6 қарашада «Жайық Ақпарат» баспасөз клубында «Болашақ К» қоғамдық қорының өкілдері «Өмірге оралу» жобасын жүзеге асыру барысы туралы айтты.
Бұл жоба Атырауда ерте оңалтуды ұйымдастыруға бағытталған. Бүгінде реабилитология және оңалту емі мәселесі тек Атырауда ғана емес, бүкіл Қазақстанда өзекті болып тұр, сондықтан да денсаулық сақтау министрлігі барлық облыстық балалар және ересектер ауруханалары жанынан сәйкесінше бөлімшелер ашуды міндеттеді. Әзірге реабилитациялық көмек көрсету қызметтерінің (облыстық аурухана мен қала емханалары жанындағы физиотерапия бөлімдері) бұл мәселені түбегейлі шешуге шамалары келер емес. Себеп жеткілікті: кадрлар жетіспейді, көмек сұраушы науқастар өте көп, ауру адамдарды тасымалдау қиын. Сонымен қатар, олар науқастардың үйлеріне барып көмек көрсете алмайды.
15 жылдан бері балаларды оңалту емін жасап жүрген «Болашақ К» ҚҚ мамандары өз тараптарынан жыл ішінде құрамына реабилитолог дәрігер, невропатолог дәрігер, психолог пен медбикелер кіретін мамандандырылған бригадалар құруды жоспарлап отыр. Мұндай бригадалар науқастардың үйлеріне барып, ем жасай алады. Жергілікті мамандарды оқыту үшін Германиядан реабилитолог Аннет ХАЙНЦ келді. Жобаны «ЭксонМобилҚазақстан» компаниясы қолдады.
- Өңірімізде 18,5 мың мүгедек бар, олардың 2,5 мыңы – балалар. Өкінішке орай, олардың саны жыл сайын артып келеді. Республикалық оңалту орталықтары тек Астана мен Алматы қалаларында бар, ол жерге елдің әр түкпірінен балалар жиналады. Негізінде, ауру бала, жоқ дегенде, жылына екі рет оңалту емін алу керек. Алайда бұл орталықтардың еліміздегі барлық балаларды қабылдауға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан да оңалту қызметтерін жергілікті жерлерде дамыту қажет,- деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дина КАМЕЛОВА.
Облысымызда аталып өткен жобамен қатар ересектерге және балаларға арналған оңалту орталықтары жұмыс жасайды. Жуырда облыстық балалар ауруханасы мен облыстық перзентхана жанынан оңалту бөлімдері ашылды. Дәрігерлер де оң қарқынның пайда болғанын атап өтті.
- Аннет бізге ишемиялық, геморрагиялық инсульттар нәтижесінде орталық нерв жүйесі зақымданған, жұлын миы жарақаттанған науқастарға оңалту емін қалай жүргізуді үйретті. Оқыту курсынан орта медициналық қызметкерлер, біздің қызметкерлеріміз, облыстық балалар ауруханасы мамандары, сондай-ақ оңалту емін қажет ететін науқастардың туыстары өтті, - дейді «Болашақ К» ҚҚ басшысы Жібек БИСЕНОВА.
Бір қарағанда, біздің және шетелдік оңалтушылар жұмыстарының көп айырмашылықтары жоқ екен. Алайда, ерекшеліктер де жеткілікті. Мәселен, біріншіден, шетелде организмнің жоғалтқан маңызды қызметтерін қалпына келтіру жұмыстары жоғалтылған күннің екінші-үшінші күнінде-ақ басталып кетеді, ал бізде кем дегенде жарты жылдан соң, науқас мүгедектік алғаннан кейін басталады. Екіншіден, Еуропада оңалтуға үлкен көңіл бөледі және оңалту іс-шараларының белгілі бір көлемі ең қарапайым медициналық сақтандыруға да енгізілген. Үшіншіден, ол жердегі оңалтушылар қолында заманауи жабдықтар бар. Дегенмен, оңалту ісінде жабдықтар ең маңызды нәрсе емес, ең бастысы – науқастың көңіл-күйі, сенімі, - дейді мамандар. Яғни, көңіл-күйлері жақсы болып, жазылуға деген сенімдері болса, біздің науқастардың да аяққа тұру мүмкіндіктері шетелдіктерден кем болмасы анық.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ