Атырау, 24 желтоқсан 18:30
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 523.72
€ 544.09
₽ 5.20

Ноғай Ордасына – 620 жыл

19 132 просмотра

Биыл қазақ тарихында ерекше орыны бар Ноғай Ордасының құрылғанына 620 жыл. Сонымен бірге, Атырау облыстық тарихи өлкетану мұражайының ашылғанына да 70 жыл толып отыр. Осы аталған екі тарихи оқиғаға орай көне Сарайшық қаласының орнында «Тәуелсіздік кезеңіндегі өлке тарихын насихаттаудағы мұражайлардың рөлі» атты бір топ мәдениет қызметкерлері  мен ғалымдар қатысқан  аймақтық семинар өтті.

Семинардың мақсаты - мұражайларды бүгінгі заманға лайық ғылыми, мәдени  және танымдық білім беру орнына айналдыру, өлке тарихы мен мәдени құндылықтардың, Атырау өңіріндегі орта ғасырлық елді мекендер тарихының, соның ішінде бүгін сөз болып отырған Ноғай Ордасы тарихының зерттелуі мен насихатталуы мәселелерін қозғау болатын. Және осы семинар үстінде облыстық мәдениет басқармасы шығарған «Киелі мұралар ордасы» атты кітаптың да тұсауы кесілді. Кітапта қызықты танымдық мақалалар мен мұражайдағы құнды жәдігерлердің түрлі-түсті суреттері басылған.

Ал енді ең басты тарихи датаға оралар болсақ, бұл жөнінде облыстық тарихи өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері, тарих ғылымының кандидаты М.ҚАСЕНОВТІҢ зерттеулері өте құнды, танымдық тұрғыда қызықты:

- Сарайшық тарихын айтқанда ноғай тарихын айналып өту мүмкін емес,-дейді ол. – Ноғай деген кім? Ол Алтын Орда түменінің қолбасшысы болатын. Оның әскерінің құрамына кірген тайпалар мен рулар ноғайлар деп аталған. Бату ханның қызынан туған Ноғайдың руы маңғыт еді. Оған Мөңке Темір хан Еуропа елдерін жаулаудағы ерлігі үшін Еділ, Дунай, Дон және Днестр өңірлерін сыйға тартқан. Осы өлкелердегі ел Ноғай ұлысы деп аталды. Кейін Ноғай 1300 жылы Тоқта ханмен соғыста қаза болды. Оның ұлысы ыдырап, бір бөлігі Еділ мен Жайық өңірлеріне шоғырланып, ноғай елі атала бастайды. Осы елдің негізінде құрылған Ноғай Ордасының құрамына наймандар, қыпшақтар, алаштар, қаңлылар, алшындар, т.б. барлығы жиырмадан астам рулар кірді. Орданы құрған әйгілі Әмір Едіге батыр болды. Ол туралы «Едіге батыр» жыры жазылғанын білеміз. Едіге 1405 жылы Тоқтамыс ханды өлтіріп, басын Сарайшық  қорымына жерлеген деген аңыз бар.

Ноғайлының гүлденген тұсы Едігенің баласы Нұрадиннің билік құрған кезі (1426-1440 ж.ж.) болды. Астанасы Сарайшық қаласы болған орда бұл кезде күшейіп, Батыс-Сібірдегі Түмен қаласына дейінгі, солтүстік-батысында Қазанға, оңтүстік батысында Арал мен Каспийге дейінгі жерлерді жайлады. Алайда бұл билік дәуірі көпке созылмады. Өзара алауыздық салдарынан орда 16 ғасырда ыдырады.

Бүгінде кіші жүз руларының ешқайсысына кірмейтін ноғай-қазақ рулары бар. Біраз ноғайлар Ресей патшасына қызмет етіп, орыстарға сіңіп кеткен.

Жалпы 1979 жылғы санақ бойынша Кеңес Одағында 6000 ғана ноғай болған екен. Заманында бабалары Ноғай батыр Еуропаның, Алтын Орданың, Ресейдің тағдырын шешкен Ноғай жұртының жайы бүгінде осындай.

Қазір Атырау қаласынан 50 шақырым жердегі Сарайшық қорымында мыңдаған ноғайлар жатыр. Арасында Ноғайлының әйгілі билері Мамай мен Жүсіп те бар. Бір сөзбен айтқанда, ноғай жұрты бізге жат емес. Басқасын айтпағанда, әйгілі би, дала философы Асан қайғы да қазақ-ноғай халқының өкілі. Одан басқа, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Сыпыра жыраулар да сол кезеңдегі ноғай-қазақтың өмірі туралы жырлаған. Өздері сол ортадан шыққан. Ғалым М.Қасеновтің айтуынша, олардың жырлары нағыз дерек көзі, тұнған тарих. Оны білу бүгінгі ұрпаққа парыз.

Семинарға қатысқан басқа ғалымдар мен мамандар да осындай құнды пікірлерді ортаға салды.

Диас Наурызәлиев,

Х.Досмұхамедоватындағы АтМУ-дың журналистика мамандығының 2-курс студенті  

26 мамыр 2011, 17:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.