Бағаны доллармен қойғандар жазаланады. Үкімет енді автосалон немесе дүкендер болсын, кез-келген тауар құнын шетелдік валютамен көрсеткендерге қатаң шара қолданбақ. Яғни, лицензияларынан жаппай айырылады. Тиісті заңға тіпті өзгеру енгізілуі мүмкін. Дегенмен экспорттан пайда тауып отырған біздің ел үшін дедоллоризация тиімсіз дейтіндер де бар. Ұлттық банк талабына сатушылардың өздері қалай қарайды?
Үкімет пен Ұлттық банктің кешегі мәлімдемесі қоғамда қазір қызу талқыланып жатыр. Онда 2015 жылға арналған экономикалық саясаттың бағыт-бағдары көрсетілген. Әсіресе бағаны шартты белгілермен қоюға тыйым салынуы көптің әлі мұндай өзгеріске дайын еместігін көрсеткендей. Яғни, бұдан былай тауарлар мен қызмет құнына қойылатын баға тек төл теңгеде болуы керек.
Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:
-Біздің елде тауардың бағасын шартты белгілермен көрсету қалыптасқан. Олай болмауы керек. Бұл пост кеңестік елдердің ойлап тапқаны. Енді сонымен қоғам болып күресуіміз қажет. Яғни, барлық тауардың бағасы тек ұлттық валютада көрсетілуі керек. Бұл төл теңгені нығайтуға сеп болады.
Егер тауардың құнын теңгемен емес доллармен айтсаңыз жауапқа да тартылуыңыз мүмкін. Себебі, Әкімшілік құқық бұзу туралы заңға осындай өзгертулер әзірленіп жатыр. Мұның барлығы халықтың теңгеге деген сенімін арттыру үшін істелуде. Оған қоса, доллар түріндегі депозиттердің жылдық сыйақысы 4 пайыздан 3 пайызға азайды. Ал, теңге депозиттердің кепілдік етілетін сома керісінше екі еселенбек. Дегенмен дедоллоризация ойдағыдай нәтиже береді дегенге күмәнмен қарайтын сарапшылар аз емес.
Меруерт Махмұтова, тәуелсіз сарапшы:
-Бүгінгі күні біздің бар кірісіміз экспорттан. Мұнайдан түсіп отыр. Біздің шикізаттарымыз шет елге доллармен сатылады. Сол арқылы бюджетке ақша доллармен түседі. Тіпті, мемлекеттік активтер доллармен сақталған. Сол халықтың долларға деген сенімі бәрібір басымырақ.
Бағаны тек теңгемен айту әсіресе жылжымайтын мүлік нарығында қиындық туғызатын сыңайлы. Себебі бұрын баспана құны бірнеше мың доллар деп есептелсе, енді бірнеше миллион теңге деп түсіну оңай емес. Ал су жаңа көлік мінгісі келгендер үшін қолайлы жағдай жасап келген екінші деңгейлі банктер қазір несие беруді шектеген. Басым бөлігі тек доллармен есеп айырысамыз десе, екіншілері алғашқы жарна мен үстеме пайыз көлемін көбейтіп үлгерген. Сондықтан автосалондардың жұмысы жаңа жыл қарсаңында тұралап тұр.
Юрий Коломыченко, Автосалонның көлік сату жөніндегі директоры:
-Автосалондағы барлық көліктердің бағасы шартты бірлік бойынша көрсетілген. Себебі, адамдарға солай ыңғайлы. Тек көлікті сатарға келгенде теңгеге шағамыз. Енді шартты бірлік деген ұғым жойылса бюджет пен компания саясатын қайта қарастыруымызға тура келеді.
Үкімет пен Ұлттық банк девальвацияны болдырмау шараларын да қолға алғандарын мәлімдеді. Сондай-ақ, ақша айырбасына нарықта алып-сатарлықты шектеу енгізілген болатын. Сату мен сатып алудың айырмашылығы кемі 10-шы ақпанға дейін өзгермеуі тиіс. Ол үшін Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп, валюта айырбастау пункттеріне қатысты талаптарды күшейтіп отыр. Егер ереже ескерілмесе жаппай лицензияларынан айырылатын болады.
Дереккөз: bnews.kz
26 желтоқсан 2014, 09:23
Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.
Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.