- Мен Азғырды экологиялық апатты аймақ деп жариялап және оның тұрғындарын көшіру мәселесін құптамас едім,-деп мәлімдеді журналистермен болған кездесуде ҚР парламентінің сенаторы Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ. Ол өзінің әріптесі Ғарифолла Есіммен бірге Атырау облысына іс-сапармен келген болатын.
Азғыр бойынша өз ұстанымын түсіндірген С.Еңсегенов: «Мемлекеттік шекараны қорғансыз қалдыруға болмайды. Азғыр ауылының тұрғындарын көшіру жөн емес. Ауыл адамдарына өмір сүрудің жағдайын: жол салу, ауыз су мен газ жүргізу, адамдардың денсаулығын жақсарту жұмыстарын жүзеге асыру керек. Емдетуге қосымша қаржы бөліп, әсіресе барлық топтағы мүгедек жандарды, сондай-ақ, бала кезінен мүгедектерге қолдау көрсету қажет». Журналистер сенаторлардан ресейлік зымырандардың Қазақстан жеріне үнемі құлап тұратындығына қатысты түсінік бере кетулерін өтінді. Дипломаттар және әскерилер осы мәселеге қатысты қатаң шараларды неліктен қолға алмайды? «Біз Ресеймен ежелден бері болашақ серіктестер болып келеміз, бізде алауыздықтар болған емес және болмайды да. Бізге әскерилердің түсіндіргеніндей, біздің жердегі және ресейліктерге жалға берілген кешен бірден-бір ерекше. Әрбір орын алған жағдайлардан кейін екі жақтың да комиссиясы жағдайдың себептерін анықтай отырып, өте мұқият жұмыс жасайды. Бұл туралы ақпараттардың БАҚ-да жоқтығы өкінішті. Біз осы мақсатта жұмыс істейтін боламыз,-деді С.Еңсегенов.
Өз әріптестері Ирак Елекеевтің («егер депутаттар сыбайлас жемқорлықпен күресуге көмектесуге қабілетсіз болса, онда парламент өзін тарату туралы жариялауы тиіс») ұсынысына түсінік беруден сенаторлар депутаттық этиканы сылтау етіп, бас тартты.
18 мамыр, жұмадан бастап сенаторлар Индер, Құрманғазы, Махамбет аудандарында болып, тұрғындармен және түрлі оқу мекемелерінің мұғалімдерімен кездесті. Осыған байланысты Ғарифолла ЕСІМ республикадағы жоғары білім алуға қатысты өз пікірін білдірді: «Біз жоғары оқу орындарына зор мән беріп отырмыз, әлемдік стандарт бойынша 1 млн. халыққа бір жоғары оқу орнынан келеді, ал, бізде 16 миллионнан аса халыққа 40 оқу орынынан келіп тұр. Соның нәтижесінде жоғары білімді жұмыссыздар саны көп. Орта-техникалық білімге баса көңіл аудару керек».
Ол сондай-ақ, біздің облысымыздағы бүлінген мұсылман зираттарын қайта қалпына келтіру жөніндегі сұрақтарға жауап берді. Бізде мұсылмандарға бейіттерді қайта жаңғыртып, оларды күтуге болмайды деп айтады. «Бұл соқыр сенімдер. Құранның бірде-бір жерінде ондай тыйымдар жазылмаған. Демек, зираттарды күту керек. Мен біздің еліміздің дін басыларымен кеңестім, олар да осы пікірді құптап отыр»,-деп мәлімдеді философия ғылымдарының кандидаты және дін тану жөніндегі оқулықтардың авторы Ғ.Есім.
Зульфия ИСКАЛИЕВА