Атырау, 27 қараша 19:38
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

​Полиция бюджет қаржысын қалай жұмсауда?

4 284 просмотра

Бұдан бір жыл бұрын Атырау облысының әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мұнайлы өлкедегі қылмыстардың ашылуы 97%-ға жетті деп мәлімдеген еді.

Жалпы мұндай рекорд әлемнің бірде-бір полициясында болмаған. Әрине, біздікілерден басқасы. Алайда қазір біздің өте «тырысқыш» қызметкерлердің тергеуді қалай жүргізіп, қалай «кінәні мойындататыны» туралы айтпай-ақ қояйық, бұл жөнінде көптеген жарияланымдарымыз болды. Одан да ІІД басшылығының жақында өңір басшысына қылмыс өсімі бойынша облысымыздың алға шыққаны жөнінде баяндама жасаған кезіндегі түрін көзімізге елестетіп көрейікші. Тек 2015 жылдың 10 айында қылмыс 2014 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 40%-ға артқан. Бұл жерде 2012-2014 жылдары жергілікті бюджеттен ІІД-ні материалдық-техникалық қамтамасыз етуге 9,2 млрд теңге бөлінгенін еске салған жөн. Бұл үлкен қаражат қаншалықты тиімді пайдаланылып жатыр?

НҰРСАЯДА ІІД ҒИМАРАТЫН САЛДЫ...

2013 жылы ІІД басшылығы облыс әкімдігінен өздеріне кешен – 700 қызметкерге есептелген үлкен ғимарат, 150 бірлік арнайы көлікке арналған жабық автотұрақ салу жөнінде өтініш жасады. 2014 жылдың қыркүйек айында ІІД басшысының орынбасары Әбілсейіт ӘМІРОВ газетімізге Нұрсая ықшамауданында полицейлерге арналған жаңа ғимараттың құрылысы аяқталуда деп хабарлаған еді. Нысанды тапсыру мерзімі – 2014 жылдың желтоқсаны, мердігер – «Қалақ» ЖШС ІІД Нұрсаяға көшеді» мақаласын қараңыз). Сонымен қатар, полковник Әміров былай деді: «Жобаның ұсақ-түйегі, құрылыс құны, мердігер фирманың атауы бізге белгілі. Біз 1997 жылы көшіп келген бұрынғы ГНХС трестінің ғимараты (қазіргі ІІД ғимараты) облыстық қаржы басқармасының балансында тұр, біз оны қайтаруымыз қажет». Біздің деректеріміз бойынша, жаңа ІІД ғимараты мен полицияларға арналған тұрғын үйлер құрылысына бюджеттен 6 млрд теңге бөлінген. Қателеспес үшін біз ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Арман ЖАЛМҰХАНБЕТОВҚА редакциялық сұраныс жіберіп, төмендегіше жауап алдық: «Әкімдік бұл ұсынысты қолдады. Құрылыс және жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу бойынша тапсырыс беруші облыстық әкімдіктің құрылыс басқармасы болып табылады. Осыған байланысты Сіздің нысандардың құны, сипаттамалары және қолданысқа берілуі жөніндегі сұрақтарыңызға жауап беру мүмкін болмай отыр».

Бұл «біз тек ұсыныс жасадық, салып жатқан әкімдік» деп бұлтару сияқты. Алайда облыстық құрылыс басқармасы миллиардтаған бюджет қаржысы бөлінген нысан құрылысы туралы ештеңе білмейді екен. Телефонмен сөйлесу кезінде Атырау облыстық құрылыс басқармасы бастығының орынбасарларының бірі қандай ғимараттың сөз болып отырғанын көпке дейін есіне түсіре алмады. Біраздан кейін нысанды қаржыландыру республикалық бюджеттен қалалық бюджетке трансферт арқылы жүзеге асырылатынын алға тартып, қалалық құрылыс бөліміне хабарласуымызды ұсынды. Кейіннен бұл облыстық құрылыс басқармасы бастығы Елтай ҒАЛЫМЖАНОВТЫҢ қолымен келген жазбаша хатпен расталды. Алайда, егер қалалық құрылыс бөлімінің басшысы мен орынбасары жақында аса ірі мөлшерде бюджет қаржысын жымқырды деп айыпталып, қамауға алынғанын ескерсек, сол жерде енді кімге хабарласуға болады? Сондықтан біз сауалымызды Атырау әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВҚА жолдадық, бірақ жауап келмеді.

...ТЕК БАСШЫЛАРҒА АРНАЛҒАН ҮЙ САЛЫНДЫ МА?

Сонымен, полициялар үшін не салынды? Суреттегі ғимарат салынды. Оқырманның өзі мына төрт қатарлы, әйнек балкондары бар жаңа ғимарат 700 күштік қызметкер мен 150 көлікке арналған тұрағы бар режимді нысанға көп ұқсамайтынын айыра алатын шығар (кірпіш дуалынан басқа). Алайда, неге екені белгісіз, жұрттың бәрі дәл осы сәулет-құрылыс өнерінің туындысын салынып жатқан ІІД кеңсесі деп атайды. Мүмкін, Нұрсая ықшамауданында ІІД-нің жаңа ғимаратының орнына жеке аумағы бар, әрқайсысының ауданы 250 шаршы метр болатын 12 пәтерлі элитті тұрғын үй салынып жатқанын халықтан жасырғысы келді ме екен? Мүмкін, бұл пәтерлер ІІД-нің басшылық құрамы және шенеуніктердің бірінің тұруы үшін салынған болар? Әлде жаңа қонақ үй ме? Өйткені жобада бұл нысан «Қонақ үй» деген атаумен белгіленген. Әй, құрылыс бөлімдері-ай, бәрінің басын айналдырды ғой...

Сонымен, бұл ғимаратта не болады? Сары газ құбырларының айналдыра тартылуына қарағанда, бұл ғимараттың ондаған ас бөлмесі болатын сияқты. Алайда полиция басшылығы тұрғын үй жоқтығы тауқыметін тартып, әр жерде қаңғып жүрмеген шығар. Олардың көпшілігі, жалақыларының аздығына қарамастан, қымбат коттедждерде (туыстарының аттарына жазылған) тұрады. Қатардағы қызметкерлер туралы бұлай айта алмайсың. Бізге ІІД-дан хабарлағандай, бүгінде 330 полиция қызметкері тұрғын үйге мұқтаж, олардың ішінде 150-ден аса адам баспанасыз болса, 45 қызметкер үйді жалдап тұрғаны үшін республикалық бюджеттен өтемақы алады.

БУЦЦИДІҢ КАТЕРЛЕРІ

2013 жылы ІІД белгілі итальяндық инженер-дизайнер Фабио БУЦЦИГЕ тиесілі FBdesign компаниясынан жоғары жылдамдықты FS-38 Stab патрульдік катерін сатып алды. Жалпы, бұл шағын кеме Каспийдің қатал климатына емес, Жер орта теңізінің жылы суларына арналған. Алайда бізді осы итальяндық катер шығару өндірісі көшбасшысының туындысы қанша тұратыны қызықтырды. Интернетте ең аз жарақталған осындай катерлердің құны миллион доллардан басталады. Біздің деректерімізше, атыраулық полиция толық, ең қымбат жарақталған - full option комплектациясын алған. Бұл сатып алу туралы ІІД баспасөз қызметі былай деп жауап берді: «Баланста Италияда жасалған, FBdesign компаниясының FS-38 Stab маркалы бір патрульдік катері бар. Бұл - қос моторлы, жоғары жылдамдықты, 8 адамдық жүзу құралы. Патрульдік-инспекциялық қызмет атқару мақсатында алынды. Орындалатын міндеттер: патрульге шығу, белгіленген жүзу және балық аулау ережелерін бұзушыларды ұстау, суда жүру ережелерін бұзған кемелерді тоқтату, сонымен қатар оларды өкілетті органдардың орналасқан бекеттеріне дейін жеткізу. Бұл катер облыстық ІІД БҚҚҚК бөлімінің (балық қорларына қылмыстық қол сұғушылықпен күрес бөлімі, ел арасында су полициясы деп аталады – автордың ескертпесі) материалдық-техникалық базасын күшейту үшін облыстық әкімдіктің жергілікті бюджеттен бөлген қаржысына алынды. Катердің құны 189 млн теңгені құрады (2013 жылғы курс бойынша шамамен 1,3 миллион доллар - автордың ескертпесі). Қазіргі уақытта жеткізуші фирманың кепілдігіне байланысты катерді баптауға қаржы бөлінген жоқ».

Осы жерде тағы бір сұрақ туындайды: неге біздің кедей полиция қызметкерлері осындай қымбат шетелдік техниканы сатып алады? Бұл ақшаға Орал кеме жасау зауытынан бірнеше патрульдік катерлер сатып алуға болады. Осылай жасаса, қуатты шекара кемелерін суға түсіру рәсімінде Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, отандық өндірушіге қолдау жасауға болар еді. Сол кезден бері су полицияларының жұмыс көрсеткіштері де жақсара қойған жоқ. Бір-ақ мысал: 2015 жылғы тамызда әріптесім Зульфия БАЙНЕКЕЕВА еліміздің балық қорларына қылмыстық қолсұғушылықпен күресушілердің көз алдында шақырымдарға созылып жатқан браконьерлік ау құралдарын бейнежазбаға түсірген болатын.

АІІБ-КЕ ШАҚЫРМАЙДЫ

Міне, осындай жағдай. Миллиардтаған бюджет ақшасына полиция өзіне қымбат катер сатып алады, әкімшілік ғимараттың орнына түсініксіз нысан салады, ал қылмыс еш азаяр емес. Ауылдық жерлерде соңғы жылдары бірде-бір учаскелік тірек бекеті салынбағанын да еске салып өтейік. Тірек бекеті деген не тәйірі. Жақында, ел шекарасында орналасқан Құрманғазы ауданында астрахандық әріптестерімен болған өңіраралық кездесуде біздің полиция қызметкерлері қонақтарын аудандық әкімдікте қабылдады. АІІБ-нің тозығы жеткен апатты ғимаратына шақыруға ұялған екен...

Азамат МАЙТАНОВ

5 қаңтар 2016, 15:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.