Атырау, 27 сәуір 00:29
 ашықВ Атырау +25
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

​Тонаудан қорғайтын дәрі ме?

3 041 просмотра


1 шілдеде облыстық наркологиялық диспансер жанынан тамырға егетін нашақорлар үшін алмастырушы қолдаушы терапия (АҚТ) пункттері ашылады.

Бұл туралы медициналық колледжде өткен «дөңгелек үстелде» облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк АЙМҰРЗИЕВА хабарлады. «Аман-саулық» ҚҚ және «АИВ-пен өмір сүретін адамдардың Қазақстандық одағы» ұйымдастырған кездесуге медиктер, ІІД, прокуратура өкілдері және тағы басқалар қатысты. «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті Бақыт ТҮМЕНОВА өз сөзінде АҚТ-ны АИВ-ның, гепатиттің, туберкулездің және басқа да жұқпалы аурулардың алдын алудың ықпалды тәсілі ретінде қолдады. Оның үстіне, бұл терапия, оның пікірінше, ауыр есірткілерге құштарлықты төмендетеді.

Атырауда 1 шілдеден бастап метадон шәрбатын 5 пациент қабылдай бастайды. Бұл көп емес. Бірақ, бүгінде Қазақстанда жұмыс беруші диспансерден анықтама әкелуді жиі талап етеді. Сондықтан есірткіге тәуелділер ол жаққа есепке тұрмау үшін бар күштерін салады. Екінші тежеуші фактор – күн сайын препараттың тәуліктік өлшемін алу үшін диспансерге бару қажеттігі. Ал егер аурухана стационарына түсіп қалса немесе қаладан шығып кеткен жағдайда қалай болмақ?

- Болашақта қажет болған жағдайда осы бағдарлама бойынша өздерін жақсы көрсете білген пациенттерге алдын ала бірнеше күнге препараттар беруді жоспарлап отырмыз. Жалпы ел бойынша оған қатысушылардың санын биыл 600-ге дейін жеткізу жоспарланған. Әзірге, Атыраудан басқа Алматы, Шымкент және Ақтау қосылып отыр, - деп хабарлады Б.Түменова.

Денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық кеңес төрағасы Надежда ПЕТУХОВАНЫҢ айтуынша, Қазақстанда түрлі мәліметтер бойыша 120 мыңнан 200 мыңға дейін нашақор бар. Мәселен, героин тұтынатындар күн сайын он мыңдаған теңге жұмсауы тиіс. Ал метадон мөлшері 180 теңге тұрады, бұл есірткі трафигіне ауыр соққы болмақ.

- Метадонның ем екенін ешкім растап отырған жоқ. Бұл алмастырушы терапия ғана. Бірақ ол есірткіге тәуелді науқасқа құқықтың алаңда қалуға, өз отбасының материалдық мүддесіне нұқсан келтірмеуге, оны қылмыс жасаудан ұстап тұруға мүмкіндк береді, - деп есептейді Н.Петухова.  

Мен осы тақырып бойынша өткен былтырғы кездесуден кейін нарколог дәрігерлердің АҚТ инеге түбегейлі отырғандар үшін есірткі мөлшеріне ақша табылғанша біраз уақытқа ғана шыдай тұратын тәсілге айналады деп қауіп білдіргенін, нашақорға тәулігіне метадонның бір мөлшері жеткілікті болатындығына күмән білдіргендіктерін есіме түсірдім. Б. Түменова бұл пікірге комментарий берді:

- Метадон героин және басқа ауыр есірткілер секілді мөлшерін үнемі көбейтіп отыруды қажет етпейтіндіктен және ұзақ тәуелділік тудырмайтындықтан таңдап алынды. Оның үстіне, дәрігер мөлшерді жеке-дара тағайындайды. Егер жақсы психикалық-әлеуметтік түзету болса, адам біртіндеп метадоннан да «шығуы» мүмкін. Ғылым дамуда, бәлкім, кешікпей «сынуды» кетіру үшін басқа препараттар пайда болуы мүмкін. «Сыну» кезінде пациенттер не нәрсеге де баруға дайын. Алайда олардың өмірлерінде тұрақтылық пайда болған кезде, олар таңертең міндетті түрде препаратты алатындығына сенімді болса, біреулерді тонау секілді ойдан арылады.

Оны «АИВ-пен өмір сүретін адамдардың Қазақстандық одағы» президенті Нұрәлі АМАНЖОЛОВ қолдады:

- Әлеуметтік семинарларда оқытуға дейін наркологтар бұған күмәнданды. Науқасты алмастыру терапиясына алмас бұрын дәрігер оның бұрын нені және қандай мөлшерде қабылдағанын анықтап, препарат мөлшерін белгілейді. Ол 30 мл-ден 160 мл-ге дейінгі аралықта болуы мүмкін. Егер абстиненттік синдром ертерек басталса, онда мөлшерін көбейтеді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

7 маусым 2017, 13:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.