Атырау, 26 қараша 13:31
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Кәсіпкерлер өздерін қорғайды деп құрылған ұлттық палатаны сотқа берді

1 235 просмотра

Елде табанақы, маңдай терімен қаржы тапқан бірнеше кәсіпкер өздерін қорғайды деп құрылған ұлттық палатаны сотқа берді. Олар палатаның мүшелік жарнасын төлеуге қарсы. Наразы топ заң бойынша еркінен тыс палата қатарына кіргізетіні аздай, енді жыл сайын 300-500 мың теңгені төлеуге міндеттеуі – қанау сияқты дейді. Алайда, бүгінге дейін бірде-бір сот кәсіпкерлердің арызын ескермей отыр екен.

Өзім дегенде өгіздей күшім бар деп, сенімді сөйлеген Олег Кондратов ұлттық кәсіпкерлер палатасына қарсы арызданған бизнесмендердің бірі. Шағын ғана шаруасын дөңгелетіп, 20 адамды жұмыспен қамтып отырған азамат бұған дейін де палатаның көмегінсіз табыс тапқанбыз, енді олардың қоластында болу үшін тағы да артық шығынға батқым келмейді дейді.

«Мүшелік жарнаға 300 мың теңге беру үшін мен аз дегенде 3 жұмысшымды қысқартуым керек. Сондықтан бірнеше бизнесмен сотқа беруге келісімге келдік. Егер заң тұрғысынан келсек, әділдікке жетеміз деп сенемін», - дейді кәсіпкер Олег Кондратов.

Заңға сәйкес, жылдық айналымы 106 миллионнан асатын кәсіпорындар ғана мүшелік жарна төлеуге міндетті екен. Палатаға жарна төлеуге қарсылық білдірген 26 бизнесмен: «сома түскен табыспен емес, таза пайдамен есептелу керек», - дейді. Өйткені, кей кездері шығынға бататын жағдайлар да болады. Алайда, осы айтылғандарды тізіп жазған алғашқы шағымдарын сот қарамай тастапты.

«Бірқатар талаптарымызды өзгертіп, екінші рет жазған 26 арыздың 11-н қабылдады. Ал 15-і қарауға алынбай отыр. Былайша айтқанда арызды қарайтын бір сот, бірақ әртүрлі шешім шығарады», - дейді адвокат Нұрхан Жұмабеков.

Бір кездері Парламент сенатында депутат болып, талай заңды қабылдауға атсалысқан Уәлихан Қайсар бұл іс сотқа жетсе палатаның жеңіліп қалатынына сенімді. Яғни, биліктің шалыс қадам басқанын айқындап беруі әбден мүмкін дейді.

«Жай заңдарға ғана емес, ол тіпті Конституцияға да қарсы. Кәсіпкерлер палатасы оларды зорлап кіргізіп жатса, міндеттеп мүшелік жарна төлеткізіп жатса, ол әрине заңға қайшы. Мұны айтсам күлкілі шығар, садақа ретінде беру керек кәсіпкерлер», - дейді Уәлихан Қайсар.

Мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасына хабарластық. Ресейдегі дағдарысқа байланысты басшылықтың бәрі үздіксіз үкіметте жиналыста болып, 3 күн дегенде бізге уақыт тапты. Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, алдағы жылы қаңтардың соңында палатаның кезектен тыс съезі болып, сонда бірқатар өзгерістер ұсынылады деп отыр.

«Мұндай арыз-шағымдар келіп түсіп жатыр. Біз жасырып жатқан жоқпыз. + 296 мың төлейді. Ол 106 миллион мен 2,6 миллиард айналымы барлар. Біз сол 296 мыңды 3 есе төмендетейін деп отырмыз. 100 мың теңгеге дейін жеткізіп. Енді қазір қиын жағдайлар келе жатыр алдымызда. Айналымы 2,6 миллиардтан астам компаниялар. Оларға ауыртпашылық емес. Бірақ, олардың да жағдайын байқап отырмыз. Оларды да 2 есе төмендетіп отырмыз», - дейді ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов.

Абылай Мырзахметов, мүшелік жарнаны таза пайдадан алу деген қисынсыз екендігін айтты. Өйткені, бүгінгі таңда осындай әдіспен салық төлеп отырған 300 ғана кәсіпорын бар екен. Яғни, олардың айналымы 106 миллионнан асатын 20 мың кәсіпкер үшін төлеуі әділетсіз дейді.

Сондай-ақ, палата өкілдерінің айтуынша, елдегі кәсіпкерлердің 90 пайыздан астамы мүшелік жарнаны төлеуден босатылған екен. Айта кетерлігі, қалған аз бөлігіндегі бизнес өкілдерінің ішінен бұл міндеттемені орындағысы келмегендерді жауапкершілікке тарту заңда қарастырылмапты.

Дереккөз: bnews.kz

26 желтоқсан 2014, 10:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.