8 қаңтарда Атырау облыстық мәслихатының сессиясы өтті.
СҰРАУЫ КӨП ЖЫЛ БОЛДЫ
Күн тәртібі бір тармақтан тұрды: депутаттар облыс әкімдігі ұсынған жергілікті полиция бастығы лауазымына үміткерді – бұған дейін облыстық ІІД бастығының орынбасары болған Нұрым ОРАЗБАЕВТЫ (суретте) мақұлдауы тиіс болатын.
- Оразбаевтың қарамағында учаскелік инспекторлар, жол-патрульдік қызмет, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекция, арнайы мекемелер, жергілікті бюджет есебінен жұмыс жасайтын бүкіл полиция қызметтері болады. Жергілікті полиция штатында - 1 173 адам бар, - деп хабарлады облыстық ІІД бастығы Арман ЖАЛМҰХАНБЕТОВ.
Депутаттар бірауыздан дауыс берді.
Облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ сөз алды:
- 2015 жыл жаман болмады. Облыстық бюджеттің орындалуы 99,8% құрады. Осы көрсеткіш бойынша облыс ел бойынша 4-орын алды. Бұған дейін 1-орында болдық. Желтоқсанда «Каспий Лана Атырау» жүн өңдеу зауыты іске қосылды. Қаңтардың екінші жартысында зауыт толықтай қуаттылықпен жұмыс істейді. «Салтанат сарайы» жанына жерлесіміз, ақын, Қазақстан әнұраны мәтінінің авторы Жұмекен Нәжімеденовке ескерткіш орнатылды. Нұрсая ықшамауданында «Сарайшық» коммуналдық базары ашылды. Ол жердегі бағалар басқа базарларға қарағанда төмен. Облыстағы агрокәсіпорындарда өндірілген өнімдер делдалдарсыз сатылады. Біз осы жерде қырықтан астам өнімдерді шығарып, сатамыз.
Маған неліктен коммуналдық базарда қала тұрғындарынан көлік тұрағында 50 теңге алынады деп сұрақ қойды. Өйткені, «Сарайшық» өзін өзі қаржыландырады, біз ол жерге ақша салмаймыз, ал базардың әкімшілігі күзет, тазалаушылар ұстауы керек, жарық үшін ақы төлеу керек және т.б. Мен сізден, Арман Кеңесұлы (Жалмұханбетов), базар маңына «Тұраққа тыйым салынған» белгісін орнатуды сұраймын. Көше тар, келесі жылы біз оны екі есеге кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Бірақ бүгінгі күні оның ені жүргізушілерге жол жиегіне тоқтауға мүмкіндік бермейді, кептеліс туғызады.
Баспана беруге қатысты. Тұрғындар ел президентіне, премьерге, депутаттарға, парламент спикеріне менің пәтер беруіме ықпал ету өтінішімен хат жолдауды жалғастыруда. Мен тағы қайталап айтамын: мен – өңір басшысымын, пәтер бермеймін. Баспананы қала мен аудан әкімдері белгіленген заң тәртібімен береді. Қайда жазсаңыздар да, заңды белден басып баспана ала алмайсыздар.
Басталып жатқан жылда Атырау қаласы мен қала маңындағы көшелерді асфальттау бойынша көп жұмыстар жоспарланып отыр. Осы бағдарлама бойынша бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі 4,5 миллиард теңгені құрайды.
Жаңа жылда облыс орталығын қар басып қалды. Қала тұрғындарының менің телефон нөмірімді қайдан тапқандарын білмеймін. Түнде қоңырау шалып, бір көшелердің қашан қардан тазартылатыны туралы сұрақ қойды. Бір әйел сендер жоғарғы жақта ұйықтап жатсыңдар, ештеңеге алаңдамайсыңдар деп қатты ұрысты. Қазір Атырау көшелерінде 81 арнайы техника жұмыс жасап жатыр. Ожаев (Атырау әкімі), қанша дейсіз? Міне, көрдіңіздер ме, енді жүз машина қар тазалап жатыр екен. Мұнай компанияларының техникасын тартамыз. Мен қала маңындағы Томарлы поселкесі маңында болдым. Ол жердегі үйлердің арасындағы қар күртіктерінің биіктігі бір жарым метр. Еріген кезде су басады. Бүкіл күшті жұмылдыру керек...
"2012 ЖЫЛ ҚАЙТАЛАНА КӨРМЕСІН"
Әрі қарай өңір басшысы біздің "Полиция бюджет қаржысын қалай жұмсауда?" деген таяудағы жарияланымымызға комментарий берді.
- «Ақ Жайық» газетінің сайтында – мен брифингте облыстағы қылмыстың ашылуы 97 пайыз құрады, бұл рекордтық көрсеткіш деп баяндады деп жазыпты. Олай емес, мен толық жауапкершілікпен айта аламын. Ауыр қылмыстарды ашу 97 пайыз емес, 100 пайыз құрады. Мен осы көрсеткішті әдейі сұрадым. Сондықтан бұл рекорд емес, рекордтан үлкен нәрсе.
Әрі қарай әкімдік әлдебір күмәнді тұрғын үй үшін ақша бөлгендігі туралы мәселе көтерілді. Мен мұны жариялай алмайтын едім, өйткені белгіленген тәртіп бар. Бұл үй шынымен де ІІД үшін – арнайы мақсатқа арналып салынып жатыр. Таяу уақыттарда жергілікті полиция осы ғимаратты алып, арнайы мақсат үшін пайдаланатын болады. Одан артық ештеңе айта алмаймын. Маған тапсырма берілді, мен орындауға тиіс болдым. Бұл жерде жазыпты – неге бізге жауап бермейді деп. Ал мен не үшін жауап беруге тиіспін? Бәлкім, ҰҚК жұмысы жөнінде де сұрар. Олар қашан келеді, немен айналысады деп. Әрі қарай, неліктен біз катерді осыншама қымбатқа сатып алдық, бұл ақшаға Оралдағы кеме жасау зауытынан бірнеше катер сатып алуға болатын еді ғой деп жазыпты. Сандырақ деймін. Егер білмесе, онда сұрастырсын. Бұл катерлердің бағасы салыстырмалы. Бірдей деуге болады. Оралдық катерлер бізде шығарылған, біз ешқашан өзімізге қарсы болмаймыз... Бірақ бізге жүрдек катер керек, сондықтан осыны сатып алдық.
Білмейтіндерге айтарым, осы катермен тоқтаудан бас тартқан махачкалалық кемеге оқ атылды. Бір адам жараланды. Содан кейін Ресей СІМ Қазақстан СІМ-мен біраз уақыт анықтау жұмыстарын жүргізді. 2012 жылы мен Атырауға келген кезде, махачкалалықтар біздің аумақтық теңіз суларында ғана болмай, тіпті Жайыққа да кірді (айтпақшы, бұл туралы «АЖ» әкімдер ауысқанға дейін әлденеше рет Балықшыдағы айлақтан фотоайғақтар ұсынып, жазған болатын). Есесіне, енді бізде мұндай қылмыстарды ашу деңгейі артты, шекарашылар мен осы катердің арқасында көршілеріміз біздің суға кірмейтін болды. Бізге мұндай бір катер аз болады, егер мүмкіндік болса, дәл осындай тағы екіншісін сатып аламыз. Ол бізге керек.
Шақырымдық ау құралын тауыпты деген әңгіме болды... Құқыққорғау органдарының қайсысы түсінік бере алады?
А.Жалмұханбетов: Өткен жылы қылмыстық жауапкершілікке тартылған браконьерлердің ұйымдасқан қылмыстық тобы ұсталды. Теңізде олардан екі-үш шақырымдық ау құралы алынды. Осылайша Қазақстаннан алғашқы браконьерлік ҰҚТ анықталып, жойылды... Мен катерлердің бағасын сұрадым. Оралдық пен италиялық катерлердің баға ұсыныстарындағы айырмашылық 10 млн теңгені құрайды. Айырмашылықтың көптігі сол, италиялық кеме өте жоғары жылдамдықпен жүзеді.
Бұл катер онымен ІІД басшылығы серуендеу үшін алынды деген қауесет - бос сандырақ. Қараңыз, ол серуенге арналмаған. Оны Германия, Франция және басқа елдер жабдықтайды. Ал сіз білесіз бе, біздің су полициясы немен жүреді? Бір аспалы моторлы қайықпен. Сондықтан олардың байданы түгілі, екі аспалы мотор орнатылған қарапайым браконьерлік қайықты қуып жетуге мүмкіндіктері жоқ. Менің алдыма осы мәселені түбегейлі жою үшін үздік катерлердің бірін сатып алу міндеті қойылды. Біз сайтын тауып, сатушыларға шығып, катерді сатып алдық, оны осында жеткізді. Осы катердің арқасында аспалы моторлары бар ондаған браконьерлік катерлерді қолға түсірдік. Бізде мұндай катер екеу, үшеу емес, неге біреу деген сұрақ туындайды.
Б. Ізмұхамбетов: Селекторлық кеңесте мен ел басшыларының бірінен біздің облыста ІІД-ні қолдау үшін аз қаржы бөлінетіндігі үшін ескерту алдым. Ақтөбе мен Алматы облыстары мысалға алынды, онда полицейлер жыл сайын 10-12 млрд теңгеге қаржыландырылады. Бізде едәуір аз қаржы бөлінеді. Бұл жерде мені полицияға артық ақшалар бөледі деп жазғыруда... Біз полицияны артық ақшамыз болғандықтан жабдықтап отырғанымыз жоқ. Өйткені, бізге полиция керек. Егер Атырауда осыншама тәртіпсіздіктер мен заңсыз әрекеттер болмаса, біз ІІД-ні жарақтамас едік. 2012 жылғы кез қайталана көрмесін. Сіздер әлі көп нəрсе туралы білмейсіздер...
Әңгімеге құрылыс саласына басшылық ететін облыс әкімінің орынбасары Тимуржан ШАКИМОВ қосылды:
- Мақалада бұл үй 6 млрд теңге тұрады деп жазылыпты (салыстыру үшін мақаладан үзінді келтірейік: "Біздің мәліметіміз бойынша, ІІД жаңа ғимараты мен полицейлерге арналған баспана құрылысына бюджеттен 6 млрд теңге бөлінді»). Олай емес. Ол 10 есе арзан. ІІД кешенін салуға келер болсақ, жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес, ол 5,7 млрд теңгеге шығады. Бұл кешен үшін аумақ Нұрсаяда бөлінген. Ақша бөлінген бойда құрылысты бастаймыз.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ