Атырау, 22 қараша 22:47
 ашықВ Атырау +4
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Байқаңыз, бағдаршам!

4 720 просмотра

Қаладағы бағдаршамдар өз беттерінше тіршілік ете бастапты: бірі тек үш цифрды ғана санаса, екіншісі тиесілі уақытты аяғына дейін жеткізбей жасыл түсті жағады.

Таяуда ғана редакция жүргізушілері бағдаршамның ақауының салдарынан жол-көлік оқиғасына ұшырап қала жаздағанын жарыса әңгімелеп жатты. Қарбалас уақытта Әлиев-Советский қиылысында күтпеген жерден сигналдар ауысып кеткен. Қызыл шам әдеттегідей 11, 10, 09 деп санап жатып, кенеттен жасыл шам жанған. Бір күннен кейін ІІД ғимаратының алдындағы Азаттық-Махамбет көшелерінің қиылысында бағдаршам үйреншікті санынан жаңылып, 5, 20, 40 деген үш санды ғана қайталап санамалай берген.

Бір қызығы, екі бағдаршам да су жаңа екен. Біріншісі, «Атыраудорзнак» ЖШС директоры Николай БЕЛКИННІҢ айтуынша, алдыңғы жылы, екіншісі – былтыр орнатылған көрінеді.

- Бірақ оның бұл мәселеге қатысы жоқ. Бұған ауа-райы кінәлі: нөсер жаңбыр болып, бағдаршамдардың компьютерлік жүйесі бұзылған. Бұл деген техника ғой. Электр желілеріндегі іркілістер де әсер етуі мүмкін.

 

КІМ КІНӘЛІ ЖӘНЕ НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Редакция сауалына облыстық ІІД ЖПБ бастығы Берік АМАНГЕЛДІ жауап берді:

- Жол полициясына мұндай ақпарат келіп түскен жоқ. Бағдаршамдардың дұрыс жұмыс жасамауы немесе қысқа тұйықталу фактісі анықталған жағдайда тәулік бойына кезекшілік ететін патрульдік инспекторлар рация арқылы ІІД ЖПБ кезекшісіне хабарлайды. Ол ақпаратты балансты ұстаушы – қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне хабардар етеді. Ал ол осы жұмыстарды атқару тендерін ұтқан мекеме арқылы кемшіліктерді жоюмен айналысады. Қазіргі уақытта қаладағы бағдаршамдар мен жол белгілерін орнатумен, қайта жарақтаумен және қалпына келтірумен «Атыраудорзнак» ЖШС айналысады.

- Егер жүргізуші немесе жолаушы бағдаршамның дұрыс жұмыс істемей тұрғандығына куә болған жағдайда қайда хабарласқаны жөн?

- ІІД ЖПБ кезекші бөліміне 300268 және 301021 телефондары арқылы хабарлассын.

- Осындай жағдайда жол-көлік оқиғасы орын ала қалса, бағдаршамның ақаулығын дәлелдеуге бола ма?

- ЖКО орын алған жерде (соның ішінде реттелетін қиылыстарда) әр қызметкер оқиға болған орынды тексеріп, бағдаршам нысанының жұмысын тіркейді. Егер бағдаршам әлдебір себеппен жұмыс істемей тұрса, онда жүргізушілер орнатылған жол белгілерінің осы қиылыстағы басымдылығын басшылыққа алуы керек. Ал егер олар жоқ болса, «оң жақтан кедергі» принципі бойынша қиылыстан өту керек. Яғни, қалай дегенмен де бағдаршамды жауапқа тарта алмайсыз.  Бағдаршамға сенсеңіз де, өзіңіз жаңсақ баспаңыз.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

23 маусым 2011, 19:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.