Атырау, 26 сәуір 23:32
 ашықВ Атырау +25
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Офицерлердің оралуы

3 385 просмотра


Осыдан екі жыл бұрын Атырауда журналист Жұмабай ДОСПАНОВТЫҢ «Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақ офицерлері» жинағының алғашқы сериясы жарық көрген болатын. Автор жинақты толықтырып, жақында 25 томнан тұратын үлкен еңбегін таныстырды. Осыған байланысты біз авторға бірнеше сауалдарымызды қойдық.

- Жұмабай Орынғалиұлы, жинақты шығаруға не түрткі болды?

- Қазақтар ежелден ержүрек-жауынгер халық ретінде танылған. Қазақтың еріктілері 1741-1743 және 1788-1790-жылдары орыс-швед, 1812-жылғы Ресей-Франция соғыстарына жалаң қылыш-найзамен, ауыр шоқпармен жүздеп-мыңдап қатысып, көзсіз батырлықтарымен қарсы жақтың үрейін ұшырған. Ал, 1877-1878-жылдардағы орыс-түрік соғысында 100-ден астам қазақ офицері болған, олардың ішінде генерал-майор Ғұбайдолла Жәңгіров (кейін армия генералына жеткен) бар еді...

І дүниежүзілік соғысқа (1914-1918) 300-400-дей қазақ ұлтты офицерлер қатысқан. Екінші дүние жүзілік соғысқа келетін болсақ, 2005 жылы  Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында ҚР Қорғаныс министрлігінің бір полковнигі Екінші дүниежүзілік соғысқа 500 қазақ офицер қатысқанын мәлім етті. Бұл цифрды оның қайдан алғанын білмедім, бірақ, маған саны өте аз көрінді. Сол кезде мен жеті жылдан соң осы мәселені зерттеуге кірістім.

- Ақпараттарды қалай жинадыңыз?

- Мамандығым тарихшы болғандықтан, кітабым тек қана құжаттарға сүйенумен жазылды. Материалдардың 85 пайыздайы РФ Қорғаныс министрлігінің мұрағаттарынан алынған, қалғандары - өзге посткеңестік республикалар мен аймақтар мұрағаттарының, жеке адамдар жанұялық құжаттарының үлесінде. Кітаптағы мәліметтер бірнеше бөлімнен тұрады: аға офицер шеніндегілер тізімі; аға офицер лауазымында болғандар тізімі; әскери ұшқыш, штурмандар тізімі; офицер қазақ қыздарының тізімі; Кеңес Одағының Батыры атанғандар мен осы атаққа ұсыныла тұра берілмегендер тізімдері; үш және одан көп орден алғандар тізімі; үш және одан көп жараланғандар тізімі және басқа тізімдер.

Жалпы бүгінгі күнге дейін соғыста болған 12 056 қазақ офицерлері туралы ақпарат жинақтадым. Олардың ішінде 270-і аға офицер (3 генерал-майор, 9 полковник, 30 подполковник, 228 майор).  

Қазақстан аумағында туған қазақ офицерлерінің саны – 1354. Олардың көпшілігі Астрахан, Омбы, Орынбор облыстары мен Алтай өлкесі, Өзбекстанның Ташкент облысы мен Қарақалпақ АССР-і, Түрікменстанның Красноводск, Чарджоу облыстарынан шыққан.

Соғыста барлығы 104 қазақ Кеңес Одағының Батыры атанса, олардың 37-сі офицер болған. Тағы 35 офицер бұл атаққа ұсыныла тұра, түрлі себептерге байланысты осы жоғары әскери атақты ала алмаған.

- Сіз анықтаған -12 056 қазақ офицері деген цифрды нақты саны деп айтуға бола ма?

-Әрине, жоқ. Мен мен бұл жұмысты орта жолда қалдырмаймын, қазақ офицерлерінің саны одан әрі өсе беретініне сенімдімін. Біз өз батырларымызды ешқашан ұмытпауымыз керек. 

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

18 шілде 2017, 15:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.