Атырау, 24 желтоқсан 18:00
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 523.72
€ 544.09
₽ 5.20

Дөңгелек үстелдегі жекпе-жек

3 280 просмотра

Жайық-Каспий Орхус орталығында Доссордағы күкірт терминалына қатысты «дөңгелек үстел» болып өтті.

Естеріңізге салар болсақ, 5 мамыр күні Доссор тұрғындары теміржолды бөгеп, Доссор селосынан күкірт тиелген вагондарды алып кету және күкірт терминалын жабу туралы талап қойған болатын («АЖ» №19, 12.05.11 ж. – «Олар поезды тоқтатты»). Сол кезде жергілікті билік пен құқыққорғау органдары өкілдерінің ешқайсысы ашулы топқа бұл кәсіпорынның қайдан пайда болғанын түсіндіре алмаған еді. Ал кәсіпорын қожайындары болса, оқиға орнына тайып тұрған-тұғын.

Кейінірек өндірістік база қожайыны - құрылтайшысы канадалық Sulpro industries компаниясы боп табылатын «Доссор процессинг компани» ЖШС екендігі анықталған.

Дөңгелек үстелде инвестор өкілі Игорь ТАРАНЕНКО (суретте) мәлімдегендей, барлығы заңға сәйкес жасалған. Тұрғындарға терминалға қатысты 30 күн бұрын қоғамдық тыңдаулар болатындығы туралы хабардар етілген. Оларға екі тілде барлық қажетті құжаттар таратылған.

- Мақат ауданының жаңа әкімі біз туралы ештеңе білмейтіндігін айтады. Бірақ қоғамдық тыңдау өткізу үшін Мәдениет үйін де, аппаратураларын да ұсынған әкімдіктің өзі еді, - дейді И. Тараненко. – Қолымызда атқарушы органдардан алған 39 түрлі рұқсат қағаздарымыз бар. Бізде тіпті Мақат аудандық әкімдігінің өртте қалған адамдарға көмек көрсету жөнінде өтініш білдірген хаттары да сақталған. Біз кейін оларға көмек қолын создық

«Дөңгелек үстел» «Доссор процессинг компани» ЖШС мен Мақат ауданы әкімінің орынбасары Жанбай САҒИЕВПЕН (суретте) арадағы жекпе-жекке көбірек ұқсады. Әкім орынбасары өзін қоршаған орта мен доссорлықтардың саулығын қорғаушы ретінде көрсетуге тырысып бақты.

- Маған қатты қысым жасалып жатыр. Халық күн сайын қабылдауыма келіп,  шұғыл арада терминалды жабуымызды талап етіп отыр. Мен оның қожайындарымен келіссөздер жүргізіліп жатыр, күтіңіздер деп оларды сабырға шақырамын, - дейді Ж. Сағиев.

- «Доссор процессинг компани» басшысы директорының орынбасары В.Фирсов сіздің аудандық СЭС бастығы болған кезіңізде өндірісті бірнеше рет тексергендігіңізді  растап отыр.  Сондықтан да сіздің ештеңе білмеймін деуіңіз біз үшін күмәнді.

- Бастапқыда бұл нысан құрылыс материалдарын сақтайтын қойма ретінде көрсетілді. Ал, мына құжатта базаның күкіртті қаптамалауға арналғандығы туралы айтылады, байқадыңыз ба, бұл құжатта менің қолым жоқ. Бұл туралы аудандық газетте менің мақалам жарияланған да болатын. Мен компанияның өткізген қоғамдық тыңдауының заңдылығына да күдігім бар. Сол тыңдауға қатысқан мұғалімдерден түсініктеме алдым, олар өздерін сол жиналысқа күштеп апарғандарын айтып отыр және олар айтылып жатқан әңгіменің барысына түсінбеген де.

И.Тараненко өз кезегінде доссорлықтарды жеткілікті түрде ақпараттандырылмаған деп есептейді:

- Жоба экологиялық таза және поселке тұрғындарына ешқандай қауіп төндірмейді. Оның үстіне, біздер күнделікті топыраққа, ауаға және суға мониторинг өткізуге келісім-шарт дайындадық.

Ал, «Доссор процессинг компани» ЖШС директоры  Қайрат ЫДЫРЫСБАЕВ«АЖ» тілшісіне «диверсия» туралы сөз қозғады:

- Тіпті килограмм күкірт түсірілген жоқ. Бұл бір диверсияға ұқсайды. Күкіртті біреу әдейілеп теміржол жиегіне төккен. Біздің өндірістік қызметіміз басынан-ақ заңды негізде жүзеге асырылып келеді. Біз өз жұмысымызды жалғастыру үшін барлық ұсынылған жолдарды қарауға дайынбыз.

Алайда, Ж.Сағиев  бұдан шығар жол жоқ деп отыр:

-Мен осының бәріне қолды бір сілтеп, бұл қоймаларды басқа бір қажеттіліктер үшін пайдалануға ұсыныс берер едім. Проблема жасап, жазып, онда-мұнда барып ұрыссудың қажеті жоқ, бәрібір сіздерге халық жұмыс жасатқызбайды. Ең дұрысы түріктерден Бек-Бике селосында орналасқан базаларды сатып алыңыздар. Ондағы адамдар көшірілді, сол жерде керегінше күкірттеріңізді қораптай беріңіздер,-деп мәлімдеді ол «дөңгелек үстел» басындағы кездесу соңында.

Біз бұл оқиғаның аяқ алысын назардан тыс қалдырмайтын боламыз.

Сәния ТОЙКЕН

Суретті түсірген автор

2 маусым 2011, 00:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.