Атырау, 21 желтоқсан 00:12
 бұлттыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

2015 жылы бізді не күтіп тұр?

5 816 просмотра

Биыл елімізде бұқаралық ішкі саяси өміріміздегі тоқырау жалғасын тапты. Тек бір ғана «Антигептиль» саяси қозғалысы өз күшінің шамасына қарай түрткі салуға талпынды. Бірақ бәрі зая кетті – билік күш құрылымдарымен бірге қоғамдық-саяси тіршілікті уысында ұстап тұрды. 

Қарапайым қазақстандықтар ашынып, азғана топ-топ болып, өздерінің түрлі құқықтарын – көбінесе, өз баспаналарына құқықтарын қорғауға тырысып, шағын наразылық акцияларына шықты. Бірақ бұл әрекеттер де сол мезет тойтарылып, позитивті салдарсыз, тосқауылға ұшырап отырды. Ағымдағы жылы біздің әкімдіктерде, нормативтік деңгейде дерлік титықтатып жіберетін тәсіл қолданыла бастады. Әкімдіктер қарапайым азаматтардың сауалдарына жауап ретінде «ертеңмен тойдырып», үміт ұялата отырып әрі діңкелерін құртып, талаптарынан бас тартуға мәжбүрледі. Көріп отырғанымыздай, билік басындағылардың көпшілігінде адамгершілікке жат болмыстар күшейіп келеді.

Екінші жағынан алып қарасақ, өтер жылда дәл осы адамгершілікке жат бассыздықтар, биліктегілердің озбырлығы саяси өмірдің өзіндік жандануына әкелді. Алайда, тек Фейсбук секілді әлеуметтік желілерде ғана. Бұл тұрғыда Астана әкімі Ә.Жақсыбековтің біздің астанамызға келіп жатқан ішкі мигранттар туралы жағымсыз мәлімдемесіне қатысты әлеуметтік желілердегі ашу-ызаға толы реакцияны айтуға болады.

Әрине, өтіп бара жатқан жылда билікке деген сенімсіздіктің арта түсуіне ақпан айында орын алған теңгенің девальвациялануы секілді экономикалық факторлардың сеп болғанын жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен, бұл жағдайда да билік халықтың мүддесіне пысқырып та қарамай, елеулі өтемақы салдарын ұсынбастан, бұл «операцияны» қас-қағым сәтте өткізіп жіберді. Оның үстіне, биыл біз бағаның тоқтаусыз көтерілгеніне куә болдық. Бұл көптеген қазақстандықтардың тіршілік деңгейін едәуір нашарлатып жіберді.

Қырым аннексиясы мен Ресей тарапынан жасалған Украинаның оңтүстік-шығысындағы басқыншылық қазақстандықтарда виртуалды саяси ниеттестіктің артуына ықпалын тигізді. Бұл оқиғалар алуан түрлі жасырын, соның ішінде наразылық көңіл-күйдің ашық виртуалды форматқа шығуына қозғау салған негізгі катализаторға айналды. Иә, бұл тек әлеуметтік желілерде ғана орын алды. Алайда, бұл, біріншіден, қоғамда саяси сауаттылық артқанын бейнелейді. Екіншіден, бұл факті де біздің қоғамда барлық сала бойынша түбегейлі өзгерістерге сұраныстың бар екенін көрсетеді. Үшіншіден, Украинадағы оқиғалар қазақ мемлекеттелігінің қалыптасқанын көрсетті, өйткені ресейлік ұлы империялық көңіл-күйдің артқанын біздің елімізде жұртшылықтың басым бөлігі жағымсыз әсермен қабылдады.

Сол уақытта Украинадағы қақтығыс, ЕАЭО құру туралы келісімшартқа қол қою және ратификациялау Қазақстан үшін екі жол арасындағы су айрығындай болды – барлығымен сындарлы ынтымақтастықта болатын нағыз тәуелсіз мемлекет болу немесе әлдебір көрші державаның протекторатына кіру. Дәлірек айтқанда, биыл Қазақстанның саяси өмірінің басым бөлігі осы мәселе аясында өтті. Сондықтан 2014 жылы Назарбаевтың егер Қазақстанның тәуелсіздігіне қауіп төндіретін болса ЕАЭО-тан шығу мүмкіндігі жөнінде әлденеше рет мәлімдеуі кездейсоқ емес. Ал 21 желтоқсанда берген сұхбатында ол «дағдарысқа байланысты Еуразиялық одақ үлкен қауіп-қатерге ұшырап отыр»деп те айтқан болатын. Оның қандай дағдарысты меңзегені түсінікті – Ресейдегі тереңдеп бара жатқан экономикалық дағдарыс және оның Батыспен шиеленісінің ушығып бара жатқандығы. Украинадағы шиеленістен кейін бұрынғы кеңестік одақ кеңістігінің көпшілігі Мәскеу өздерін күшпен бағындыруы мүмкін деп қауіптене бастады. Астананың, Минскінің Кремльге қатысты қауіптері өтіп жатқан жылы орын алған Кедендік одаққа мүше елдердің «сауда соғысының» себептерінің біріне айналғанын жоққа шығаруға болмайды. Ол көпшілікке іс жүзінде кейін шегіну туралы, еуразиялық интеграцияның біткендігі туралы айтуға мүмкіндік берді.

Бәлкім, жоғарыда айтылған факторлардың бәрін ескерген Назарбаев Нұрлы жол жобасына енгізілген инфрақұрылымдық реформалар бағдарламасын, қолжетімді арендалық баспана салу бастамасын көтерген шығар. Ал жыл аяғында келер жылдың басында түрлі бюджеттік төлемдердің көтерілетіндігі туралы жариялады. Шамасы, Назарбаев еуразиялық интеграция қаупі, халықтың тіршілік ету деңгейінің, мұнай бағасының төмендеуі үшін ғана емес, ол үшін маңызды оқиға – ең алдымен кезектен тыс президент және парламент сайлауы қарсаңында халықтың наразылығынан да қауіптенген секілді. Биліктің осы уақытта қоғамды елдегі ахуал туралы баламалы ақпараттың соңғы көздерінен айыруға тырысқаны кездейсоқ емес. Өздеріңіз білесіздер, өтер жылы осындай бірқатар БАҚ-тарды жабуға тырысты, ал қазіргі кезде «Адам бол» журналына қатысты сот процесі жүріп жатыр.

Бірнеше күннен кейін біз ЕАЭО құрамында болатындығымызға қарамастан, 2015 жылы сыртқы саяси салада бізде Кремльмен қарым-қатынастың шиеленісуі тұрғысында тосын сыйлар күтіп тұруы мүмкін. Ақорда келесі жылы Мәскеуден біртіндеп қашықтай бастап, ең алдымен, жақында ғана ірі экономикалық келісім жасалған Пекиннің көмегіне үміт артады. Астана, шамасы, Мәскеу диктатынан шыққан кезде Батыстың көмегіне үміттенетін секілді. Ақорда да келер жылы Мәскеу Батыспен аяусыз текетіреске түсуі мүмкін екендігінен қауіптенетін секілді. Бұл бүкіл Қазақстанға да теріс әсерін тигізуі мүмкін. Бұдан басқа, келесі жылы Ресейде ірі халық толқулары, наразылық шерулері орын алуы мүмкін. Ізінше ресейлік басқару режимінде түбегейлі өзгеріс болуы ықтимал. Астана мұндай жағдайда Қазақстан үшін түрлі жағымсыз сценарийлер орын алуы мүмкін екенін түсінетін секілді.

Ішкі саяси форматта келесі жылы біз билеуші билік транзитінің басталатындығына куә бола аламыз. Бұл, дұрысында, жай биліктің емес, режимнің транзиті болмақ. Басқаша айтқанда, бізді алдымен президент, содан соң парламент сайлауы күтуі мүмкін. Мұның ізінше, бізде жартылай президенттік республика болуы ықтимал. Бірақ еліміздегі саяси процесті ауқымды бақылаудан Назарбаевтың бас тартуы неғайбыл. Тіпті, ол өз тағынан түсіп, өз лауазымын елбасы міндетін атқарушы етіп қойса да. Тиісінше, Назарбаевқа осы гипотетикалық жоспарларды жүзеге асыру үшін қазір өзінің «Нұр Отан» партиясының қолдау көрсеткені өте маңызды. Сондықтан өтер жылы ол осы партияның тізгініне өзіне жақын адамдарды жинады, соның ішінде өзінің үлкен қызы да бар. Сонымен қатар, Назарбаевтан кейінгі Қазақстанның жетістігі қазіргі саяси және зиялы дегдарларға байланысты болмайды. Назарбаевтан кейінгі Қазақстан егер еліміздегі саяси процесс қарапайым халықтың кеңінен бақылауында болса ғана, күшті, табысты және әділ мемлекетке айналады. Қазақстанның болашағын зиялы және саяси дегдарлардың моралдық тұрғыда сау бөлігінің қолдауымен оның өз халқы қамтамасыз етуі тиіс. Қаншама кемеңгер болса да, бір ғана адам бүкіл ұлттың, бүкіл мемлекеттің кепілі бола алмайды.

2014 жылдың болжамы орындалды ма?

Талғат Мамырайымов «АЖ»-ға берген өткен жылғы болжамында мемлекет «Экспо-2017» көрмесін өткізуге көп шығындар жұмсайтындықтан әлеуметтік саясат шығындарын азайтатын болады және мемлекеттің экономикалық саясатында сәтсіздіктер орын алады, сондықтан белді бекем бууға тура келеді деп болжаған еді. Тиісінше, билік қазақстандықтардың жаппай наразылық шерулерін болдырмас үшін жазалау шараларын күшейтуді жалғастыратынын жоққа шығармаған болатын.

Экономист Петр СВОИКТЫҢ болжамын мына жерден оқи аласыздар.

Дайындаған Сәуле ТАСБОЛАТОВА

23 желтоқсан 2014, 16:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.