«Жаһандану процессі біздің елімізге де салқынын тигізуде. Отбасы институты түрлі идеологялық парадигмалардың қысымына ұшырауда. Әсіресе, отбасылық құндылықтарға батыстық мәдениеттің ықпалы зор. Шетелдік тәлім-тәрбие үлгілері БАҚ, фильмдер, бағдарламалар, шоу-бизнес және т.б. жолдармен насихатталуда. Дәл осы үлгілерді жастар санасына сіңіріп, соның негізінде отбасы образы мен отбасылық өмір сценарийлерін танып жатыр, - дейді Жамбыл Ахметбеков. – Әдетте, олар жас-жұбайлардың біздің мәдениетіміздің дәстүрлі отбасылық құндылықтарына қайшы келетін эгоистік, жеңілтек өмір сүру үлгісі арқылы қара бастың пайдасын ойлап, ләззат алумен шектелетін жағымсыз образдар қалыптастыруда».
Оның айтуынша, қазақстандық қоғамда құндылықты әрі моральдік-рухани бағыттадың жоқтығы ертеңгі күні орны толмас зардапқа алып келуі мүмкін. Бүгіннің өзінде жас отбасылар арасында ажырасу саны жыл сайын артып келеді.
«Дәстүрлі емес сексуалдық қарым-қатынасты ұстанатын адамдар өздерінің өмір сүру салтын ашық түрде жарнамалап жатыр. Мемлекет бұл үдеріске қарсы тұруға қауқарсыз, себебі экономикалық проблемалардан қолы тимей жатады. Мәдени жобалардың бәрі мемлекетіміздің шетелдегі сыртқы имиджін қалыптастыру үшін бағытталуда. Ал ел ішінде мұндай насихаттар жоқтың қасы», - деді депутат.
Халық қалаулысының айтуынша, мұның бәріне жас отбасылардың тұрмыстық тұрақсыздығы, төмен жалақы, әлеуметтік кепілдіктердің болмауы, жұмыстағы стресс, ынтасыздық пен шешілмей қойған баспана бас ауруы басты себеп болып табылады. Аталған себептердің бәрі ажырасуға итермелейтін алғышарттар деген пікірде мәжілісмен.
«Балалар үйін жою үшін патронаттық отбасы институттарын дамыту қажет деп есептейміз. Екіншіден, баласын тәрбиелеу міндетін өзі атқара алмағандықтан мемлекетке арта салып, тастап кеткен ата-аналарды күштеп жұмысқа салып, жалақысының 40%-ын баласының асырауына тәркілеп отыру керек. Үшіншіден, балаларға арналған шағын орталықтар, балабақша, ірі компаниялар жанынан ұжымдық балабақшалар ашу үшін мемлекеттік тапсырыс көлемін ұлғайту қажет. Төртіншіден, мектептерде жаппай рухани құндылықтар пәнін енгізген жөн», - деп ұсынды Ж.Ахметбеков.
Егер үкімет бұл проблеманы шешуге құлықсыз болса, депутат отбасы, ана мен бала институтын дамыту тұжырымдамасын өзі әзірлеуге кірісетінін баса айтты.
Дереккөз: bnews.kz