Атырау, 24 желтоқсан 18:55
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 523.72
€ 544.09
₽ 5.20

Құлсарылық Абдулла қарт және ақын Мағжан Жұмабаев

15 489 просмотра

Жылыой ауданының тумасы Абдулла ӘБДІРАХМАНОВ - сталиндік репрессия жылдарының көзі тірі куәгері. Жасы 90-нан асқан ақсақал әлі тың, айтары да мол. Алайда ең бастысы  оның  соғыстан кейінгі сталиндік лагерлерде қазақтың біртуар зиялысы Мағжан Жұмабаевпен бірге отырғанын біреу білсе, біреу білмес.  Бәрін ретімен баяндалық.

 

«ХАЛЫҚ ЖАУЫНЫҢ» ОТБАСЫ

Абдулла Әбдірахманов 1921 жылы Атырау облысының Жылой ауданына қарасты Ақкиізтоғай ауылында дүнеге келген екен. Ол кезде бұл жер Амангелді ауыл советі деп аталған. Әкесі Әбдрахман Айғыров осы маңдағы 1800 жылдары салынған белгілі Дүйсеке ата мешітінде білім алған, қазіргі тілмен айтқан дипломды діни маман болған. Бұл жайлы Абдулла ақсақал «әкемнің қолына «бала оқытуға, бала сүндеттеуге болады» деген қағаз берілген еді. Кейін осы қағаз бәле болып жабысып, әкемді медресені бітірген 40 шәкірттің тізімнен тауып, халық жауы болып кете барды» деп еске алады.

- 1938 жылы алдымен әкемді ұстады. «Халық жауы» деп  бір түнде ұсталған 27 адаммен бірге Гурьевтегі НКВД абақтысында 9 ай тергеу-тексеруден өткізген соң маған беймәлім себеппен босатты. Алайда кейін колхоздың ат-есегін бағып күнелтіп жүрген әкемді соғыс басталған тұста 1941 жылы қайта ұстап әкетті. Кейін НКВД түрмесінде Шымкентте өлгенін білдім. Бейбіт заман туған соң Шымкенттегі саяси құрбандар жерленген орынға барып дұға қылып, осы жерде әкем жатыр деп, сол қорымға белгі қойып кеттім,-дейді ол.

 

Атырауда 2001 жылы жарық көрген репрессия жылдарында қаза болған 930 адамның аты аталатын «Азалы кітапта» Абдулла қарттың әкесі жайлы былай деп жазылған: «Әбдрахман Айғыров 1886 жылы Гурьев облысы, Жылқосы ауданы Амангелді ауыл советінде туған. Ұлты қазақ, білімсіз, Амангелді атындағы колхоз бақташысы. 29.11.41ж. Гурьев облыстық сотымен ҚК 58 -бабының 10, 2 және 11 тармақтары бойынша (советке қарсы үгіт-насихат жүргізгені үшін) 10 жылға бас бостандығынан айырылған, НКВД түрмесінде қаза тапты».

 

Әбдрахмановтар отбасына келген 37-нің індеті жалғыз бұл емес екен. Сол кезде Гурьев облысындағы «Жаңа таң» колхозынан бір түнде ұсталған 5 адамның арасында Абдулла қарттың әкесінен өзге оның екі немере інісі де болған. Олардың әрқайсысы бірі Астарахань, екіншісі Архангельск лагерлерінде 10 жыл жазасын өтеп келген. Ал Абдулла қарияның туған ағасы 1939 жылы соғысқа алынып содан 1942 жылы Белорусь майданында қаза болған.

 

ҚОСШАҒЫЛДАН ШЫҚҚАН ЖАПОНИЯНЫҢ ТЫҢШЫСЫ

Соғыс жылдары Абдулла ақсақал Қосшағыл кенішінде оператор болып жұмыс істеген еді. «Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін» деген ұранмен  бел шешпей еңбек  еткен 22 жастағы жас жігіт ештеңеден аянып қалған жоқ. Соғыс аяқталған соң, сұрапылдың бәрі артта қалғандай сезіліп, болашаққа үлкен жоспарлар құрған-ды. Сөйтсе, тартар азабы алда екен. Репрессияның қанды  шеңгелі  әлі тыншымапты. 1948 жылғы маусымның 6-сы күні түнде  НКВД жендеттері оны да алып кетеді.

- Маған «әкесі халық жауы, өзі Жапонияның агенті, Иранның десанты» деген кінә тақты. Ал мен бар болғаны 3 кластық білімім бар, Жапония мен Иран тұрмақ Гурьевтен аттап шықпаған адаммын. Оны кімге дәлел қылып айтасың? –дейді  Абдулла Әбдірахманов. - Әрине тергеушіге  кінәсіздігімді айтып түсіндіруге тырыстым. Бірақ оны  тыңдаған ешкім болды, олардың мақсаты мойындатуға қол жеткізу. Күні бойғы жауаптан әбден әлсіреп, есің танып құлайсың. Үстіңе шелекпен мұздай су құяды, сілкініп қайта түрегелесің. Тырнағыңның астына ине тығып, ұрып-соғады. Не үшін?! Бұл азапқа ешкім де төзбейді, бірнеше күннен соң, берген қағаздарына қол қойдым.

Бір айдан соң Абдулла  Әбдірахмановты Гурьев облыстық соты СССР ҚК 58-бабының 10,14-тармақтарымен түзеу-еңбек лагеріне 10 жылға  айдауға жіберіледі. Осылайша «жапондық тыңшы» жазасын өтеуге Магаданға аттанады.

- Мені Сусуманск маңындағы алтын өндіретін кеніште қара жұмысқа салды. Ол жерде 9 ай қыс, 3 ай жаз болатын еді. Сондықтан қыс бойына жерді қазып топырақты үйе беретін едік те, жаз шығып, жер жібігенде құммен араласа шыққан алтынды сүзгіден өткізетінбіз. Арасында 6 ай Чукоткада да жұмыста болып, кері оралдық,- деп еске алады ол.

Абдулла Әбдірахманов өзі тарқатып айтпағанымен әңгімесінен  ол сол кезде СССРдегі ең ауықымды саналатын Магадан облысындағы Дальстрой - жол және  өндірістік құрылыс тресі жүйесіндегі ЗапЛагта болғаны-ау деп шамаладым.

 

Заплаг

20.09.49, ашылып, 30.12.56. жылы жабылған Әкімшілік орталығы-Сусуман поселкесі.

Өндіріс орындары: "Комсомолец", "Стахановец", "Фролыч", "Отпорный", "Скрытый", "Большевик", "Центральный", "Широкий", "Беличан", Чкалов, "Перспективный", "Ленковый" алтын кеніші, "Курбеллях" және "Барыллыэллах" рудниктері, "Курбеллях" кенішіндегі кен байыту фабрикасы, Курбеллях", "Барыллыэллах кеніштеріндегі рудниктер мен кен байыту фабрикалары, Центральный", "Отпорный", Чкалов, "Контрандья", "Ударник", "Челбанья" алтын өндіру кеніштері, "Сусуман" сохозындағы ауылшараушылық жұмыстары, Сусуманск жөндеу зауыты мен автобазаға қызмет көрсету, Сусман кірпіш зауыты.

 

 МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВТЫҢ ҚОЛДЫ БОЛҒАН БЛОКНОТЫ

Абдулла қарттың айтуынша Сусуманскдегі лагерьде ұзын-ырғасы 5 мыңдай адам жазасын өтеген. Осы жерде  ол жарты жыл бойына белгілі ақын Мағжан ЖҰМАБАЕВПЕН тағдырлас, сырлас болады.

- Әрине мен оның аса белгілі қайраткер екенін білгенім жоқ. Тек иісі қазақ болған соң жауаптасып аз-мұз сөйлесіп жүрдік. Оның істейтін жұмысы бөлек, менікі бөлек болғанмен қабат-қабат нар қылып салып тастаған 30-40 адамдық жатын орнымызға бірге оралатынбыз. Мағжан айдауда көп жылдар жүргендіктен денсаулығы нашар, әлжуаз еді,-деп суреттейді ұлы ақынды Абдулла ақсақал.

Қарияның айтуынша қазақтың дана ұлымен 6 ай бірге жүрсе де кең отырып, арқа-жарқа әңгіменің реті болмаған. Өйткені, айдалғандар арасында НКВД-ның тыңшылары болатын еді. Кімге не айттың, қандай оймен айттың деп, әр сөзіңді салмақтап, өлшеп сөйлеген уақыт еді ол. Әсіресе 58-баптың салмағы тым ауыр, ол саяси бағытта болғандықтан, оны арқалағандарға деген бақылау ерекеше болған.

- Мағжанның шер болып қатып қалған бір арманы бар еді. Сол ішіне сыймағанда қайта-қайта айтатыны: «Шіркін, Сәбиттің, Мұқанов Сәбиттің жүзін бір көрсем» дейтін. Ол оны көріп, жағасынан алсам деп емес, тек бір көрсем деп арман қылатын. Оның айтуынша  белгілі жазушы Сәбит Мұқанов оған ерекше зәбір көрсеткен көрінеді,-дейді Абдулла қарт.

Ұлы ақынның атыраулық қартқа айтты дегеніне мән берсек  алғашқы жазасын өтеп келген Мағжан Жұмабаевтың қолтығынынан демеп, қайта жұмысқа орналасуына осы Сәбит Мұқанов себепкер болған.Бірақ... ол тек тұзақ болғанға ұқсайды.

- Алдымен сен жаман ойыңнан арылып, түзеліп келіпсің деп жұмысқа алады. Бірақ бір күні «мына шіріген жұмыртқа, тағы шіріп жатыр» деп НКВД-ға ұстатып жібереді. Мұны да маған есіл азамат өзі айтқан, - дейді ақсақал. Бұдан бөлек Мағжан Мұқановтан өзге қазақ зиялыларына қырғидай тигендердің қатарына Қазақстанның бұрынғы жетекшісі, 30-шы жылдардағы ОГПУ-НКВД органдары қызметкері Жұмабай Шаяхметов мен ақын Асқар Тоқмағамбетов деген кісілердің есімдерін атаған. Әрине, бұл екі тұлға жайлы Қазақстандағы қоғамдық пікір әзірге жағымды.

Қария өзіне Мағжан Жұмабаевтың бір кішкене блокнотын аманат қылып бергені айтады.

- Маған осы блокнотты Алматыданмын деген қазақ көрсең қолына ұстатарсың деген еді, бірақ мен оны ұрлатып алдым. Оның ішінде жартысы жадитше, жартысы қазіргі ғаріптермен жазылған еді. Сауатым болмаған соң дұрыс оқи алмадым,-дейді ол.

Абдулла қарттың айтуынша, Мағжан Жұмабаев 1948 жылы жазасын өтеп (10 жылын) босап шығуы керек екен. Қария оның Сусуманға дейін Сібірде басқа лагерьде болып келгенін де өзінен естідім дейді. Бірақ сол лагерьде жүрген кездері өзара төбелескен екі тұтқынның біріне болысып, арыз жазып беремін деп айыпты болып, үстіне тағы жыл жамалған.

- Мен оның денесінің 3-4 адаммен бірге күреліп тасталғанын көрдім. Бұл 1951 жылдың қаңтар айы еді. Қазақтың зиялы ұлы осылайша көмусіз Сусуманскдегі Берелех поселкесінде қалды. Ақынның  аштық пен цингадан зардап шеккен денесі тұлып болып ісіп кеткен. Өмірінің соңғы сағаттарында аяқ баса алмай еңбектеп қалды. Ал ол туралы мен кейіннен 1938 жылғы наурызда атып өлтірілген дегенді естідім. Бұл қате дерек,-деп әңгімесіне нүкте  қойды Абдулла қарт.

Қария сарғайып кеткен ескі құжаттарын, босатылғаны жөніндегі анықтамасын көрсетіп, әңгімесін айтып отыр.  Мен естіген мәліметіме қайран қалғандықтан өз-өзіме келе алар емеспін.  Осы уақытқа дейін Мағжан Жұмабаевтың өмірінің ақыры жайлы тарихи деректер басқа ақпаратты көлденең тартады. Ол 1929 жылы ұсталып, 1930 жылы 4 сәуірде ОГПУ Коллегиясының шешімімен ату жазасына кесілген. Артынан ол үкім 1931 жылы 13 қаңтарда бұзылып, он жылға концлагерьге жіберіледі. Бірақ кейін М.Горький мен оның жұбайы Е.Пешкованың  көмегімен( М.Жұмабаевтың өтініші хаты бойынша) үкім жеті жылға шегеріліп, 1936 жылы босап шығады. 1937 жылы қайта тұтқындалып, 1938 жылдың  19 науырызында атылады...

Абдулла қарттың бұл әңгімесін ерте  естмегеніме өкіндім. Оған шүбә келтіруге де құқым жоқ. Абдулла ақсақал 1953 жылы Сталиннің көзі жұмылған соң айдаудан босатылады. Бірақ түу сонау Магаданнан еліне тек 1954 жылы жетеді. Содан бері 80 –ші жылдардың басына дейін Ембі кегіштерінде еңбек етті. Бүгінде Абдулла қарттың 14 баласы, он шақты немере- шөбересі бар.

Сания ТОЙКЕН

Суреттерді түсірген автор

26 мамыр 2011, 15:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.