Атырау, 27 қараша 09:42
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Жұмабай ДОСПАНОВ: «Соғысқа 500 емес, 7 мыңға жуық қазақ офицері қатысқан»

5 376 просмотра

Жергілікті оппозициялық саясаткер және тарихшы Жұмабай ДОСПАНОВ (суретте) үш жылдан астам уақыт бойы Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақ офицерлері туралы зерттеу жүргізіп, өзінің айтуынша, осы күнге дейін біз білмей келген беймәлім фактілерді анықтаған.

ТАРИХШЫНЫҢ КӨЗҚАРАСЫ

- Жұмабай аға, жақында сіз баспасөз конференциясын өткізіп, соғысқа қатысқан қазақ офицерлері туралы кітап дайындап, оны шығаруға биліктен қолдау күтетініңізді айттыңыз.

-Бұл тақырыпты 2011 жылдың маусымынан бері зерттеп келемін. Кітапты Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында жарыққа шығаруды жоспарлап отырмын. Меніңше, бұл тарихи еңбектің тиражы көп болуы тиіс, себебі, әңгіме жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру жөнінде болып отыр. Адамзат біздің қазақтардың гитлерлік Германияны жеңуге қандай салмақты үлес қосқанын білуі тиіс. Қатардағы жауынгер Григорий БУЛАТОВПЕН бірге Рейхстагтың 2-ші қабатына бірінші болып ту тіккен лейтенант Рақымжан ҚОШҚАРБАЕВТЫҢ ерлігінің өзі неге тұрады! Менің ең басты мақсатым да сол - біздің жауынгерлердің жанқияр ерлік көрсетіп, халық қаһарманы деген атқа лайық болғандарын тағы бір дәлелдеп шығу және Кеңес дәуірінде белгілі бір себептермен бүркемеленіп қалған фактілерді ашу. Мен сол мақсатыма жеткендеймін.  

- Баспасөз конференциясында зерттеу еңбегінің тақырыбын неге «қазақ офицерлері» емес, «қазақстандық» деп алмадыңыз деген сұрақ қойылды. Тіпті, «бұл - ұлт араздығын қоздыру болып саналмай ма?» десті біреулер.

- Жоқ, бұл – ұлт араздығын қоздыру емес және маған кейбіреулердің бұны солай деп қабылдайтындары түсініксіз. Бұл - тарихшының белгілі бір тақырыпты зерттеуге талпынысы ғана, ал бұл жерде - қазақ ұлтты офицерлердің Ұлы Отан соғысындағы рөлін зерттеу.

 

«ЕШКІМ ЖАЗБАҒАН СОҢ ӨЗІМ ҚОЛҒА АЛДЫМ»

- Кітап жазу туралы ой қалай туды?

- Бұл тақырып мені жас кезімнен қызықтырды. 19 жасымда мерзімді әскери қызметте Моңғолияның астанасы Улан-Батордағы 39-шы жалпыәскерлік армия штабының ерекше бөлімінде бір жыл қызмет еттім. Бұл КГБ-ның әскери бөлімі сияқты. Сол 39-шы армия құрамында 1942-1943 жылдары 100-ші және 101-ші қазақ дербес атқыштар бригадалары («казахские отдельные стрелковые бригады», олар 1943 жылдың ортасына дейін дәл солай аталатын) Калинин майданында ұрыс қимылдарын жүргізген. Бұл туралы көбірек білгім келді,  бірақ ол кезде ақпарат алу шектеулі еді, оның үстіне мен өте жас әрі тәжірибем болған жоқ. Сөйтіп, мен бұл тақырыпты біреу зерттер деп көп күттім, ешкім ештеңе жазбаған соң, өзім қолға алдым.

Осыдан 10 жыл бұрын Қорғаныс министрлігінің полковнигі бір телеарнаға берген сұхбатында соғысқа, шамамен, 500-дей қазақ офицерінің қатысқанын және оларды әскери училищелерге аз алғанын айтты. Бұл шынында да солай еді, олар аз болды (бірақ 500-ден әлдеқайда көп, мен бұл туралы төменде айтамын). Соғысқа дейінгі уақытта қазақтардан офицерлерді аз шығаруға тырысқан және оларға жоғары лауазым беруге асықпаған. Жағдай 1941-42 жылдары өзгере түсті. Қызыл әскер офицерлері құрамының арасында қаза тапқандар саны көбейе түскен кезде 5 кластық білімі бар және орыс тілін білетін қазақтарды кіші лейтенанттардың 6-8 айлық курсына оқуға жіберіп отырды. Сол курстарды бітіргендерді жедел түрде майданға взвод командирлері етіп жіберіп жатты.  Бұл өзбек, қырғыз, түркімен, тәжік халықтарына да қатысты болды. Бірақ олар қазақтан еселеген түрде аз еді.

 

«КРЕМЛЬГЕ ЫҢҒАЙСЫЗ БОЛДЫ»

- Сіздің анықтаған мәліметтеріңіз бойынша соғысқа 500 емес, 6 800 қазақ офицері қатысқан...

- 6 800 – бұл сан 20 қарашадағы көрсеткіш, қазір ол 6 900-ге жетті. Мен зерттеуімді жыл аяғына дейін жалғастырамын. Әлі де 400-500 офицер табылып қалуы мүмкін деп ойлаймын. Соғысқа қатысқан кіші құрам офицерлерінің (кіші лейтенанттан капитанға дейін) саны жағынан бұрынғы КСРО бойынша төртінші орындамыз (алдымыздағылар: орыстар, украиндар, беларусьтер). Ал, аға офицерлер бойынша (майордан полковникке дейін) біз бұрынғы КСРО-да орыстарға, ураиндарға, беларусьтерге, еврейлерге, грузиндерге, армяндарға, татарларға, башқұрттарға ұтыламыз. Себебі, армиялар мен майдандардың әскери кеңестеріне қазақтарға жоғары лауазым беруде сақ болуды тапсырған.

- Бұл «сақтықтың» себебі неде болған?

- Менің пікірімше, бұл қазақтар-дың Шыңғысхан әскерлерінің ұрпағы болғандықтан және тарихи жағдайды ескере отырып, егер біздің арамызда қолбасшылар өте көп болса, Кремльге ыңғайсыз болар еді. 

Айтпақшы, 6 900 қазақ бауырларымыздың, шамамен, 500-дейі сол кездегі РСФСР-ден (Астрахан, Омбы, Орынбор, Волгоград, Самара, Саратов, Челябинск, Новосибирск, Кемерово облыстары, Алтай өлкесі), сондай-ақ, Өзбекстан мен Түркіменстаннан.

Зерттеу барысында мен өз есебім мен ресми мәліметтер арасында үлкен айырмашылық барын анықтадым. Мәселен, осы күнге дейін соғыста  8-9 қазақ батальон командирі болған делінсе, мен олардың 89 болғанын анықтадым. Батальон командирінің саяси орынбасары 10 емес – 94 болған, ал, полк командирі 5-еу емес – 10 болған. Тағы да партизан отрядының 6 командирі, партизан бригадасының 1 штаб бастығы болған. Сонымен қатар, 3 генерал-майор, 4 полковник (бұрын екеу деп келген), 19 подполковник (бұрын 5-6 деп саналған) болған. 

Әрине, әуе соғысына қатысқан 39 қазақ офицер-ұшқыштарын да айтпай кетуге болмайды. Олардың арасында 7 жауынгерлік орденмен марапатталған Талғат БИГЕЛДИНОВ, 6 орден алған (үшеуі «Жауынгерлік Қызыл Ту») Асқар ЖАНДАРОВ, 5 орденді Байтұрсын ЕСІРКЕПОВ, 4 орденге ие болған – Салық АХМЕТОВ, Қадес ИМАШЕВ, Біліс НҰРПЕЙІСОВ бар. 

 

ТӨМЕНДЕТУ ОЙЫНЫ

- Қазақ офицерлері қалай соғысқан? 

- Олар, мәселен, мықты барлаушылар болған. Астрахан облысында дүниеге келген Исламқазы ҚАЛИЕВ 1942-1945 жылдары 6-шы және 15-атқыштар  корпустары барлау бөлімдерінің бастығы болған, полковник шеніне жеткен. Қазақтар барлауда алға қойған тапсырманы сапалы әрі нақты орындайтындарымен көзге түскен. Байланыста да мықты екендерін танытқан. Подполковник Мәжит БУРАХАНОВ 1-гвардиялық атқыштар корпусы, майор Қорабай КОГЕНТУПОВ 10-гв.атқыштар корпусы байланыс бөлімдері бастықтарының орынбасары болды. Корпусқа дивизия, бригаданың бағынатындарын ескерсек, олар жоғары қызметті атқарды деп айта аламыз. 

Біз қазір аға офицер шеніне жеткендер туралы айтып отырмыз, ал тағы бір айтарым, 6900 қазақ офицерінің 6 000-ы – взвод, рота командирлері болған. Олар қатал соғыс кезінде қақаған қыста да штабтық блиндаждарда не ғимараттарда жатқан жоқ, солдаттарымен бірге окопта жатты. Шабуылға өздері бастады.

Тағы да ол кездегі дискриминация жайлы айтып өту қажет, мен жауынгерлік ордендермен және медальдармен марапаттау кезіндегі жайтты айтамын. Егер солдаттар мен офицерлердің ерліктеріне куә, разы болушы батальон, дивизион, полк командирлері ерлігі үшін марапаттарын ереже бойынша жоғарыға ұсынып отырса, жоғары жақтан, дивизия мен армия дәрежесіндегілер ұсынылған марапаттың дәрежесін кемітіп отыратын. Мәселен, қазақ офицері Кеңес Одағының Батырына немесе Ленин орденіне ұсынылса – «Жауынгерлік Қызыл Ту»,  І-дәрежелі «Отан соғысы» орденіне ұсынылса - оның ІІ-дәрежесіне немесе «Қызыл Жұлдыз» орденіне төмендеткен. «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынылғандардың төрттен бірін – «Өжеттігі үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін» медальдарымен шектеген. Ал, біреулер сол ордендерді бір, екі, тіпті үш жылдан соң алатын. Оған жетпей опат болып кеткендер қаншама... Әскери шен беруде де солай болған. Кеңес Одағының Батыры атағына екінші рет ұсынылған Сағадат НҰРМАҒАМБЕТОВ пен Біліс НҰРПЕЙІСОВКЕ ол мәртебе бұйырмады. Ал, Бауыржан МОМЫШҰЛЫ 1942 жылы Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылса да, тірісінде берілмеді...

Біздің жерлестерімізге қатысты айтсам. Сол кезде 9-гвардиялық атқыштар дивизиясы командирі Бауыржан Момышұлының соғыста 7 рет жараланған пулемет взводының командирі, гвардия лейтенанты Қуан ДЕМЕШОВТІ «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапаттау қағазы мен бұйрығының көшірмесі сақталған. Демешов сол кездегі Гурьев облысынан шақырылған.

 

ТҮСІ МЕН ӨҢІНДЕ

- Ақпаратты қалай жинастырдыңыз?

- Негізінен, РФ Қорғаныс министрлігінің жанындағы электронды мұрағаттардан іздестірдім, әскери комиссариаттарға хат жолдап отырдым, республикалық басылымдар арқылы хабарландыру жарияладым. 

Осы жұмыспен айналысу кезінде басымнан өткен таңғажайып жайттарды айтып берейін. Соңғы жарты жыл ішінде мына офицерлер түсімде менімен тілдесіп, өздерінің есімдерін, тектерін айтқасын, түн ортасында тұра салып, жазып алдым да оларды интернет арқылы іздесем – шындық екен! Олар: Мәжит Тухсаидов (Сталинабад облысы, Тәжік ССР-і), Михаил Борисович Турумбаев (Куйбышев облысы, РСФСР), Александр Николаевич Айдашев (Саратов облысы, РСФСР), Қорабай Когентупов (Куйбышев облысы, РСФСР). Маған, тіптен, ұмыт қалғандардың рухтары қозғалып, о дүниеден белгі беріп жатқандай тәрізді...

Өкінішке орай, офицерлердің 90 пайызының фотосуреттері жоқ. Мәселен, германдық Вермахт архивтерінде офицерлердің ғана емес, қатардағы сарбаздардың да фотосуреттері сақталған. Олар мұндай нәрселерге өте мұқият болған. Мен офицерлердің фотосуреттерін сұрап, Мәскеуге хат жаздым: оларда фотосурет сақталмақ түгіл, адамдарды фототаспаға түсірмеген де.

...Ресми деректер бойынша, Ұлы Отан соғысы кезінде 98 қазақ Кеңес Одағының Батыры атағын алған деген мәлімет бар. Мен осыны қайта тексерейін деп отырмын, себебі, Батырлар әлдеқайда көп болуы мүмкін.

Сұхбаттасқан Айнұр САПАРОВА

Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан туысқандары туралы мәліметті ұсынамын деушілер Ж.Доспановқа мына телефон арқылы 8 701 522 3912 хабарласып, AlGasyr@mail.ru электронды пошта мекенжайына хат жолдауларына болады.

4 желтоқсан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.