Атырау, 29 наурыз 07:03
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

2015 жылы бізді не күтіп тұр?

4 828 просмотра

Жаңа жыл қарсаңында біз 2015 жылы бізді қандай саяси және экономикалық өзгерістер күтіп тұр деген дәстүрлі сауалымызбен сарапшылардың пікіріне жүгінген едік. Сонымен бірге олардың өткен жылғы болжамдарының қаншалықты дәрежеде орындалғанын қарастырып көрдік.

Экономист Петр СВОИК:

РЕСЕЙДЕГІ ДАУЫЛДЫҢ БАСЫЛУЫН КҮТЕ ТҰРҒАН ЖӨН

- Келесі жыл дүбірлі, аңдысын аңдайтын жыл болмақ. Баршасы Ресейге қарап, теңге де девальвацияланады деп күтеді, ал ол әзірге болмайды. Қазір Қазақстан Ресейдегі жағдайға мұқият зер салып, үрдіске түсу үшін мұның немен аяқталатынын күтіп,

оған араласпауға тырысуда. Сондықтан басты сұрақ: Ресейде не болып жатыр? Ресей Америкамен және оған қоса Еуропамен қан төгіссіз, бірақ өте аяусыз текетіреске түсті. Осы текетіреске тігілген бәс өте жоғары. Батыс Путиннің режимін құлатып, Ресейде Кудрин немесе Ходорковский сынды жандардың либералды билігін орнатқысы келеді, нақтырақ айтқанда, Ресейді бірнеше егеменді мемлекетке бөліп жібергісі келеді. Сонымен бірге Ресей сөзсіз саяси жеңіске ие бола отырып, соғысуға кірісті. Бұл – Қырым мен Украинаның оңтүстік-шығысы, сондықтан президент Путин Ресей халқының қуатты қолдауына ие. Бірақ Ресей экономикасы бағыныңқы, отарлық үлгіде, тиісінше, осы экономиканың басты субъектілері мен үкіметтің өзі елдің ұлттық мүддесін емес, елден ресурстар мен доллар шоттарын шығаруға бағытталған сыртқы мүддені ұстанады.

Сондықтан саяси жеңіске жете отырып, Ресей сонымен қатар өте салмақты экономикалық жеңіліске де ұшырап отыр. Атап айтқанда, Ресейдің геосаяси бәсекелестерінің ұйымдастыруымен мұнай бағасының төмендеуі Ресейдің төлем балансына едәуір соққы болса, рубльдің девальвациялануы ең ауыр соққы болып тиді. Егер мұнай бағасын, шартты түрде айтқанда, американдықтар түсірген болса, рубльді – орыстардың өздері түсірді. Яғни, ресейлік либералды үкімет пен ресейлік сыртқы бейімделген экономиканың өзі рубльдің құнсызданған ахуалын өздері жасады, енді келесі жыл бойына Ресей үкіметі өздері жасаған рубльдің құлдырау салдарын жеңіп шығуға тырысатын болады. Импортқа тәуелді болғандықтан енді бүкіл бағалар рубльдің құны төмен болғандықтан көтеріле береді. Үкіметке де қосымша өтемақы көздерін іздеуге тура келеді. Бірақ мұндай өтемақы үнемі кешігіп жетеді, тиісінше, халықтың наразылығы арта түседі.

Бұған қоса, Орталық банк рубльді мүлдем құлдыратып жібергеннен кейін, ол рубльдің пайыздық мөлшерлемесін көтеріп жіберіп, Ресей экономикасының даму көздерін толықтай матап тастады. Яғни, бүкіл 2015 жыл бойына Ресей үкіметі бағамның құлдырау салдарымен күресіп қана қоймайды, ілгере баса алмай, бір орында тұрып қалады. Өйткені экономикада даму көздері болмайды. Дегенмен, Путин мұндай саясатты тез арада өзгерте алмайды, өйткені тек бір Набиуллина ғана емес, іс жүзінде ұлттық мүддені емес, отарлық мүддені ұстанатын үкімет те рубльдің құлдырауына мүмкіндік туғызды. Оның үстіне таза саяси тұрғыда толығымен Путинді қолдайтын Думаның өзі экономикалық тұрғыда да жартылай лондондық ұстанымда.

Сондықтан, қай жақтан алып қарасақ та, Ресей экономикасының ахуалы келесі жылы нашарлайтын болады. Түбірлі өзгерістер маңызды саяси реформалар жасалғаннан кейін ғана орын алады. Мен тіпті, Путин Думаға мерзімінен бұрын сайлау өткізеді деп ойлаймын. Осылайша, жаңартылған депутаттық корпусты негізге ала отырып, бүкіл үкімет командасын ауыстырады. Осы тұрғыда Қазақстанға бақылау жасап, түйіннің шешілуін күтуден басқа ештеңе қалмайды.

Теңге бойынша. Ділдік көзқарас тұрғысында, рубль бағамының құлдырауы ресейліктер үшін төбеден жай түскендей болса, қазақстандықтар үшін де солай. Бәрі де үрейге бой алдыруға шақ тұр. Назарбаев қиын кезеңдер басталады, бірақ теңге тұрақты болады деп айтса да, халық ертең девальвация болады деп ойлайды. Бірақ шындығында девальвациялануға негіз жоқ. Бұған менің екі дәлелім бар. Біріншісі – рубль бағамының төмендеуі Ресеймен сауда теңгерімін нашарлатады, бірақ ол осыған дейін де барлық жылдар бойына біз үшін тиімді болған жоқ. Ресеймен сауданың болымсыз сальдосы жылына 11-12 млрд доллар шамасын құрайды. Рубльдің девальвациялануына байланысты осы минустық сальдо тағы да сәл ұлғайып, жарты миллиард немесе миллиард қосылуы мүмкін, бірақ одан көп емес. Бірақ бұл Ұлттық банктің валюталық резерві тұрғысынан алып қарасақ, тиын-тебен ғана. Сондықтан орны толтырылады. Екіншіден, валюта бағамының өзгерістері ол орын алып жатқан кезде ғана маңызды. Яғни, бұл кемеге ілескен толқын тәрізді, бірақ кеме өткен соң, толқын да жоғалады ғой. Бұл жерде де солай: егер Қазақстан сабырлық танытып, теңге бағамын рубль тұрақтанғанша (ал бұл шексіз құлдырай бере алмайды) сақтап тұрса, онда 3-4 айдан кейін дәл ескі құн кезіндегідей сауда қарым-қатынастары қайта орнайды. Сондықтан аңдысын аңду тәсілі әбден тиімді.

Қазақстанда саяси өзгерістердің пісіп жетілгені бөлек мәселе. Бұл жерде болжам емес, тілек-ұсыныстарды айтуға болады. Ақордаға  дербес президенттік биліктен партиялық-парламенттік форматқа көшкен жақсы болар еді. Яғни, бүгінгі күні билеуші деп саналатын, ал іс жүзінде ештеңені де басқара алмайтын «Нұр Отан» партиясын шынайы түрде басқарушы ету керек. Ол іс жүзінде министрлерді, әкімдер мен ұлттық компаниялардың төрағаларын тағайындауы керек. Және ол мұны парламент арқылы жасау керек. Әрине, парламентте оң және сол қанатты ұстанымдағы басқа да партиялар болу қажет. Бұл біз үшін де, соның ішінде режим үшін де жаман болмас еді. Оларға да қашан болмасын, дербес биліктен институционалды сызбаға көшу керек қой. Бірақ президенттің бұған тәуекел ететіндігі неғайбыл, ол әлдебір жартылай реформалар жүргізетін шығар. Мәселен, өзін мерзімінен бұрын қайта сайлауды, сонымен қатар, қандай да болмасын, парламенттегі салмағы аз өзгерістер мен мерзімінен бұрын парламенттік сайлаулар өткізетін шығар.  Қалай еткенде де, қандай нұсқа болмасын, қыстың аяғында, көктемнің басында бәрібір бір нәрсе орын алады. Ал бұған дейін теңгенің тағдыры үшін көп мазаланудың жөні жоқ.

 

2014 жылдың болжамдары орындалды ма?

Петр Своик өткен жылғы болжамында Қазақстандағы экономикалық ахуал мен басқа шикізатты экономикада мұнай бағасының құлдырауы салдарынан кенеттен қиындықтар орын алатындығын жоққа шығармаған еді. Сонымен қатар, сарапшы 2014 жылы мұнай бағасы әрі қарай көтерілмейді деп атап өтті. ҚР үкіметіне экономикадағы келеңсіздіктердің әсерінен Ұлттық қорды белсенді түрде пайдалануға тура келеді деп болжады. Бұл айтқандары айдай келді.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

19 желтоқсан 2014, 15:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.