1987 жылдың көктемі. «Фарит» қыстағы. Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Геннадий КОЛБИН қарапайым малшы Фарит САБЫРОВТЫҢ шаруашылығымен танысу үшін осы қыстаққа әдейі сапарлап келді. Ол малшылықтан бөлек егіншілікті де қатар алып жүрген болатын. Сонымен бірге, қоян өсірді. Қазір Фарит ақсақалдың ісін балалары жалғастыруда.
Қыстан шыққан малшы үшін бұл кез - жіңішкенің үзілер шағы. Бірақ «Түске дейін мейіз, түстен кейін киіз» болып жатқан көктемнің жайма-шуақ күндері оларға ерекше күш-қуат береді. Бірер күннен кейін жыл басы - Наурыз төрге озбақшы. Осы күнді асыға күткен Сабыровтар отбасында той-думан басталады.
- Бүкіл туысқан Наурыз мерекесінде және Ұлы Жеңіс күнінде қыстаққа жиналады. Бұл - бізде қалыптасып қалған дәстүр, әкеміз тірі кезінде де солай болатын, - дейді «Фарит» шаруа қожалығының басшысы Аманжан САБЫРОВ.
Ұлы Отан соғысының ардагері Фарит Сабыровтың өмірден озғанына бүгінде бес жыл өтіпті, бірақ оның ісі жалғасын тауып, алға басып келеді. Алты перзентінің ішінен үш ұлы - Ділімжан, Аманжан, Қайыржан таңның атысынан кештің батысына дейін шаруашылықпен айналысады. Олар отбасыларымен бірге көршілес тұрады. Бір-бірімен тату. Бізді де өз жақынын көргендей жылы қарсы алды.
- Біз Наурызға дайындықты ерте бастаймыз, - дейді абысынды Бәлия мен Нұрсұлу. - Үйімізді жинап, әктеп, ұлттық тағамдарды әзірлеуге кірісеміз. Сіз бауырсақ пісіріп жатқанда келдіңіз, бұл сіздің құтты қонақ екеніңізді білдіреді.
«Абысын тату болса, ас көп» деген. Бұл әулеттің абысындары үйдің бүкіл шаруасын бірігіп атқарады, сиыр сауады, ірімшік, құрт қайнатады. Қолдары босай қалса іс тігеді, тоқиды.
- Енем ертеректе қайтыс болды, бірақ аз уақыттың ішінде мен одан көп нәрсе үйрендім, - дейдіНұрсұлу. - Үлкен шаңырақты өзім ұстап қалғандықтан әулетімізге 18 жасында келін болып түскен Бәлияға абысын әрі ене болдым. Ол кезде мен 30 жаста едім. Содан бері 25 жыл өтіпті, бірақ біз әлі күнге дейін бірге тұрамыз, татумыз.
Қыстақта техника көп: лизингіге алған екі «МТЗ-80» тракторы. Жақында Ресейден соңғы үлгідегі су жаңа «УАЗ» көлігін айдап келген. Қыстақ басында пішен тапшы болғандықтан жыл сайын 70 шақырымдағы жайлауға барып, шөп дайындайды. Суды екі жерасты құдығынан алады. Қыстаққа қуат көзі келіп тұр, үйді қимен жылытады, ал, суық күндері жылыту батареясын іске қосады.
«Фарит» шаруа қожалығында төрт түліктің бәрі бар. Қаз, тауық та өсіреді. Бүгінде мал төлдеу науқаны басталып кеткен. Қозы, лақ, бұзау, құлын, боталар көбейе бастапты. Мектеп бітіріп үйіне көмектескен Перизат төлдерді таныстыра бастады.
- Қай істі ұйымдастырсаң да ыждағаттылық керек, - дейді ағайынды Фаритовтар.- Біздер жұмысшыларды жалдаған емеспіз, бәрін өзіміз жасаймыз. Еңбек демалысында немесе каникулда студент балаларымыз көмектеседі. Шаруашылық жұмысында демалыс болмайды, сондықтан бізде еңбек демалысы деген жоқ. Таңертеңнен қара кешке дейін мігірсіз еңбек етеміз, бізді аула, қораны тазалау, шөптеу, жемдеу, суару, төлдер күтімі деген жұмыстар күтіп тұрады.
- Табыс көзін қалай құрап келесіздер?
- Көктоғай ауылына, Атырау қаласына мал апарып сатамыз. Сүт өнімдерін: шұбат, айран, сүзбе, құрт, ірімшік, қаймақ сатамыз. Биыл бие байлап, қымыз ашытуды ойластырудамыз, себебі, оған сұраныс бар. Әйелдер жағы түйе жүнінен көрпе, ал, қой жүнінен шұлық, қолғап тоқиды. Малдан пайда көп, тек соны ұқсата білу керек.
- Қалаға көшу ойларыңызда бар ма?
- Ол туралы айтпаңыз. Біз кең даланың адамдарымыз. Жақын маңдағы Көктоғайға барғанның өзінде кеткенше асығамыз.
Сабыровтардың үлкен әулеті мүгедектер отбасын қарамағына алып, қамқорлық жасап отырғанын білгенде қуандық.
Бұл отбасының дастарханы қонақтан үзілген емес. Қыстақтан ұзай бергеніміз сол еді, бізді ізгі жандар тұратын жерге кері қарай тарта берді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Индер ауданы, Көктоғай ауылы