Атырау, 19 сәуір 21:32
 ашықВ Атырау +19
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Қарызды алу оңай, беру қиын

3 445 просмотра

– Танысыма ешқандай нотариалдық расталған қолхатсыз ірі сомада қарызға ақша берген едім. Енді өкініп отырмын. Уәде еткеніне қарамастан, ол ақшаны беруге асығар емес. Дәлел ретінде тек sms арқылы жазысқан хабарламалар ғана бар. Қайдан көмек сұрауға болады?

Телефон арқылы

«Слово защиты» адвокаттық кеңсесінің адвокаты Татьяна МОХНАЧЕВА түсінік береді: «Ақшаны қарызға берерде, сіз мәміле жасайсыз. Соған орай, оларды қайтармаған жағдайда борышкерден сомаңызды өндіріп алу туралы талап арызбен сотқа шағымдана алуыңыз үшін осы ақшаны қарызға алған тұлғамен өзара қарым-қатынасыңыз мемекетіміздің азаматтық заңнамасымен реттелуі тиіс.

ҚР азаматтық кодексінің нормаларына сәйкес, мәмілелер жазбаша және ауызша жасалады. Жазбаша түрде:

1) кәсiпкерлiк қызмет үрдiсiнде жүзеге асырылатын;

2) жүз есептiк көрсеткiштен жоғары сомаға; 3) заңдарда немесе тараптардың келiсiмiнде көзделген өзге де реттерде жасалуға тиiс.

Хат, жеделхат, телефонжазба, телетайпжазба, факс, электрондық құжаттар немесе субъектiлердi және олардың ерiк бiлдiруiнiң мазмұнын айқындайтын өзге де құжаттар алмасу жазбаша түрде жасалған мәмiлеге теңестiрiледi. Мұны сот дәлел ретінде бағалай алады.

Азаматтық кодекстің 716-бабының 2-тармағы бойынша заем шарты заемшының қолхаты немесе оған заем берушiнiң белгiлi бiр соманы немесе заттардың белгiлi бiр мөлшерiн бергендiгiн куәландыратын өзге де құжат болған жағдайда да тиiстi жазбаша нысанда жасалды деп танылады.

Сұрақтан борышты адам  ақшаны қарызға алғанын мойындай ма, жоқ па, сол түсініксіз боп отыр. Қарыз алғанын мойындаған жағдайда, сізге оның қолхаты қажет болмайды. Сот ол болмаса да талабыңызды қанағаттандырады.

Осыған байланысты дау туындаған жағдайда, қарыз бергендігіңіз туралы сөзіңізді растау үшін сіздің ақшалай қаржы бергеніңізді растайтын құжатты қарыз алушыдан алуыңыз қажет. Өйткені сотқа шағымданған жағдайда мұндай құжатыңыз болмаса, қарызға бергендігіңізді растай алмайсыз. Мұндай жағдайда қарызға ақша бергендігіңіз туралы куәлік етуіңіздің ешқандай заңды күші болмайды.

Алайда Азаматтық кодекстің 153-бабында тараптардың мәмiленiң жасалғанын, мазмұнын немесе орындалғанын жазбаша немесе өзге куәгерлiк айғақтардан басқа дәлелдермен растауға құқылы екендігі қарастырылған.

Сізде ақшаны қарызға бергеніңізді растайтын sms арқылы жазылған хатыңыз болса, оны сотта дәлел ретінде ұсынуға құқылысыз. Сот бүкіл мән-жайды және сіз ұсынған дәлелдерді ескеріп, сіздің талабыңызды қанағаттандыру немесе қанағаттандырмау туралы тиесілі шешімін шығарады.

Облыстық криминалдық полиция басқармасының бастығы Асан ШАЛХАРОВТЫҢ айтуынша, тиісті арызбен қалалық ішкі істер басқармасына да шағымдануға болады екен. Бұл жағдайда “алаяқтық” бабы бойынша қылмыстық іс те көтерілуі мүмкін. Sms хабарламасы дәлел ретін жарамды, алайда ақша беру кезінде қатысқан куәгердің болғаны да жақсы.

15 қыркүйек 2011, 23:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.