бастаған кезде парк ескірген және жөндеуді қажет етіп тұрған 6 локомотивтен тұрса, бүгінде олардың саны - 30. 1995 жылдан бастап теміржол арқылы ТШО 492,2 млн баррель мұнайды тиеді.

Бір қызығы, компания КТК-мен қатар, теміржол магистралін - құбырдан айырмашылығы, ауа райына, жоспарлы немесе жоспардан тыс жөндеу жұмыстарына қарамастан шикізаттың алуан түрін жеткізуге мүмкіндік беретін мұнай тасымалдаудың негізгі құралы ретінде ұстанады.


ОРЫНБОР ОЙЛАНТЫП ТҰР

«АЖ» ақпараты бойынша, әлі күнге дейін Қарашығынақ Газ өңдеу зауыты (ГӨЗ) мен магистралды «Ақсай – «Бұхара – Орал» газ құбырын салу туралы көптен бері талқыланып келе жатқан мәселе шешілмей келеді. Бұл жобалар өзара байланысты, өйткені 2017 жылы жүзеге асыра бастау жоспарланып отырған ірі мұнай-газ конденсатты Қарашығанақ кенішін 3-ші кеңейту фазасының негізін құрайды. Ал ГӨЗ жобасы мен мемлекеттік сараптама қорытындысы 2012 жылы-ақ әзір болды. 2013 жылдың наурызында ҚР Мұнай және газ экс-министрі Сауат МЫҢБАЕВ Мәскеуге барған сапарында ресейлік тарапқа болашақ ГӨЗ-ге арналған газды таңдау тұрғысында ҚР мен РФ арасындағы келісімге өзгерістер енгізуді ұсынды. Алайда ресейлік тарап қазақстандық тарап ұсынған өзгерістерді енгізу қолданыстағы Келісімнің күшін жойып, жаңа келісімге қол қоюды талап етеді деп мәлімдеді. Осыған байланысты қазақстандық тарапта Қарашығанақ газын Орынбор ГӨЗ-на қабылдаудан бас тартуы ықтимал немесе шектеуі мүмкін деген қорқыныш туындады.

Естеріңізге салсақ, «Қарашығанақ-Орынбор» тасымалдау жүйесі ұзындығы 140 шақырым болатын бес құбырдан тұрады. Ол бойынша көмірсутектер Қарашығанақ кенішінен Орынбор ГӨЗ-на тасымалданады. Қарашығанақ жобасының операторы Karachaganak Petroleum Operating B.V. (КПО) мен біріккен қазақстандық-ресейлік кәсіпорын «ҚазРосГаз» ЖАҚ арасында Қарашығанақ кенішінен газды сатып алу-сату келісімшартына 2007 жылдың маусымында қол қойылды.

«Би Джи Групп» (29,25%), «ENI» (29,25%), «Шеврон» (18%) және «ЛУКОЙЛ» (13,5%) КПО акционерлері болып табылады. 2012 жылдың 1 шілдесінен бастап оның құрамына қазақстандық «ҚМГ» компаниясы 10 пайыз қатысу үлесімен кірді.

Алайда біздің дереккөздеріміздің соңғы уақыттағы ақпараты үміт береді. «ҚМГ» мен «Газпром» тараптары арасында салмақты келіссөздер жүріп жатыр. Газды сатып алу-сату келісімшартын ұзартудың негізгі мәселелері бойынша келісімге қол жеткізілген және әрі қарай соңғы шарттар бойынша келіссөздер жүргізілуде.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

8 сәуір 2015, 10:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.