8 қаңтарда өткен облыстық мәслихаттың сессиясында облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ Нұрсая ықшамауданында ІІД-ге арналған арнайы мақсаттағы үй салынғанын мойындады («Шериф, ақылы тұрақ, ІІД үйі және катер туралы», «Полиция бюджет қаржысын қалай жұмсауда?» мақалаларын қараңыз). Бүгін сіздер мұның не қылған «арнайы нысан» екенін және италиялық катерді қаншалықты арзан алуға болатындығын білесіздер.
ХАМАМ, САУНА, БАССЕЙН
Естеріңізде болса, әкім осы бір даулы үй туралы қайдағы бір құпия тапсырмаларға сілтеме жасап, нақтылап айтудан бас тартқан еді: «Бәлкім, ҰҚК жұмысы жөнінде де сұрар. Олар қашан келетіні, немен айналысатыны керек шығар». Айтпақшы, шынымен де, осы «арнайы нысандағы» 12 әдемі пәтердің біреуі осы ведомствода жасайтындардың қайсысына тиесілі екен деген сұрақ ойдан шығар емес.
Депутаттар мен баспасөздің көз алдын тұмандатып, көңілін аударуға тырысқанымен, «ІІД-нің қонақ үйі» басында режимді нысан болмағаны анық. Әлі күнге дейін оның жобалық-сметалық және қаржылық құжаттамаларына көптеген мемлекеттік қызметшілердің қолы еркін жетіп отыр. Құрылыс жүргізу мен жауапкершілікті әдейі мойнына артқан қалалық әкімдіктің қызметкерлерінен басқа да адамдар бұл туралы айта алады. Ғимарат та мемлекеттік реестрге тұрғын үй ретінде тіркелген.
Нұрсая ықшамауданының орталығына салынған 12 пәтерлі 4 қатарлы үйде 2 лифт жұмыс жасайды, әр пәтердің ауданы – 250 шаршы метр. Бірінші қатарда түрік моншасы (хамам), сауна, бассейн орналасқан, барлығы да қымбат құрылыс материалдарынан жасалған. Пәтерлерде қазірдің өзінде чех ас үй жиһазы, қымбат сантехника орнатылып, шетелдік жиһаздарды әкеліп жатыр.
Жаңа тұрғын үй алушылардың тізіміне, біздің ақпараттарымыз бойынша, облыс әкімінің орынбасарларының бірі, барлық құқық қорғау органдарының басшылары (бұрынғы қаржы полициясының басшысы жоқ) тіркелген. Қаңтар айында көшуді жоспарлап қойған екен, алайда біздің бірінші жарияланымымыздан кейін құқық қорғаушылардың бойларын жеңіл үрей билеп, өздерінің қарапайым тамдарында отыра тұруды жөн көріпті. Бейресми ақпарат көздеріміздің айтуынша, газет мақаласы ондаған мундирлердің абыройын сақтап қалған екен – пәтер иелері қоныс той тойлап, ұятқа қалмағандарына қуанып отыр екен.
«АЖ» ақпараттары бойынша, көтерілген даудан кейін Бақтықожа Салахатдинұлының өзі «қонақ үйге» жеке барып, қарамағындағы адамдардың дағдарыс кезінде құқық қорғаушыларға өте жайлы «арнайы нысан» салып бергенін көзімен көріп, қатты ренжіпті.
Үйді тез арада полицияның балансына өткізіп, бір қатарды «Арлан» және жедел әрекет ететін арнайы жасаққа беріп, қымбат жабдықтар мен шетелдік кафельдерді сындырып алмауды қатаң тапсырыпты. Әкеліп үлгерген шетелдік жиһаздардың бір бөлігін ІІД нысандарына бөліп беруге шешім қабылдапты.
КАТЕР ҚЫЗДАРСЫЗ САТЫЛАДЫ
Облыс әкімі мәслихат сессиясында осы үймен бірге полицияға арналған 1,3 млн доллар тұратын бір италиялық катер жеткіліксіз, тағы біреуін алу керек деп мәлімдеген болатын.
Біз осы қиын іске көмегімізді тигізуге тырысып, өндіруші – Fbdesign компаниясының өзінен дәл осындай FS-38 Stab маркалы патруль катерінің бағасын сұрап білдік. Апеннин түбегіне жазған хатымызға атыраулық полицейлер алған кеменің суретін қосып жібердік.
Миланға жақын орналасқан Анноне-ди-Брианца қаласынан «АЖ» редакциясына компания басшысы Фабио БУЦЦИДІҢ қолымен қызық жауап келді. Италиялық саудагерлерге тән ілтипатпен атақты дизайнер бізге былай деп жауап қайтарды: «Құрметті мырзалар! Сіздердің суреттеріңізде жабық кешенді «Мока» модификациялы 38 Stab катері көрсетілген. Осындай бір кеме қазір сіздердің елдеріңізде қолданыста жүр және бұл кеме біздің жергілікті агентіміз және досымыз З. (аты-жөні жазылған – редакция ескертуі) арқылы алынған. Дәл осындай дайын катер қолымызда жоқ, алайда біз аз уақыттың ішінде қуана-қуана дайындап береміз. Қос дизельді FPT қозғалтқыштары бар дәл осындай жабық катер 465 000 еуро тұрады. Жеткізу мерзімі 120 күн.
Осындай модельді, үсті ашық катер бар. Қуаттылығы 300 ат күші, 53 узел жылдамдықпен жүзетін қос Verato қозғалтқышымен жұмыс жасайды. Бағасы – 390 000 еуро. Жеткізу – 80 күн.
Үш Yamaha қозғалтқышты (350 ат күші бар) FB 48 Stab катерін де ұсына аламыз. Жылдамдығы – 60 узел. Екі қозғалтқышпен 48 узел ала алады. Бұл бізде қазір көрініске қойылған. Бағасы 620 000 еуро. Жаңа. 380 000 еуро ыңғайлы бағамен ұсынамыз (Қыздар бағаға қосылмайдыJ). Суретті қараңыздар. Алғыларыңыз келсе, хабарласыңыздар. Құрметпен, Фабио БУЦЦИ».
Осындай қымбат көлікті сатып аларда кейбір басшыларға мұның өндірушілердің өзінде қанша тұратынын сұрап білген дұрыс шығар. Тіпті, саудаласуға да болады екен, италиялықтардың қандай жеңілдік беріп отырғанын көрдіңіздер ме? Транспорттық және басқа да шығындарды (баж салығы мен басқа да алымдарды есептемесе де болады, өйткені тауар мемлекеттік мүлікке тиесілі) қосқанда да, полициямыз әбден жаңылысқан сияқты.
ПА – ІІМ: ШҰҒЫЛ АНЫҚТАҢЫЗДАР!
Ал Астанадағы ақпарат көздеріміз былай деп хабарлайды: Үй мен катер жөніндегі жарияланым президент әкімшілігі басшысы Нұрлан НИҒМАТУЛЛИННІҢ үстеліне түсіпті. Ақордадан «Шұғыл! Анықтаңыздар!» бұрыштамасымен ішкі істер министрі Қалмұханбет ҚАСЫМОВҚА хат жіберілген. Жақын арада облыстық ІІД-нің қаржылық-шаруашылық қызметіне кешенді тексеру жүргізілмекші.
Азамат МАЙТАНОВ