1 қаңтардан бастап елімізде бекіре тұқымдас балықтарды, қара уылдырықты аулауға, өңдеуге және сатуға мемлекеттік монополия күшіне енеді. Дегенмен, жұртшылық көкейінде біраз сауалдар қалды, оның ішінде көпшілік үшін «Атырау-балық» АҚ-мын ұлттық меншікке айналдырудың барлық үрдістері жұмбақ күйінде қалып отыр. Олардың кейбіреуін біз жазбаша түрде Атырау облысының әкімінің ауылшаруашылығы жөніндегі орынбасары Серік Айдарбековке жолдадық. Сол сауалдарға алған жауаптарымыз мынадай болды.
- Мәжілістердің бірінде сіз «Атырау-балық» АҚ базасында құрылған жаңа кәсіпорын-«Жайық-Балық» КМК аясында балық аулау кооперативтерін бірыңғай кешенге біріктіру көзделіп отырғандығы туралы мәлімдеген едіңіз. Болашақта шаруашылық дербестіктерін жоғалтып (олар өздерінің қуаттылығын дамытуға бар күштерін салды емес пе?), тек «Жайық-Балыққа» ғана жұмыс істеуге кооперативтер қалай қарайды?
- Бүгінгі күні облыстағы балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындар кәсіпшілік балық аулауға құқықты 2016 жылға дейін алды. Үстіміздегі жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен 41 мың тонна көлемінде балық аулауға лимит бөлінген тұста, жыл сайын облыс бойынша 16-дан 21 мың тоннаға дейін балық ауланып отыр. Демек, біз рұқсат етілген мөлшерден екі есе аз өндіріп отырмыз. «Жайық-Балық» КМК алдында балықты өндіру мен аулауды барынша арттыру және осы жағдайда басқа балық шаруашылығымен айналысушы ұйымдардың қызметіне зиян келтірмеу міндеті тұр.
«Жайық-Балық» КМК және басқа облыстың балықшаруашылығымен айналысатын кәсіпорындары арасындағы өзара қарым-қатынас барлық заңнамалар аясында және экономикалық жағынан өзара тиімді болуы керек. Біз балықшыларға «Жайық-балық» КМК-мен бірлесе жұмыс істеуді ұсынамыз. Бұған қоса біз тек балық өндіруге ғана қабілетті емес, сонымен қатар сол кәсіпорынмен бәсекелестік тудыратын өнім өндіретін шаруашылықтарды барлық жағынан қолдайтын боламыз.
- Ресми ақпараттар бойынша, «Жайық-Балық» КМК акциясының 51 пайызы мемлекеттке тиесілі, ал, акцияның 49 пайызын жеке қолға беру жоспарлануда. Бүгінгі күні осы кәсіпорынға қызығушылық танытқан тұлғалар бар ма?
- Бүгінгі күні «Жайық-Балық» облыс әкімдігінің 100 пайыздық қатысуымен қазыналық мемлекеттік кәсіпорын болып табылады және қолданыстағы заңнамаларға сәйкесті жеке тұлғалар КМК акциясын ұстаушылар бола алмайды.
Қара балық өнімдерін экспорттау және сату, қайта өңдеу, өндіру саласында мемлекеттік-жеке серіктестікті дамытуға келетін болсақ, біз серіктестіктің бұл түріне «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының көмегімен жүзеге асыруға дайынбыз, яғни, соның қолдауымен отандық және шетелдік инвестицияларды тарту жоспарлануда.
- Жайық барған сайын тартылып барады. Іс жүзінде өзеннің болашақтағы тағдыры үлкен мәселеге айналып отырған шақта «Жайық-Балықты» қайта қалпына келтіруге бөлінген мемлекеттің көп миллиардты қаржысы ақталды ма? Жайықты сақтап қалу үшін облыстық әкімдік қандай шаралар алуды көздеп отыр?
-Шынында да көкстемгі су тасқындарындағы ағынды сулардың жетіспеушілігінен Жайық суы екі есеге дейін азайып кетті. Соның нәтижесінде өзен тайыздалып, судың сапасы нашарлап барады. Бүгінгі ұрпақтың көз алдында біз жағалаудағы орман-тоғайларымызды жоғалтқалы отырмыз. Бұл жағдайлардың себебіне климаттық жағдайдан басқа, ғалымдардың пікірінше, су қоймаларының құрылысы мен өзен бастауларындағы құрылыстар да себеп. Жайық қар суымен толығатын өзендердің қатарына жатады. Оның ағысы жоғары сағасынан, Ресей Федерациясы аумағынан басталады. Сондықтан да біз, ағыс бойынша төмен орналасқандықтан толығымен өзеннің жоғарғы сағасында қабылданған шаралар мен климатқа байланысты боламыз. Мәселен, 2006 жылы Сакмар (Сакмар өзені) су қоймасы пайдалануға берілді. Оның суының 50 пайызы Жайыққа құйылады. Қазір Жайықта 4 ірі су қоймасы, негізгі күрделі құрылғыдан тұратын 80 гидроторап бар. Сонымен бірге барлық шағын өзендерге бей-берекетсіз орнатылған үш мыңнан аса жер үсті плотиналары өзеннің бассейніне зиянын тигізуде. Олардың басым көпшілігі Ресей аумағында орналасқан.
Бұндай су ағысын шектеу өзен айналасындағы табиғатқа қауіп төндіріп, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласына кері әсерін тигізіп, өңірдің экологиялық және экономикалық құлдырауына ықпал етеді.
Облыс әкімдігі қол қусырып қарап отырған жоқ. Бұл проблема Қазақстан мен Ресей елбасыларының қатысуымен Өскеменде өткен қыркүйектегі форумда мемлекетаралық деңгейде қаралған болатын. Онда мынадай шаралар ұсынылған болатын:
1)трансшекаралық Жайық өзенін бірлесе пайдалануда мемлекетаралық келісім қабылдау қажет;
Бүгінде 1992 жылы қабылданған екі жақты Келісім бар. Бірақ кейін Қазақстан да, Ресей де Трансшекаралық су ағымдары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі халықаралық Конвенцияға (Хельсинки 1992 жыл) қосылды.
2)Сондай-ақ осы келісім негізінде екі мемлекетке тиесілі Жайық және Қиғаш өзендерін қорғау мен сақтауға қатысты мемлекетаралық бағдарлама қабылдау керек;
3)Жайық өзенінің бассейндік экожүйесін оңалту, су артериясын түбегейлі жақсарту үшін Ресеймен бірлесіп Жайық өзені айдынына Ерекше қорғалатын табиғи аумақтық биосфералық қорық мәртебесін беру мүмкіндігін қарастыру;
4) ғылыми зерттеулерге негізделген контрегулятор құрылысын салу секілді шараларды жоққа шығаруға болмайды;
5) 2011 жылдан бастап-ақ өзен астын тазарту және тереңдету жұмыстарына қаржы көлемін көбейту.
Бұл жоғарыда аталған ұсыныстар қолдау тауып, бүгінгі күні ҚР Қоршаған ортаны қорғау және Ауылшаруашылық министрліктері ресейлік әріптестеріне келісімге жолданған Келісім жобасын жасақтады.
Бұл мәселені облыстық әкімдік тұрақты түрде өз бақылауына алып отыр.
Дайындаған Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА