– Алғалы жатқан пәтерім кепілдікте тұрған еді. Мен қалған несиенің сомасын аванс ретінде төлеп, ал мүлік кепілдіктен алынғаннан кейін қалған соманы төлейтін болып, сатушы екеуміз келісім жасамақ болғанбыз. Бірақ мен сатушының денсаулығына алаңдаймын. Біздің мәмілеміз аяқталғанша, оның аман-сау болатынына сенімді болмай отырмын. Егер ол шынымен де мәмілеміз аяқталғанша о дүниелік болса ше? Маған оның туысқандарын іздеп тауып, аза тұтып отырған адамдардан пәтер құқығымды талап етуіме тура келе ме?
Марат Д.
Сұраққа «Слово защиты» адвокаттық кеңсесінің адвокаты Татьяна МОХНАЧЕВА комментарий береді: «Азаматтық кодекстің 148-бабына сәйкес, мәмiлелер бiржақты және екi немесе көпжақты (шарттар) болуы мүмкiн. Шарт жасасу үшiн екi тараптың (екiжақты мәмiле) не үш немесе одан да көп тараптың (көпжақты мәмiле) келiсiлген ерiк бiлдiруi қажет.
Пәтер кепілдікте тұрса және сіз сатушының денсаулығынан қауіптеніп тұрсаңыз, бұл мәмілеге байланысты тәуекелге бармас үшін банкпен (пәтерді кепілдікте ұстаушы), сатушымен және сатып алушы ретінде өзіңізбен арада үшжақты мәміле жасай аласыз. Ол үшін сатушымен бірге сізге кепілге салынған мүлікті сату үшін тез арада сату-сатып алу келісім-шартын жасағаннан кейін банк есеп-шотына несиенің қалған сомасын салатыныңызды, ал қалған сома салынбаған жағдайда келісім-шарт жарамсыз боп есептелетіні туралы көрсетіп, банктің келісімін алуыңыз керек.
Банк осы мәмілені жасауға келісім бергеннен кейін, сіз тез арада пәтерге сату-сатып алу туралы үш жақты шарт жасап, оны нотариалды куәландыра аласыз.
Шартта көрсетілген мерзім бойынша сатып алушы несиенің қалдық сомасын банктің есеп-айырысу шотына салғаннан кейін, келісім шарттарын әрі қарай орындау үшін банк пәтердің түпнұсқа құжаттарын тараптарға беруге міндетті екені келісім-шартта көрсетілуі керек. Әрі қарай сізге пәтердің қалдық сомасын сатушыға төлеуіңіз қажет болады, содан кейін шарт аяқталған боп, ал сіз пәтер сатып алушы боп есептелесіз.
Бұдан басқа, кепілдік әділет департаментіне тіркелгендіктен, несиенің қалдық сомасын алғаннан кейін және пәтердің түпнұсқа құжаттары берілген соң, банк әділет департаментіне пәтерді кепілдіктен алып тастау туралы өтінішпен хат жазуға міндетті.
Пәтерді кепілдіктен алғаннан кейін үш жақты сату-сатып алу келісім-шартының негізінде сіз осы жылжымайтын мүліктің меншік құқығын өз атыңызға тіркей аласыз.
Пәтерге үшжақты сату-сатып алу келісім-шартын жасау сізге уақытыңызды шығындамауға және өзіңіздің пәтерге құқығыңыз үшін қауіптенбеуге мүмкіндік береді».