Привокзальныйда тұратын жас спортшы Илья НАСТОЧЕНКО (суретте) 2010 жылы Қытайдың Хуанчан қаласында өткен грек-рим күресінен жастар арасындағы Азия чемпионатының бас жүлдесін жеңіп алды, алайда осыдан кейін көзге көрінбей кетті... Талантты спортшыға не болды және қазіргі жағдайы қалай? Біз бұл туралы Ильяның өзінен сұрадық.
- Илья, соңғы жылдары үнсіз қалуыңыздың себебі неде?
- Бәрін басынан бастап айтайын. Мен күреске спорттық өлшем бойынша кештеу – 16 жасымда келдім. Бұл 2006 жыл еді, мен Привокзальныйдағы 1-БЖСМ-нің грек-рим күресі секциясына жазылдым. Жаттығуды бастағаннан бес айдан кейін Жаркентте өткен Қазақстан чемпионатында «күміс» жүлдегер атандым. Содан кейін ҚР жасөспірімдер құрамасының бас бапкері Серік Жұмашев маған Алматыдағы спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта оқы деген ұсыныс жасады. Мен келістім және жарты жылдан кейін ҚР чемпионатын ұттым, ал Түркияда өткен «Кіші әлем» турнирінде «қолаға» қол жеткіздім. 2009 жылы ересектер арасындағы ҚР чемпионатында бақ сынап, екінші орын алдым. Содан кейін бақытсыздық жағдайы орын алды: Ақтөбеде болған Жастар ойындарында қолымды сындырып алдым. Осылайша, менің спорттық өмірімнің екінші тарауы басталды.
Облыстық ауруханада маған ота жасады. Жарты жылдан кейін сауығып, Алматы қаласындағы спорт колледжіне оқуға бардым. Сол жерде Нұрым Дүйсенғалиев басқаратын ҚР жастар құрамасының сапында жаттығуға кірістім. Кейінірек Таразда олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтіңжүлдесіне арналған турнирде жеңімпаз атандым. 2010 жылғы ақпанда ҚР жастар чемпионатында да жеңіске жетіп, үш айдан кейін Хуанчанда Азия чемпионы атандым.
Бір айдан кейін сынған қолым сыр бере бастады. Қытайдағы жеңісім үшін маған халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын беріп, жалақы төлей бастады. Алайда, менің қолымның проблемасы туралы естігеннен кейін бұл «ризықты» алып тастады.
Маған тек шетелде жасалатын отаның көмегі болатынын білетін, өте жақын араласып жүрген жаттықтырушыларым да менен сырт айналды.
-Қандай ота керек еді?
- Менің шынтақ сүйегім қатты жарылған еді. Өте ауыр ота керек болды. Үйде отырып, мансабымды аяқтайын деп те ойладым. Күйзеліске ұшырадым. Бұл күндері отбасыма да оңай болған жоқ. Азия чемпионатындағы жеңісім үшін облыстық күрес федерациясының президенті Асқар Құловмаған «Лада» ВАЗ-2115 көлігін сыйға тартқан еді. Спорттық мансабымды жалғастыра алмасам, такси болам ғой деп өзімді жұбаттым. Мен өз тағдырыммен жалғыз қалғанда көмектескен жалғыз Асқар болды. Біраз уақыт өткеннен кейін ол маған ота жасауға көмектесетінін айтты. Мұндай жарақатқа шетелдің қандай ауруханасы ота жасайтынын анықтау үшін біз түрлі кеңестер алдық. Ақырында 2011 жылғы 17 наурызда Мәскеу травматология және ортопедия институтында спорттық, балет және цирк жарақаттары бөлімінің профессоры Олег Васильев маған ота жасады.
Желтоқсан айында гипсті алып, тағы екі ай Мәскеуде оңалту шараларынан өттім. 2012 жылы толықтай сауығып, Атырауға келдім. Алайда, мен спортта екі жылымды жоғалтып, Лондондағы Олимпиада лицензиясына таласа алмадым. Спортшылар спортқа, әрі кетсе, бір жылда қайтып келеді, ал мен екі жылдан соң оралдым. Мен өнер көрсететін 96 келі салмақта қазақстандықтардың ішінен ешкім Олимпиадаға жолдама ала алмады. Мен жайлап жаттыға бастадым. Барлық тәсілдер басымда тұр, алайда денем тыңдамайтындай сезімде жүрдім. Тек өткен жылы ғана мен өз атымды спортқа кері оралта бастадым.
-Қазір халің қалай?
- Шымкентте өткен ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында қола алдым. Желтоқсанда әлемнің мықты спортшылары жиналған ҚР президентінің кубогында да қолаға қол жеткіздім. Тағы бір қоланы 2014 жылы АҚШ-та олимпиада чемпионы Дэвид Шульцқа арналған халықаралық турнирде жеңіп алдым. Бұл сапарды да А. Құлов қаржыландырды. Жарыстардан кейін біз Америкада Қытай, Жапония, Үндістан және т.б. 25 елдің құрамасымен бірге жаттығу жасадық.
Қазір мен үйдемін. Жарыстарға дайындалу үшін туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының мықты спортшылар тізіміне өзімнің атымды қайта енгізуім керек. Сондай-ақ, жалақы да төлегендерін қалаймын. Менің жасым 24-те, отбасымды асырауым қажет.
Екі айдан кейін Астанада Азия чемпионаты басталады, ол жерде жүлде алатыныма сенімдімін. Содан кейін Оңтүстік Кореяда Азия ойындары және әлем чемпионаты болады. Осындай додалы жарыстар алдында Қазақстанның барлық облысының спорт басшылығы спортшылардың жағдайы мен жаттығуларын жақсарту үшін барлық мүмкіндіктерді жасайды. Мен туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасына жалақы беру және жиындар мен жарыстарға бару сапарларымды қаржыландыруды сұрап талай бардым. Әзірге жауап жоқ. Маған Ақтөбе, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстары басшылықтарынан солардың атынан өнер көрсету үшін жазбаша шақырту хаттары келді. Алайда, менің Атыраудан кеткім келмейді...
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ