Атырау, 21 желтоқсан 09:38
 ашықВ Атырау 0
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Кәсіпорын қызметі тоқтатылсын!

3 440 просмотра

Экология департаменті мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа «Ақжайық-7» ЖШС қызметіне тыйым салу жөнінде шағым түсірді.

ТҮНГІ ШОЛҒЫНШЫ

Естеріңізге салсақ, өткен жылдың соңғы күндері Атырау облыстық экология департаментінің басшысы Ербол ҚУАНОВ қаламыздың ауасын зиянды заттармен бүлдіріп отырған кәсіпорындарды атаған еді(«АЖ», №1, 2.01.2014 ж., «Қала түтін құшағында»). Бас экологтың «қара тізіміне» кіргендердің арасында мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдауға арналған цистерналарды жөндеу және шаюмен айналысатын «Ақжайық-7» ЖШС де бар еді.

Шағымда көрсетілгендей, кәсіпорынды тексеру барысында мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын алған лақтырындылардың рұқсат етілген шектік деңгейі жобасында лақтырындылары көрсетілмеген газсыздандыру және кептіру модулі анықталды, яғни, жабдық қоршаған ортаға шығару рұқсатынсыз жұмыс жасаған. Сонымен қатар, осы модульдің желдеткіш қақпағына лақтырындыларды тазалау және залалсыздандыру қондырғысы орнатылмаған екен. Экологиялық кодекстің 199-бабы 2-тармағына сәйкес, осындай қондырғыларсыз кәсіпорынды қолдануға тыйым салынған.

2013 жылғы қазан-қараша айларында «АМӨЗ және басқа да кәсіпорындардың қоршаған ортаға және Атырау қаласы халқының денсаулығына әсерін кешенді зерттеу» аясында «Ақжайық-7» ЖШС-нің санитарлық-қорғаныс аймағы (СҚА) шекарасына және оның сыртына жүргізілген атмосфералық ауаны зерттеу нәтижесінде зиянды заттардың шекті рұқсат етілген шоғырлануынан (ШРШ) асуы анықталды. Мысалы, 2013 жылғы 10 қазанда 2.00-3.00 сағат аралығында СҚА-ның шекарасы бағытынан соққан жел әсерінен атмосфералық ауада ШРШ-тан 70 есе асатын күкіртсутегінің жоғары шоғырлануы тіркелді. Сол уақытта СҚА-дан 500 метр жерде сол бағытта соққан желдің әсерінен ШРШ-тан 25 есе асатын күкіртсутегінің шоғырлануы байқалды. Жел жылдамдығы да төмен болғанын ескерген жөн.

11 қазанда 21.00-22.00 сағат аралығында осы СҚА-да күкіртсутегінің шоғырлануы ШРШ-тан 25 есе асқаны тіркелді. СҚА шекарасынан желге қарсы 400 метр жерде ШРШ-тан 10 есе арту, жел бағытында 10-нан аса есе арту тіркелді.

5 қарашада 5.00-5.40 сағат аралығында СҚА-ның жел бағытында ШРШ-тан 16 есе артатын күкіртсутегінің шоғырлануы тіркелді. Жалпы қолданыстағы білім беру және емдеу-алдын алу ұйымдарынан 500 метр жерде ШРШ-тан 15 есе арту белгіленді.

Осылайша, экологтар темір жол цистерналары қазандықтарын газсыздандыру үдерісі Экологиялық кодекстің 68, 69, 199 баптары және «Өндірістік нысандардың санитарлық-қорғаныс аймақтарын жасау бойынша санитарлық-эпидемиологиялық талаптарын» бұзу арқылы жүзеге асырылып отыр деген қорытынды шығарды.

Осы жылдың 10 қаңтарында экология департаменті облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына «Ақжайық-7» ЖШС-не бұрын берілген мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын кері алу керектігі жөнінде хат жолдады. Бұл 14 қаңтарда жүзеге асырылды. Ал экологиялық кодекстің 198-бабына сәйкес, оң қорытындысы жоқ нысанның жұмыс жасауына тыйым салынған.

- «Ақжайық-7» шаю станциясы жабылып, қала сыртына көшірілуі тиіс. Мен бұған қол жеткіземін, - дейді сенімді түрде Е. Қуанов.

 

«ЖАРТЫ МЫҢАДАМДЫ ҚАЙДА ЖІБЕРЕМІН?»

22 қаңтарда «ТеңізТрансГаз» ЖШС-нің, «Ақжайық-7» ЖШС-нің бір тұлғада басқарушы директоры Виктор ХРАМЦОВ облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВКЕ хат жолдады. Онда «Ақжайық-7» 2012-2013 ж.ж. бюджетке бір миллиардтан аса қаржы аударғаны айтылады. Ұжымда 550 қызметкер жұмыс жасайды, араларында темір жолды ата кәсіп қылған адамдар да бар. В. Храмцовтың пікірінше, кәсіпорынға бақылаушы және өкілетті органдар тарапынан мақсатты акция ұйымдастырылып отыр. Екі жылда кәсіпорын 124 рет тексерілген.

Хатта, сондай-ақ, Е. Қуановтың «Ақжайық-7» зиянды заттарды лақтыруда ШРШ-тан 70 есе асырды деген қорытындысын «ақылға сыйымсыз» деп есептейді. «Біздің депо мұнай-химиялық немесе мұнай өңдеуші кешен болып есептелмейді. Неге АМӨЗ-де ШРШ-тан арту 10 еседен артық емес. Директорлар кеңесі сот шешімін күтпей-ақ, адамдарды қаланың басқа кәсіпорындарына жұмысқа орналастыруға кепілдік берілсе ғана, 24 сағаттың ішінде депоны тоқтатып, жұмысшыларды жұмыстан шығара алады. Осы мәселені шешерде барлық жағдайларға объективті түрде мән беруіңізді сұраймыз».

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

30 қаңтар 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.