Атырау, 24 желтоқсан 05:20
 бұлттыВ Атырау -3
$ 523.72
€ 544.09
₽ 5.20

Сібір сарынындағы жазғы демалыс

3 314 просмотра

Атырауда жыл сайын облыс әкімшілігі қолдауымен  қаладағы танымал математика пәнінің мұғалімі Аркадий ТЕПЛЕНЬКИЙДІҢ ұсынысы бойынша ұйымдастырылған жазғы физика-математикалық мектептің (ЖФММ) жұмыс жасайтынын біреу білсе, біреу білмес. Биыл мектеп өзінің 5 жылдығын атап өтеді.

Мектеп Кіші өнер академиясында орналасқан. Кезекті сабақтар 23 маусымнан 17 шілдеге дейінгі аралықта өтеді. Ал сабақты Новосибирск мемлекеттік университетінің Мамандандырылған оқу-ғылыми орталығының (НМУ МОҒО) профессорлар мен оқытушылар құрамы жүргізеді. Жобаға «Теңізшевройл» демеушілік етеді.

Физика-математика ғылымдарының докторы, РҒА Математика институтының жетекші ғылыми қызметкері, НМУ МОҒО директорының орынбасары Андрей КАРЧЕВСКИЙДІҢ айтуынша, аталған жазғы мектепті аяқтағаннан кейін өздерін жақсы жағынан көрсете білген балалар Новосибирскідегі мемлекеттік университеттің Мамандандырылған оқу-ғылыми орталығына немесе сол жердегі жазғы мектепке шақырту алады екен.

- Новосибирскідегі жазғы мектептің басты мақсаты - Новосибирск мемлекеттік университетінің Мамандандырылған оқу-ғылыми орталығына іріктеу жүргізу. Ол жақтағы Жазғы мектепке тек тоғызыншы және оныншы сыныпты аяқтаған балалар ғана қабылданады. Ал Атыраудағы жазғы мектепте жетінші сыныптан бастап оныншы сыныпты аяқтаған балаларға дейін қамтиды. Біз Новосибирскідегі оқу орнына атыраулық оқушылардан іріктеу жүргіземіз, бірақ мәселе тек мұнда ғана емес. Біз жергілікті балалардың математика, физика, химия, биология секілді ғылымдарды игеруге қызығушылықтарын оятуды, бұлардың түсінікті және игеруге болатын пәндер екенін түсінсе дегенді мақсат еттік. Атыраудағы жазғы мектептің барлық оқушысы Новосибирскіге шақырту алмаса да осы мектептен өзіне пайдалы нәрсе алып шықса дейміз, - дейді А.Карчевский.

- Ал Новосибирск мемлекеттік университетінің Мамандандырылған оқу-ғылыми орталығына түсу үшін оқушының білім деңгейі қандай болу керек?

- Ең алдымен, оқуға деген ынтасы, жалқау болмауы керек, зердесі болуы және оны пайдалана білуі шарт. «Пайдалана білуі керек» деген жай ғана сөз емес. Орталық мұғалімдерінде оған мысалдар жетерлік. Керемет мүмкіндігі бар зерделі оқушы жалқаулық және өз білгенін пайдаға асыра алмағандықтан орталықтағы оқудан шығып қалған кездер болды. Керісінше, қабілеті орташа оқушы өзінің еңбек сүйгіштігімен және оқуға деген ынтасымен төрт пен бес деген баға алып жүрді.

Орталықта оқушының алып жүрер жүгі ауыр: бізде математика, физика, химия, биология, информатика тереңдетіп оқытылады. Тарих, география, орыс және шетел тілдері секілді басқа пәндер де жоғарғы деңгейде оқытылады. Орталықты тәмамдағаннан кейін түлектердің мүмкіндіктері мол болады және өздері таңдаған оқу орындарында алған білімдерін кеңінен пайдалана алады деп үміттенемін. Атыраудағы жазғы мектептегі жұмыс кезінде орталыққа шақырылған балаларға келер болсақ, менің білуімше, олардың барлығы жоғарғы оқу орындарына түсіп кетті. Көпшілігі Новосибирск университетіне түсті. Бірақ Мәскеу мен Санкт-Петербургтегі жоғарғы оқу орындарына түскендер де бар.

Расында да, мұндай жазғы мектептер өте қажет. Олар басқа пәндер бойынша да ұйымдастырылуы тиіс. Өйткені басты инвестициялар – балаларға арналып салынған инвестициялар болмақ. Сондықтан, қымбатты ата-аналар, балаларыңыздың жазғы демалысты қызықты да пайдалы өткізу мәселесіне ерекше мән бергендеріңіз жөн.

Сәния ТОЙКЕН

15 маусым 2011, 21:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.