Атырау, 19 желтоқсан 00:14
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -5
$ 522.63
€ 548.66
₽ 5.07

Бағаның шарықтауын күтудеміз

4 102 просмотра

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ.Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ.2009 жылдағы теңгенің құлдырауын қайталаған 11 ақпан тарихта «қара сейсенбі» атауымен қалатын шығар. Теңге курсы ресми тұлғалардың жақында берген сөздеріне қарамастан, долларға, еуроға, тіпті рубльге шаққанда тағы да күрт төмендеді.

ҚР Ұлттық Банкі таңертең №5 баспасөз парақшасын таратты, онда теңгені еркіне жіберуінің себептерін атап өткен:   
«Біріншіден, жетекші дамушы елдердегі, оның ішінде БРИКС елдеріндегі жағдай. АҚШ-тағы «сапалық жұмсару» бағдарламасына сәйкес, қаржы дамушы елдерден дамыған елдерге ағылады, бұл осы елдердің валютасына қысым жасаумен жалғасты. Әлемдік экономиканың кейінгі дамуындағы белгісіздіктің әсерінен әлемдік қаржы және тауар нарықтарындағы өзгерістер артты. Екіншіден, Ресей рублінің курсына қатысты белгісіздік орын алып отыр. РФ Орталық банкінің Ресей рублін еркін айналымға жіберуінен соң 2013 жылы ол АҚШ долларына деген курсы бойынша 7,1 пайызға әлсіреді. Ағымдағы жылдың қаңтар айында Ресей рублінің әлсіреуі жалғасты.
Үшіншіден, бұл ҚР төлем балансының жағдайы. Ағымдағы операциялардың жағымды болуына қарамастан, пайдаланылатын тауарлардың импорты есебінен импорт өсуде.
Төртіншіден, спекулятивті операциялардың өсуінің әсерінен Қазақстан Республикасы экономикасында девальвациялық күту процесі жоғарылады. Спекулятивті ажиотаж бен айырбас курсының өзгерістерін алдын алу үшін Ұлттық банкке валюталық рынокке жиі енуге тура келеді.
Бесіншіден, болашақта инфляцияны 3-4 пайызға төмендету үшін Ұлттық Банк инфляциялық шектеуге өтуді жоспарлап отыр, ол дегеніміз – айырбас курсының қатаң қадағалауынан бас тарту».
Міне, сондықтан да Ұлттық банк, бұрыннан дайындап келе жатқан болуы керек, осы шешімін қабылдады, яғни, 2014 жылдың 11 ақпанынан бастап теңгенің айырбас курсын бұрынғы деңгейде қолдан ұстап тұрудан бас тартып, валюталық интервенциялар көлемін төмендетіп, теңгенің айырбас курсын қалыптастыру үдерісіне араласуды қысқартты.

Ресми хабарлама ведомствоның http://www.nationalbank.kzсайтына шыққаннан кейін, күні бойы бұл бетті ашу мүмкін болмады.

Жағдайға «ҚР Ұлттық банкі» ММ Атырау филиалының директоры Қозыбақ ҚҰЛБАРАҚОВ нақты түсініктер келтіріп, сұрақтарға жауап берді:

- Бүгінде адамдар доллар сатып алу керек пе, әлде осы қарбалас кезінде қолдағы валюталарды сату керек пе деген сауалдарды қызу талқыға салуда, көптеген адамдар курстың қалпына келетініне әлі де сенімді.

- Ұлттық банк теңге курсының жаңа бағамы 185 АҚШ доллары төңірегінде болады деп белгіледі. Айырбас пункттеріндегі шетел валютасын теңгеге сату-сатып алу бойынша қосу/алу 3 теңге деңгейінде дәлізді енгізді және күрт өзгерулерді реттеу бойынша саясат жалғасуда. Яғни, Ұлттық банк биржадағы жағдайды бақылап отыратын болады және керек жағдайларда курстың күрт тербелуін болдырмау үшін саудаға да қатысады.

Халықтың валюта сатып алу-сату операциялары, сондай-ақ депозитті шетелдік валютаға ауыстыру сияқты әрекеттеріне келетін болсақ, мұны жасауға өте кеш және өте ерте. Төбелестен кейін жұдырық сермемейді дегендей, доллардың курсы қазірдің өзінде шарықтап кетті, шетелдік валютаны бүгін қымбатқа сатып алуыңыз мүмкін. Дұрысы, қарбалас басылғанша күте тұру керек. 2009 жылғы соңғы девальвация кезінде доллар 155 теңгеге дейін көтеріліп, біртіндеп 140 теңгеге түсті. Бұл жолы да доллар өз бағамын біртіндеп түсіруі мүмкін. Асықпауға тағы бір себеп – қысқа мерзімдік саудаларды (азық-түлік, алғашқы қажеттілік бұйымдары және т.б.) халық теңгемен жасайды, яғни, адамдарда шетелдік валютаға деген үлкен сұраныс жоқ.

Айырбас пункттерінде алаяқтық операцияларға жол бермеу үшін Ұлттық банк 11 ақпаннан бастап мынадай дәлізді енгізеді: АҚШ долларына – 2 теңге,
- Еуроға – 3 теңге. Осылайша, егер, банк долларды 185 теңгеге сатып алса, онда оны тек 187 теңгеге ғана сата алады.

- Осы ереженің бұзылуы фактілері анықталған жағдайда Ұлттық банкінің жергілікті филиалына шағымдану керек. Жеке меншік айырбас пункттері мұндай бұзушылықтары үшін лицензиясынан айырылады, екінші деңгейлі банктерге де жаза қолданылады, - дейді Қозыбақ Құлбарақов.

- Бүгін таңертеңнен бері екінші деңгейлі банктердің айырбас пункттері, қозғалмайтын мүлік сату агенттіктері, автокөлік салондары өз жұмыстарын тоқтатып қойды, тіпті кейбір азық-түлік дүкендері де жабылып қалды...

- Мұны негізінен Ресейден және басқа да елдерден тауар әкелетін сауда ұйымдары жасайды. Олар ішкі есептерін жүргізіп алулары керек. Банк филиалдары бас кеңселерінен тапсырма күтіп отыр, кешке дейін бәрінің жұмыстары қалпына келетініне сенімдімін.

- Неге ресми тұлғалар соңғы сәтке дейін девальвация болуы мүмкіндігін жоққа шығарып, ұлттық валюта курсының құлдырауына еш себеп жоқ деп халықты алдайды? 21 қаңтарда Ұлттық банк сыртқы қалыпты экономикалық конъюнктура мен тұрақты макроэкономикалық жағдайдың және т.б. арқасында Қазақстанда теңгенің девальвациялануына еш себеп жоқ деп хабарлама таратқан еді. Өтірік айтып не керек еді?

Жергілікті филиалдың басшысы бұған түсінік беруден бас тартты, тек ресми баспасөз хабарламасында болып жатқан құбылысты девальвация деп атамайтынын алға тартты. Ол сондай-ақ, «айырбас курсын түзету отандық кәсіпкерлер үшін бәсекелестік жағдайды жақсартады» деп атап өтті.

Қалай болғанда да, айырбас пункттерінің бірінде 11 ақпанда таңертең доллар курсы 217 теңгеге көтерілді, басқа пункттер бас кеңсенің бұйрығы бойынша уақытша сауданы тоқтатты. Түстен кейін де айырбас пункттеріндегі сатып алу-сату бағаларының айырмасы келісілген 2 теңгеден асып жатты. Жылжымайтын мүлік сату агенттігі, автокөлік салондары және тұрмыстық қажетті техникалар дүкені жұмыстарын тоқтатты. Супермаркеттерде басқарушылар сатушыларымен бірге қолдарына кітапшаларын алып, тауарларды мазасыздана аралап жүрді. Бұл жағдай сатып алушыларға теріс әсер етуде. Сауда желілерінің өкілдері тауар бағаларының көтерілетінін ресми түрде жоққа шығарса да, кассирлер сатып алушылардың сұрағына мұңая бас шұлғиды.

- Қазіргі уақытта біз бағаны өзгерткен жоқпыз, ертең не болатыны белгісіз, ахуал әр түрлі жағдайларға, мәселен, жеткізушілерге байланысты, - деп телефон арқылы жауап берді «Идеал Маркет» супермаркеттер желісінің коммерциялық бөлімі менеджерінің көмекшісі Екатерина МОРОЗОВА. Бағалардың шарықтауы қазір қызметтік іссапарда жүрген басшыларды күтіп жатыр.

Айтпақшы, Алматының әкімі Ахметжан ЕСІМОВ барлық қалалық қызметтерге азық-түлік пен алғашқы қажетті тауарлардың бағасына шұғыл бақылау жасауды күшейтуге тапсырма берді.

Біздің ақпарат бойынша, 11 ақпан күні облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ Атыраудағы барлық супермаркеттер желілерінің өкілдерін жинап, «байбаламға салмай», баға саясатын жаңа жағдайда «біркелкі» құруды ұсынды. 

Зүлфия ИСКАЛИЕВА

11 ақпан 2014, 19:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.