Атырау, 28 қараша 07:57
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Тиімділіктер мен ақаулықтар

3 080 просмотра

Мемлекеттік тегін медициналық көмек көлемі (МТМКК) соңғы 5 жылда 5 есеге – 2 млрд 357 млн-нан 5 млрд 684 млн теңгеге артты және негізгі басымдық алғашқы көмекке берілген. Осы және басқа да тақырыптар облыстық денсаулық сақтау басқармасының коллегиясында талқыланды.

Басқарма басшысы Меңдіхан ӨТЕПҚАЛИЕВ өз баяндамасын негізгі көрсеткіштер – бала туу, кісі өлімі және халықтың табиғи өсімінен бастады. Олар қарапайым адам түсіне бермейтін арнайы сызба бойынша есептеледі. Бір белгілісі, бізде туу мен халықтың өсімі республика бойынша жоғары, ал, кісі өлімі – төмен.

Облыста бүгін 7 аудандық, 6 ауылдық учаскелік аурухана, 55 дәрігерлік амбулатория және 47 медициналық, фельдшерлік-акушерлік және фельдшерлік бекеттер жұмыс жасайды. Бірнеше жыл бұрын еліміз алғашқы медициналық-санитарлық қызметті нығайтуға бағыт алды. Яғни, емханалар науқасқа стационарлық көмек қажет етпейтіндей сапада ем беруі керек. Тиімділігі мынадай: Атырау облысында соңғы жылдары тәулік бойы жұмыс жасайтын стационарларда кереует қоры 3074-тен 2969-ға, яғни, 105 бірлікке қысқарған. Ал, күндізгі стационарларда кереуеттер саны емделген науқастар санымен бірге, керісінше, өсіп келеді. «Ауруханалардың күндізгі бөлімі» қызметі де қыза түсіп, оны қолданушылар екі есеге дейін артты. Адамдар күндіз ем алып, кешкісін үйлеріне қайтады. Бұл науқастар, әсіресе, үйлерінен кеткісі келмейтін балалар үшін өте ыңғайлы.

- Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің Атырау облысы бойынша аумақтық департаментінің қаржысы өткен жылы 4 миллиард 663 млн теңгені құрады, бұл ақшалардың барлығы «стационарлық», «стационарлықты ауыстыратын» және «жоғары мамандандырылған көмек» санаттары бойынша толық игерілді, - дейді Медициналық қызметке ақы төлеу аумақтық департаментінің басшысы Балкенже БАРСАЕВА. Оның пікірінше, бүгінде облысымызда медициналық қызмет көрсетушілер үшін бәсекелестік орта жасалған. Мәселен, облыстағы 19 стационардың төртеуі - жеке меншік, 11 емхананың үшеуі – мемлекеттік емес. 17 ұйым МТМКК қызметін атқарады, ішінде төртеуі - жеке меншік емхана. Шаруашылық жүргізу құқығына 13 ұйым көшті. Алайда медициналық мекемелер басшылары өз қызметкерлерінің біліктілігін арттыру (табыстың 0,4%-ы ғана бөлінген, жалпы республикалық көрсеткіш - 1%) мен жалақыны көбейтуге (мысалы, жергілікті кардиологиялық орталықта бұған 29% кетеді, ал, үкіметтің қаулысына сәйкес, 40%-дан кем болмауы керек) көп қаржы бөлгісі келмейді. Тек 7 стационар мен 6 емханада дифференцияланған төлем енгізілген.

Мені таңғалдырған бір жайт, қатты ауырса да, ауруханаға жата алмай жүрген адамдардың көптігіне қарамастан, біздің тәулік бойы жұмыс жасайтын стационарларда – облыстық ауруханада, офтальмологиялық орталықта, Индер, Махамбет, Исатай аудандарындағы ауруханаларда 354 кереует бос тұр екен. Дегенмен, Медициналық қызметтерге ақы төлеу департаментінің мамандары облыста науқастардың 10%-ына жуығы негізсіз ауруханаға жатқызылып, облыс орталығында аудандық деңгейдегі науқастар өте көп емделеді деп есептейді. Яғни, бұл науқастарды аудандық ауруханаларда да емдеуге болады.

Департамент қызметкерлері медицина қызметкерлерінің жұмысынан жалпы сомасы 462 млн теңге болатын 11 366 «дефект» (ресми түрде осылай аталады) анықтады. Сарапшылар сомасы 119 млн теңгелік 5 279 дефектіні растады. Бұлардың негізгі бөлігін қызметтер бағасын өз бетінше көтеру (35%) мен диагностика және емдеу хаттамасынан ауытқу (30%) құрайды.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

19 наурыз 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.