Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды. Келісімге 2010 жылдың 6 қазанында Астана қаласында қол қойылған.
Келісім тараптардың азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, апат немесе өзге де зілзала жағдайында ерікті және өзара көмек көрсету жөнінде мамандарды оқыту саласындағы өзара іс-қимылды айқындайды.
«Келісімнің мақсаты Қазақстан мен Әзербайжан мемлекеттері арасындағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен олардың салдарын жою саласындағы ынтымақтастық үшін құқықтық база құру болып табылады», - деді Ішкі істер вице-министрі Владимир Божко. Сонымен қатар, вице-министр екі мемлекеттің экономикасы үшін стратегиялық рөл атқаратын Каспий теңізі қайраңында мұнай кен орындары орналасқанына назар аударады. Бұл ретте теңіз жағалауындағы әр мемлекеттің стратегиялық міндеті Каспийде, сонымен қатар, теңіз коммуникациясы желісінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады. «Осыған орай, Каспий теңізінде орын алуы мүмкін төтенше жағдайлардың бір ғана тарап күштерімен жою немесе алдын алудың мүмкін еместігін назарға ала отырып, осы Келісімді қабылдау тараптардың бірінің аумағында төтенше жағдайлар орын алғанда бірлескен үйлесімді қызметтерді ұйымдастыруға мүмкіндік беретінін атап өткіміз келеді», - деді В. Божко.
Сонымен қатар, келісім аясында тараптар ынтымақтаса отырып төтенше жағдайларды болжау, олардың алын алу және бағалау туралы ақпарат алмасатын болады. Бұдан бөлек, халықты төтенше жағдайларда әрекет жасауға, оның ішінде алғашқы медициналық көмек көрсетуге дайындауды ұйымдастыруда тәжірибе алмасып, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі мүдделі мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын ұйымдастыра алады.
Келісімге сәйкес, төтенше жағдайларды жою кезіндегі көмекті тараптар дипломатиялық арналар арқылы ресми сұрау салудың негізінде көрсетулері керек. Ал ондай сұрау салуларда төтенше жағдайдың сипаты туралы, қажетті көмектің түрлері мен көлемі туралы барлық ақпарат болуы тиіс.
Мәжіліс мақұлдаған құжат Сенатқа жолданады.
Дереккөз: ҚазАқпарат