Атырау, 24 желтоқсан 18:27
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 523.72
€ 544.09
₽ 5.20

Қайықпен кел, қалқатай...

3 640 просмотра

Жайықтың арғы бетіндегі 5 мың халық Махамбет ауданының орталығына келіп қатынауда үлкен кедергіге тап болып жүр. Ал жаяу жүргіншілердің жолсерігі болған қайық қатынасы екі күннің бірінде бағасын өзгертіп, 5 минуттық жерге 200 теңгеге дейін төлеуге мәжбүр етеді. Бұл халықтың қалтасына салмақ түсіріп отыр. Осы тұрғыда арыз - шағым да аз емес.

Жекеменшік қайықтар болса өз еңбектерінің нәпақасын күнге күйіп, суыққа тоңып, қиыншылықпен табатынын алға тартады.

Мұндай қиындықтың жауабы бір ғана көпір мәселесіне тіреліп тұрғандықтан, біз осы мәселенің жай-жапсарын аудан әкімінің орынбасары Серік Арыстановтан сұрадық.       

-  Бұл мәселе бұрыннан қозғалған тақырып, талай жылдан бері күрмеуін таба алмай жүрген жайымыз бар. Ол үшін облыстан кемінде 4-5 млрд қаражат бөлінуі қажет.Одан да маңызды мәселелер шешімін таппай тұр, оның қасында көпір мәселесін алғашқы рет қозғап отырған жоқпыз,-дейді Серік Арыстанов.

 - Индер ауданындағы көпір құрылысы аяқталысымен, бұл жерде де көпір салынады деген сыбыс жалған болып шықты ма?

 - Индерде аудан орталығының өзі өзеннің арғы бетінде орналасқан, ал Махамбет ауданының арғы бетінде бес мың ғана халық болса, Индер ауданында отыз мың халық бар екенін ескеу керек. Біздің көпіріміздің жүзеге аспауының бірден-бір себебі осы. Егер көпір салынса бізге де құба-құп.       

– Келешекте мұндай жоспар бар ма? Болса қашан?

- Қаражат бөлінбеген соң, бәлендей бірдеңе деу қиын, тіпті 2015 жылға шейінгі жоспарда жоқ.. Көпірден бұрын өзеннің арғы бетіндегі мәселелерді қарап жатырмыз. Әзірге паром қатынасы бар, түнгі, не таңғы мезгіл болмаса, бәлендей мәселесі жоқ.

Бұл орынбасардың уәжі. Ал аудан әкімі не дейді?

- Бұл ауданның қажеттілігінің біріне айналған көпір мәселесімен бірге басқа да қажеттіліктер  көп қаржыны талап етіп отыр - деп өз жұмысынан есеп берген Махамбет ауданының әкімі ӨМІРЗАҚ ЗИНУЛЛИН болса, су мәселесін шешуге ғана уәде беріп, көпір жайын үкіметтің ғана мойынына артудан аса алмады. Келгеніне бір жыл толмаған әкімнің ауданның кезек күттірмес  мәселелері хақында «Әлі де көркейеді, дамиды, салынады» деген үкілі уәдесімен аудан халқын қуанта аламыз.

Бүгінде Жайық өзені арнасынан асып, балығы тулап, өзінің кешегі келбетін жоғалта қойған жоқ. Бірақ, суы тартылған кезде, көлшік сияқты кеміп, тіпті қайық қайырлайтын деңгейге жететіні ауданның ғана емес, Атырау облысын былай қойғанда, Каспий теңізіне құятын ағыны бірте-бірте азайып бара жатқаны рас.

Аққуы қашқан өзеннен балығы да тайдай тулап ойнауды доғарғалы қашан. Әнімен де, сәнімен де тербеткен Ақ Жайық не себепті  мұндай күйге ұшырады? Біз қозғап отырған көпір мәселесі шешілгенше, Жайық суы тартылып қалар деген күдік жоқ емес.

Облыс орталығынан 70 шақырым жерде жатқан Махамбет ауданының бүгінгі халі осы. Көпір мәселесін тағы да уақыттың еншісіне тапсырдық. Әзірге аты аңызға айналған сазгер Шәмші Қалдыаяқовтың белгілі әнін әндетіп,  қайықпен қатынай тұрайық.

Айдана ДОСАХОШАЕВА

АтМУ-дың студенті

26 мамыр 2011, 16:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.