Облыс әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Болат ДӘУКЕНОВ
Апелляциялық алқада «Бергей Рысқалиевтың ҰҚҚ ісі» бойынша сотталғандардың шағымдарын қарау аяқталды. Сот кеңесу бөлмесіне шығып кетті.
Соңғы екі аптада сотта сотталушылар мен олардың адвокаттарының шағымдары тыңдалды. Бірінші сатыдағы сотта түрлі мерзім жазасына үкім етілген бұрынғы шенеуніктер мен кәсіпкер-лер, әдеттегідей, оның шешімімен келіспей, айыпсыз деп тануды немесе жазаны өзгертуді сұрайды.
Облыс әкімінің бұрынғы бірінші орынбасарының қорғаушысы Юрий СЛИНЧЕНКО соттан қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың үкімін жоюды және істі «қылмыстық-іс жүргізу заңының бұзылуына байланысты» жаңа сот тергеуіне жіберуді сұрайды. Ол кейбір тағылған айыптарды өзгертуге жұмыстанып, «ДӘУКЕНОВТІҢ әрекеттерін ұйымдасқан топқа қатысу деп танып, осы бойынша қылмыстық істі тоқтатуды» өтінеді. Бір қарағанда қарама-қайшы көрінетін тұжырымдаманы ол былай деп түсіндірді:
– Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚР Жаңа Қылмыстық кодексі күшіне енді. Онда «қылмыстық қауымдастық» деген ұғым түсінігі өзгертілген: егер бұрын қылмыстық қауымдастық деп ұйымдасқан қылмыстық топтардың бірігуі танылса, енді ол қылмыстық ұйымдардың бірігуі болып табылады.
Қысқасы, түсініктемедегі бір қарағанда елеусіз көрінген өзгерістер, егер оның адвокаты өз қорғалушысына қатысты жаңа ҚР нормаларының қолданылуына қол жеткізсе, заңды негізделген түрде Дәукеновтің жаза мерзімін азайтуға әкелуі мүмкін.
– Бұл мүмкін деп есептейсіз бе?
– Мүмкін деп ойлаймын. Сот тәжірибесінде «заңның кері күші» деген ұғым бар: егер жаңа заң жазаны жеңілдетіп, жағдайын жақсартатын болса, оның баптары ол заңды күшіне енбес бұрын жасалған әрекеттерге қолданылуы мүмкін.
«МЕН ПАКТЫ КӨНДІРДІМ»
Мүлкін тәркілеумен қатар 15 жылға қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеуге үкім етілген Дәукенов өзінің апелляциялық шағымында үкіммен келіспейтінін мәлімдеген. Оның үстіне, ол оны «әділетсіз» деп атап, бірінші сот сатысының үкіміне «сөзі көп», «жорамал» деген анықтамаларды қолданып, үкімді қылмыстық істің үзінділерінің жай көшірмесі деп растады. Сотта ол қолжазба мәтініндегі қылмыстық іс материалдарынан алынған жауаптардың 6 парақ көшірмесін мысал ретінде келтірді: «Сотта жауап алынған 38 куәгердің 35-інің жауаптары іс жүзінде еленбеген. Қалған үшеуінің – НҰРЛЫҒОЖИЕВТІҢ (қала әкімінің ауысымсыз бұрынғы орынбасары Әділбек Нұрлығожиев), ЕСІМОВТЫҢ (Мақсот Есімов Рысқалиев әкім болып тұрған кезде облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бастығы лауазымын атқарды), ЖҰМАҒАЛИЕВАНЫҢ (қазіргі кәсіпкерлік басқармасының бастығы Лариса Жұмағалиева) жауаптары – сот жауабынан алынды. Алайда олардың жекешелендіруге қатысы болған жоқ (Дәукенов ҰҚҚ-қа басшылық етті дегеннен басқа коммуналдық нысандарды заңсыз жекешелендірді деп айыпталған – З.Б.). Айыптау үкіміне негіз болған ЖАНТЕМІРОВТІҢ (облыстық қаржы басқармасының бұрынғы бастығы Бауыржан Жантеміров) жауабы - дәл емес, болжамды және қарама-қайшы. Айтқан жауабынан өзі жаңылысып отыр».
Дәукенов өзі шенеунік болған кезде жасаған белгілі бір әрекеттерінің заңсыз болғандығын ұғынып отыр, алайда бұл жазаны өте аяусыз, әділетсіз деп есептейді: «Иә, мен қылмыстық заңмен жауапты болатын әлдебір әрекеттер жасаған шығармын, алайда қылмыстық іс қозғалғанға дейін өз лауазымымда қала отырып, мен жекешелендіру нысандарын қайтару шараларын алдым. Кәсіпкер ПАК (мәслихат депутаты Владимир ПАК. Оның компаниясы Бергей Рысқалиевтың тұсында жекешелендірілген бүкіл нысандарды дерлік алып, ірі тапсырыстардың барлығына ие болған еді – З.Б.) менімен сөйлескен соң облыстық әкімдікке мүлікті қайтаруға ниетті екені туралы хат жолдады. Кейіннен барлық нысан қайтарылды».
«МЕНІҢ ЕШ КІНӘМ ЖОҚ»
ҰҚҚ шеңберінде заңсыз жекешелендіруге қатысты деп айыпталған басқа бір ірі шенеунік, облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Асқар ӘБДІРОВ ешбір бап бойынша өзін кінәлімін деп санамайды.
– Оның әрекеттерінде оған тағылып отырған қылмыс құрамы жоқ. Біз апелляциялық алқаға қылмыс құрамы жоқ болғандықтан, қорғалушымды барлық айыптаулар бойынша кінәсіз деп тануды сұраймыз, – дейді адвокат Алтынай НАБИЕВА. – Қорғаушы ретінде дәлелдерді жинау тұрғысында тергеу ісінде де, бірінші сатыдағы сотта да көптеген қылмыстық-іс жүргізу заңнамасы бұзылған деп есептеймін. Естеріңізге салайын, тергеу ісі қылмыстық іс қозғау туралы қаулы шығаруға қатысты заңды өрескел бұзған (қылмыстық істі тергеу барысында ҚР қылмыстық-іс жүргізу заңнамасының негізгі принциптерінің бірі бұзылған –бірқатар сотталушыға қатысты қолданыстағы тәртіп бойынша қылмыстық іс қозғалмаған. «Экс-әкім ісі. Адвокаттар шабуылы-2» мақаласын қараңыз - З.Б.). Оған заңсыз жекешелендіру бойынша бір ғана эпизод тағылып отыр. Ол әкімдікке бағынбайтын және түрлі органдардың өкілдерінен тұратын 12 адамнан құралған комиссияның төрағасы болды. Комиссияның шешімі ұсыныс сипатында болды, бұл алқалық орган болатын. Оның шешіміне күмәндана алмағандықтан, ол бұл құжаттарға қол қойды. Сондықтан біз тек кінәсіз деп тануды сұраймыз.
Апелляциялық комиссия шешімін жариялау 17 наурызға белгіленген.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА