Атырау, 21 желтоқсан 10:15
 ашықВ Атырау 0
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Абзал Жүсіпов:«Итальяндықты есеңгіреткеннен кейін әлем чемпионы болатынымды түсіндім»

2 776 просмотра

Бұрын хабарлағанымыздай, өткен жылдың желтоқсанында Х. Досмұхамедов атындағы АМУ-дің студенті Абзал Жүсіпов (суретте) Түркияда әлем чемпионы атанды. Біз чемпионға бірнеше сұрақ қойдық.

АЛҒАШҚЫ ЖҮЛДЕ

«ЖС» анықтамасы: Абзал Жеткіншекұлы Жүсіпов, 23 жаста, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сүндеткерей Қасанғалиевтың шәкірті, әуесқой кикбоксингтегі барлық титулдың иесі.

- Кикбоксингке қалай келдің?

- Мен кикбоксинг үйірмесіне алғаш рет 1999 жылы келдім. Ол кезде секци я Привокзальныйдағы «Арбатта» орналасқан балабақшаның ішінде еді. Мені сол жерге бокспен шұғылданатын ағам Ерболат алып келді. Менің алғашқы жаттықтырушым - Сүндеткерей Қасанғалиев.

Алғашқыда жаттығуға айына бір-екі рет барып, атүсті қарап жүрдім. Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауылында өткен турнирде ең алғашқы алтын жүлде алған 2003 жылға дейін осылай болды. Бірінші медалімді алақанымда ұстап тұрып, барлық титулдарды жеңемін деп өзіме уәде бергенім әлі есімде. Солай болды да...

Тағы төрт жыл жаттығудан кейін Шымкентте өткен жастар арасындағы ел чемпионатында жеңімпаз атанып, Неапольдағы әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткіздім. Сол жылы 17 жасымда ересектер арасындағы ел чемпионатына алғаш қатыстым. 57 келі салмақта сынға түсіп, ақтық айқаста семейлік файтер Эльдар Бауыржанұлынан ұтылып қалдым. Содан кейінгі екі жылда да күміс жүлдегер болдым: 2008 жылы Эльдарға, 2009 жылы астаналық Шыңғыс Тілемесовке есе жібердім.

2009 жылы 60 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін уақыт келді деп шештім. Осыдан кейін алған барлық титулым осы салмақта.

2009 жылдың аяғында мен Анапада өткен әлем кубогында «алтын», Венгриядағы әлем кубогында «күміс» жүлде алдым. Осыдан кейін 2010, 2011, 2012 жылдарда Қазақстан чемпионатын және Анападағы әлем кубогын (2010, 2011) жеңіп алдым. 2012 жылы Үндістанның Пуна қаласында Азия чемпионатында топ жарсам, өткен жылдың желтоқсанында әлем чемпионы атандым. Менің жүлделерімнің барлығы оңай келді деп ойламаңыздар - 2011 жылы Ирландияда өткен әлем чемпионатында жүлделі үштікке іліне алмай қалдым.

 

ӘУЕЖАЙДА КҮТІП АЛДЫ ЖӘНЕ ӘКІМ СЫЙАҚЫ БЕРДІ

- Анталияда қалай жеңіске жеттің?

- Мен әлем чемпионатындағы алғашқы айқасымды Италия құрамасының өкілімен өткіздім. Мен чемпионатқа жақсы дайындалдым және осы кездесу алдында қатты толқыдым. Алайда үшінші раундта қарсыласыма қолыммен сол жақ хук соққысын беріп, есеңгіреттім. Сол бойда осы чемпионатты ұтатынымды түсіндім.

Екінші айқаста Франция құрамасының өкілін, үшіншіде түрік спортшысын ұпай санымен ұттым. Төртінші айқаста әлемнің бес дүркін чемпионы әзірбайжандық 38 жастағы Эдуард Мамедовты жеңдім. Ал финалда әлем чемпионы Ресейдің Шахта қаласынан келген Александр Зайцевтан 2:1 есебімен айламды асырдым.

- Атырауда сені қалай қарсы алды?

- 2-БЖСМ-дегі достарым мен өзім жұмыс жасайтын «ҚазТрансГазАймақ» АҚ филиалының ұжымына көп рахмет. Олар мені әуежайдан күтіп алды. «ҚТГА» АҚ басшылығы оқу-жаттығу жиындары мен жарысқа бару сапарларымды төледі. Содан кейін мені қала әкімі Серік Айдарбеков қабылдап, 500 мың теңге ақшалай сыйлық берді.

 

АБЗАЛДЫҢ ӘСКЕРИ ТАКТИКАСЫ

- Көзілдірік киеді екенсің, көзіңде ақау бар ма? Рингке көзілдірікпен шығармайды емес пе?

- Біздің отбасымызда барлығы көзілдірік киеді. «Минус 1» нөмірлі көзәйнек тағамын. Кимей де жүре аламын. Алматыда медициналық комиссиядан өткенде алыстан көрмеу одан әрі кемімес үшін көзілдірік киюге кеңес берді.

-Айқас техникасында саған қолмен соққы берген ыңғайлы ма, әлде аяқпен бе?

- Мен боксқа жақынмын. Кикбоксингтің ережесі бойынша әр раунд сайын аяқпен, жоқ дегенде, алты рет соққы беру керек - рингтің қапталында отыратын екі төреші мұны мұқият қарап отырады. Сондықтан да өз бұрышымнан шыққанда, аяқпен алты соққыны қатар беремін де содан кейін қолымды іске қосамын.

-2010 жылы Қазақстан бокс федерациясының кубогы аясында өткізілген матчтық кездесуде кәсіпқойлар арасында әлем чемпионы Марат Мәзімбаев сені кәсіпқой болуға үздік үміткер деп атаған еді. Сен бұған қалай қарайсың?

- Әлем чемпионатындағы жеңісімнен кейін промоутерлер телефон соғып, оңтүстік астанадағы кәсіпқой бокс клубтарының бірінде өнер көрсетуге шақырды. Мен келістім. Жақсы рейтингілік ұпайлар жинайтыныма сенімдімін. Сонымен қатар, кикбоксинг олимпиадалық спорт түрі емес, ал мен Олимпиадаға барғым келеді. 2009 жылы мен Махачкалада өткен мықты боксшылар турниріне қатыстым. Бразилия құрамасының 1-нөмірлі спортшысын ұттым, алайда алаң иесі, 2007 жылғы әлем чемпионы Альберт Селимовтан ұтылып қалдым.

ПРИНЦИПКЕ БАРДЫМ

Х. Досмұхамедов атындағы АМУ-дің физика-математика факультетіндегі оқуыңды жалғастырып жатырсың ба?

- 2013 жылға дейін ректор грантын алдым, алайда соңғы курста ақша төлеуім керектігін айтты, мен ақша таба алмадым. Бұл жерде әңгіме тек ақшада ғана емес еді. Мен принципке бардым - университеттің атынан өнер көрсеттім, ал енді ақша төлеуім керек пе? 2011 жылы Алматыда өткен республикалық универсиадада бокстан алтын алған кім? Оқуымды жалғасыру мәселесі шешілетін болады деп айтқан. Оң нәтижесін береді деп ойлаймын.

- 2-БЖСМ-дегі достарыңның қандай жетістіктерін айта аласың?

- 2013 жылы Жанәлі Сәлімгереев (1997-98 ж.т. кадеттер арасында ел чемпионы), Мереке Бақытов (1995-96 ж.т. жастар арасында ел чемпионы), Сәлімжан Сәлімгереев (2000-2001 ж.т. ер балалар арасында ел чемпионы), Әсет Мейірлан (ересектер арасында ел чемпионы) кикбоксингтен жақсы нәтижелерге қол жеткізді.

-Жаттықтырушылық жұмыспен айналысасың ба?

- Кешкі уақытта Авангард 2-ықшамауданында орналасқан бұрынғы «Трансагенство» ғимаратындағы спорт залда балаларды жаттықтырамын. Менің тобымда 20 бала бар. Болашағынан үміт күттіретін балалар бар, бірақ ешқайсысын атап айтпаймын, масаттанып кетпесін.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

23 қаңтар 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.